1965 жылы Мәскеудегі жер жұмыстары инженерлері институтын бітіріп, әскери борышымды өтеген соң Алматыдағы «Қазгипрозем» жобалау институтына инженер болып жұмысқа орналастым. Бошай Кітапбаев ағамыз мені бұрыннан білуші еді. Алматыда жүргенімде бір-екі рет шахмат ойнағанымыз да бар. Сол кісінің шақыруымен 1968 жылы Новоберезовкаға көшіп келдім. Агроном лауазымына тағайындалдым, баспана берді, алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай жасады.
Одан кейінгі еңбек жолым Үлкен Нарын ауданы, Ленин атындағы ұжымшарда өтті. Новоберезовка ауылдық кеңесінің төрағасы, инженер-гидротехник, бас агроном, кәсіподақ төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқардым.
Ленин атындағы колхоз немесе «Бошай колхозы» облыстағы қуатты колхоздың бірі еді. Бұған, әрине, оның басшысы Бошай ағаның сіңірген еңбегі зор. Бошай ағаның өмірге деген сүйіспеншілігіне, оптимизміне, ерік-жігеріне, іскерлігі мен жаңашылдығына сүйсініп қана қарауға болады.
Бошай ағамыздың еске алар бір ерлігі – ол кісі ешкімге қарамастан КОКП орталық комитетіне, обкомның хатшыларына, заводтың директорларына тікелей хат жазатын. Хаттың аяғына: «От имени многотысячного колхоза, расположенного далеко в горах Восточного Казахстана, на границе с Китаем, председатель колхоза, Герой Социалистического труда Б.Китапбаев» деп жазып, жаңа техникаларды ауданға, облысқа, республикаға соқпай алып отырды.
Мен Бошай аға ойластырған және оған белсене қатысуым керек болған бір үлкен шаруашылық жоба туралы айтқым келеді.
Талдықорған облысынан 1979 жылы оралған соң Б.Кітапбаев суармалы егіншілікпен түбегейлі айналыса бастады. Ол Жетісудағы суармалы егіншілікті ұйымдастырудың мол тәжірибесін Ленин колхозында іске асыруға кірісті.
Қысқа уақытта ауқымды суару жұмыстары жүргізіліп, үш жаңа арна тартылды, 1981 жылдың өзінде 3,5 мың гектар жер суарылды. Мелиоративтік отряд құрылды. Оны тәжірибелі механик-гидротехник Рудольф Роот басқарды. Ол кісі бір кездері гараж меңгерушісі болып істеген, төрағаның адал серігі, техника жағына дарынды еді.
Колхоз «рискованное земледелие» аймағында орналасқан және оның әл-ауқаты ауа райына көп тәуелді болды. 1982 жылы құрғақшылық болды. Өзендердегі су айтарлықтай азайып кетті. Соған қарамастан ұжымшардың жағдайы салыстырмалы түрде жаман емес еді.
Нарын және үш Теректі өзені суаруды маневрлеуге мүмкіндік беретін. Салынған каналдар арқылы Жоғарғы Теректінің суын Орта Теректіге, ал Орта Теректінің суын Төменгі Теректінің арнасына бұруға болатын. Бұдан басқа, Нарын өзені оның сол және оң жағалауындағы жерлерді суарды.
Сонымен бірге Нарынның суын пайдалану кезінде өзендегі балықтарды сақтау үшін экологиялық шектеулер қойылды. Ал Новоберезовкадан төмен өзен бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары бақшаларына судың жетпейдігіне шағымдана бастады.
Суаруға алты «Фрегат» жаңбырлатқыш машинасы пайдаланылды. Олардың энергия шығынынсыз жұмыс істеуі үшін Теректі өзендерінің суын табиғи беткейлерді пайдаланып қайта құрастыру Р.Рооттың жасағына оңай болмады. Бірінші «Фрегаттың» жұмысы реттеліп, қысымы 2,5 атмосфераға жетті, ол өзі суаратын алқапты үш күнде айналып шықты.
Ал, іске қосуға дайындық кезінде соңғы «Фрегаттың» қысымы 19 атмосфераға бірақ жетті. Бұл 20 мегаватт электр станциясының қуатына тең болды. Реттеу арқылы қысым 8 атмосфераға дейін төмендетілді. Осындай жұмыстың арқасында жаңбырлатқыш машинаның жылдамдығы толық шеңберді 15 сағатта айналып өтуге мүмкіндік берді.
Осылай су ресурстарын үнемді пайдалануға қарамастан, әсіресе жаздың екінші жартысынан бастап, таудағы қар еріп бітіп, өзендегі су деңгейі айтарлықтай төмендеген кезде су жетіспеушілігі байқалатын.
Су тапшылығы тағы бір канал салуға мәжбүр етті. Соны жүзеге асыру үшін Нарын жотасындағы теңіз деңгейінен шамамен 2 мың метр биіктікте ағып жатқан Маралды суының бір бөлігін канал салып Үштөбені бойлай ағып жатқан Төменгі Теректі өзенімен байланыстыру керек болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Майемер жақтағы таудан келетін Ақтүйенің шамалы суын канал арқылы Орта Теректіге түсіру әрекеті болған еді. Бірақ ол іс сәтсіз аяқталып, су арнадан жүрмей қалды.
Бұл өзеннің биік тауда орналасуына байланысты құрылысты қиын, жолсыз жағдайларда, көптеген техника мен адамдарды тарта отырып жүргізуге тура келген.
Бошай ағаның маған қойған бірінші сұрағы: «Таудағы Маралды суын Үштөбе өзеніне жіберуге бола ма?».
– Бұл жерлерде мен ешқашан болған емеспін, сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын, – деп жауап бердім. Мен Катонқарағай әуежайының тікұшақ ұшқыштары арқылы бізді қызықтыратын аймақтың картасымен танысуды ұсындым. Бұл құпия картада рельефтің барлық биіктіктері белгіленуі керек.
Келесі күні Катонға бардық. Бошай аға әуежай басшысымен келіскенімен, ұшқыштар мен инженерлер материалдардың құпиялығын, шекаралық аймақта екенін алға тартып, картаны беруге құлшыныс танытпады.
Біз оларға ақпараттың не үшін қажет екенін, колхоздың егістік алқаптарын суару үшін канал салу мүмкіндігінің зерттеліп жатқанын, ол үшін Үштөбе өзенінің биіктіктері мен Маралдының биіктіктерін білуіміз керек екенін түсіндіруге тура келді. Олар мені түсінді, су шығаратын арнаны картада қарындашпен жүргізіп болысты. Су шығаруға болатындығын көрдік.
Сонымен келесі күні таңғы сағат 6-да Бошай ағамен Алтайға бет алдық. Алтайдың үстімен келе жатырмыз. «Мынау – Майемердің «дойкасы», осы маңайдан алу керек шығар» дейді. Мен калькаға қарап, әлі жоғары деймін. Содан «Имек Қардан» өтіп кеттік, ол ақырғы өткел қалды деп алаңдады. Соңғы өткелге жетпей күн шығыс жағынан 70 метрдей жерде деп көрсеттім. Барсақ, осыдан 300 жыл бұрын алтын жууға су шығарған Қытайдың дайын водозаборы жатыр.
Мен ойланып қалдым, каналды мына жерден бастасақ, 2 жылсыз бітпейді. Не істеу керек? Маған қиын болса да колхоз қойшысы Ошанов Тоқан отырған Теректінің суының басынан «0» отметка алып өрге қарай, кері бағытқа, нивелир рейкамен әр 100 метр сайын 3 градус еңіспен жүре беру керек болды, суға тірелгенше.
Оқып жүргенімде «Передачи данных отметокты» орындау кезінде күніне нивелирмен 5 километр жүретін едім. Сол әдіспен екі күнде суға тірелдім. Қытайдың водозаборы көп бері, сонау қойнау, тау-жыра жоғары қалды. Каналдың басын сол жерден бастау керек деп шештім.
Бошай ағамыз үлкендігі үймен пара-пар канавокопатель әкелген. Тереңдігі – 1,5 метр, көлденеңі 3 метрден артық. Бірден жүргізуге қорықтым, қағып қойған қазықтар бойымен түзу жүру де оңай емес. Өйткені канавокопательді сүйреу үшін екі Т-130 тракторы, оның алдына К-700 пен ДТ-75. К-700 басып тартып отырады, ол сонда батып қалмайды.
Сенімді болу үшін алдымен полотно жол салып, оны нивелирмен тексеріп отырдым. Маған кателесуге мүлде болмайды, өйткені бұл – маңызды жұмыс. Барлық колхозшылар, аудан бізге көз тігіп отыр. Бошай ағамыз болса қолды-аяққа тұрмай түнімен Алматыға звондап, еңіс неше градус болу керек екенін біліп, менен талап етіп отырды.
Сол кісінің айтқанын істеп жүріп отырдық. Алдымызда бір күнгей қырат болатын, ұзындығы бір километрден артық, сол жерден су жүрмей қалды, байқап қарасақ, сонау шаттағы бірнеше жерден су жіңішке фонтан болып атылып тұр. Негізгі тау жыныстары таза қиыршық тас екен. Не істеу керек?
Жерге кольматация жасап, судың жерге сіңіп кетуін тоқтату қажет болды. Майемерден Капашев Қабидолданы МТЗ-50 грейфер тракторымен алдырдық. Ол каналдың жағасынан сары балшық тасып, суды лайлап ағыза берді.
Канал көреміз деп, бір-бір атқа мініп келген шопандар, олардың көмекшілерінің барлығын Бошай ағамыз ұстап алып, атпен каналдың ішінен жоғары-төмен неше қайта жүргізіп қойды. Аттың аяғымен тапталған балшықтың арқасында төменгі фонтан тоқтап, су аға бастады.
Жұмыс қызу жүріп жатты. Канал көреміз деп келетін қойшылар бұдан кейін бізден қашып қарасын көрсетпейтін болды.
Канал салғанда алдымыздан кейде терең сай кездеседі. Мұндайда каналды иректетіп өту керек, ең қиыны осындайда туады, судың жүру қарқыны төмендейді. Мұндайда мен қулыққа салып, еңісті 4-5 градусқа дейін беремін.
Төрт тракторды «гусем» шегіп, үлкен үйдей канавокопатель дайын полотноның үстімен үлкен арық салып келе жатыр. Мен артында жаяу каналдың ішімен жүріп отырамын, кейде тас кездесіп плугты лақтырып үстімен кетеді, ондай жағдайды қол бұлғап флажокпен тоқтатып шегініп қайта жүреміз, тасты экскаватормен қазып жіберіп реттейміз.
Сонымен 8 км канал салып, Маралдының суын алып келдім. Роот Рудольф өз бригадасымен бізбен қатар төменгі жақтағы 6 км каналды салды. Колхоз төрағасы суды жылдам шығару керек деп басынан солай шешті.
Алайда, біз ойлағандай болмады. Роот салған каналға мен әкелген суды қостық, бірақ су жүрмей қалды. Не істеу керек? Арнаның едәуір бөлігін қайтадан қазу керек.
Мен салған каналды «коренные породы» балшық болған жерден экономия болып («қазақ сақтықта қорлық жоқ деген») 16 метр биіктік белгісі запас болған. Менің каналым тіпті Орта Теректімен Бекетке түскелі тұр. Сонымен біздің каналды жалғастырсақ, су Төменгі Теректі – Үштөбеге келіп тұр.
Каналды қайта салуға колхоз ақша төлемейді. «За счет виновного істелсін, средств на строительство канала нет» деді колхоздың бас экономисті Әбен Қырықпаев. Сонымен біз жұмыс істемей 2-3 күн тұрып қалдық. Дем алып, бос жатқан трактористер үйге қайтамыз деп шулады.
Арада үш күн өткенде Бошай аға келіп, неге жұмыс істемей жатырсыңдар деп ашуланды. Біз мән-жайды түсіндірдік, ол тынышталып, мені бөлек шақырып: «Ертең бас экономисті жіберем. Сенің қасында жүріп, канал салу жұмысының қандай екенін көрсін» деді.
Ол ойға түсіп, кеңсеге келгенде Әбен Қырықпаев пен оның орынбасарлары Лұқбек Сейітов пен Әбутәліп Зиядинға: «Қарқынды халықтық құрылыс жүріп жатыр. Ал сендер ол жерде жаз бойы бір рет болған жоқсыңдар, колхоздың ақшасы не үшін жұмсалатынын білмей кеңседе отырсыңдар. Біз бұл жұмысты жарты жолда қалдыра алмаймыз» деп айтады.
Сонымен ертеңінде бас экономист Ә. Қырықпаев келді. Күні бойы бізбен жүріп, жасаған жұмысымызды көріп, көзі жетті. Кешке шаршап қосқа келдік. Біраз дем алып отырғаннан кейін Әбекең жобаның керектігін, маңызды екенін, қаржыландыру мәселесі шешілетінін айтты.
Ертеңгі күні жұмыс қарқынды екпінмен жалғасып кетті. Мен бақылап отырдым, Роот кінәлі ретінде басқарып істетті. Су Ошанов Тоқан отырған соңғы белестен асып, Теректінің арнасына түсті. Тартылып кеуіп қалған Теректінің суы жанданып, әр жерден жер астынан су шығып Үштөбеге кетті.
Орасан зор шаруа атқарылды. Бір ай бойы колхозшылар күшейтілген режимде ирригациялық-дренаждық жұмыстар істеді. Механизаторлар бульдозермен мыңдаған текше метр топырақты көшірді, талай жүздеген тонна тас топырақты экскаватормен шығарды. Осылайша ауқымды су бұру жұмыстары нәтижелі аяқталды, ұзындығы 14 километр канал салынды.
Колхоздың өсімдік шаруашылығы саласында суару техникаларын тиімді пайдалана білетін білікті суарушылар мен шеберлер катарын біріктірген толыққанды мелиорация бағыты қалыптасты.
Көпжылдық шөптер мен сүрлемге арналған жүгері сияқты мал азықтық дақылдар тек суармалы жерлерде ғана өсірілді. Қатты құрғақшылық кезінде олар баға жетпес байлық еді.
Колхозшылар ішінен суару ісін мықты меңгерген сушылар өсіп шықты. Олар көпжылдық шөптердің әр гектарынан алынатын өнімді 40 центнерден 85 центнерге, көк жүгерінің өнімділігін 220 центнерден 440 центнерге дейін арттырды. Жыл сайын суармалы жерлерден суарушы А.Нұралдинов, К.Нұрғалиев, К.Ахметов, Н.Нұралдинов, Қ.Самиев, Р.Дүйсембаев, М.Нұрмұхамбетов, К.Ботажанов, Ш.Ауғамбаева, С.Мамышева және тағы басқалар жоғары өнім алды.
Облыстың шаруашылықтары суармалы егіншілік тәжірибесін игеруге келіп тұратын. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Протозанов үлкен жиында үлгі етіп «Кітапбаевтың колхозына барып, суаруды үйрендер!» деп айтқаны елдің құлағында болатын.
Өкінішке қарай, қазіргі күндері тау өзендері түгіл Нарынның өзі суаруға пайдаланылмайды. Суармалы шаруашылықты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау, мелиорацияға қатысты нақты жоспарлар мен инвестиция қажет екені анық.
Жиынбол Старшинаев,
ардагер инженер,
Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы