Қоғам

Маралды өндірісті өңірге айналады

Маралды өндірісті өңірге айналады


Маралды ауылдық округі Күршім өңірінің ең шеткері аймағы болып табылады. Қазіргі уақытта мұндағы 345 шаңырақта 1185 адам түтін түтетіп, тірлік кешіп жатыр. Кезіндегі үдере көшудің бұл өңірге елеулі зардап әкелгенін жасырудың жөні жоқ, жаңадан құрылған немесе қызмет бабымен басқа жақтан көшіп келген отбасылар кіретін үй таба алмай, сарсаңға түсіп жататын іргелі ауылдың шуы бәсеңдеп, шаңы сұйылып қалғалы қашан.

Бірақ солай екен деп осындағы табан аудармай отырған тиянақты жұрт екі қолды қусырып, үмітсіздікке бой ұрып отырған жоқ. Барлық аймақтардағыдай бел алған жұмыссыздыққа, жердің шалғайлығы мен жолдың қиындығына мойымай, әркім қолдан келген тірлігін жасап, тұйықтан шығар амалды өз бетінше тауып жатыр. Тұрғындардың осы талаптарына бастамашы болып, жұртты дұрыс бағытқа жетелеуге округтің жаңа басшысы да барын сала тырысуда.

Жаңа басшы демекші, Маралды ауылдық округінің әкімі Ф.Өжікеновтің бұл қызметке тағайындалғанына да жарты жылдың жүзі болып қалған екен. Осы уақыт аралығында Фархат Советханұлының ауыл халқымен жақсы тіл табысып, әжептәуір бедел жинап алғаны айқын байқалып тұр. Ауыз толтырып айтарлықтай еңбегі бар жанның қолда барды қорғанбай көрсете алатыны белгілі, ауыл әкімі бізбен әңгімесінде дәл осындай еркін де емен-жарқын қалып танытты.

– Бүгінгі таңда мұндағы жұрттың негізгі сүйеніші – қолдағы малы мен есік алдындағы бақшалығы ғой, – дейді Фархат Советханұлы. – Ал мал басы жақсы қарқынмен өсіп келе жатыр. Қазіргі кезде округ бойынша 3790 ірі қара, оның ішінде 2110 сиыр, 2157 жылқы, 13 985 ұсақ мал бар. Сонымен бірге «АБС-Сарытау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты 220 маралымыз бар.

Ауылды абаттандыру мәселесіне де жіті көңіл қойып, тазалық жұмыстарын барынша жауапкершілікпен жүзеге асырып жатырмыз. Көгалдандыру мәселесі де назардан тыс қалмақ емес, бүгінге дейін округ бойынша 1000 түп шырша егілді. Ал осы шырша көшеттері өзара келісім бойынша Марқакөл, Риддер, Катонқарағай орман шаруашылықтарынан әкелінген болатын. Округ әкімдігі маңына, мектептер төңірегіне, табиғи саябақтарға әдейілеп самырсын, балқарағай көшеттері отырғызылды.

Ал біздің өңірдегі ең басты қатер су тасқыны дейтін болсақ, оның да оң шешімі табылып отыр. Біз биылғы көктемде бұрынғыдай ауыл тұрғындарын әбігерге салған жоқпыз, оның орнына әріптес мердігерімізді толықтай пайдаландық. Ал осы бағыттағы негізгі жұмыстарды «Ербол» атты жеке кәсіпкерліктің иесі Бексолтанов Қуаныш атқарып, көп көмек жасады.

Бұрынғы совхоздан қалған екі үлкен қойма бар еді, солар қайтарылып алынып, халыққа жұмыс істеуге әзірленуде. Олардың бірі кәсіпкер Е.Әбішековтің қарамағына беріліп, мал сою алаңы ашылатын болады. Ал екіншісі тұрғындар үшін қажетті асхана, қатымханаға айналдырылмақ.

Көшелерді жарықтандырудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Осыған орай Қыстаукүршім ауылында 15, Үшбұлақта 22 көше шамдары орнатылды. Жыл аяғына дейін 820 мың теңгенің жұмысы атқарылып, тиісті жерлердің барлығына осындай шамдар орнатылатын болады.

Маралды өндірісті өңірге айналады

Маралдылықтар міндетті қоғамдық шаралардан шет қалып көрген емес, мәселен, өткен жаздағы ЭКСПО билеттерін сатып алу шарасын біз 200 пайызға орындадық. Газеттерге жазылуда 120 пайыз көрсеткішпен алға шығып отырмыз. Аудандық спартакиададағы көрмеде біздің киіз үйіміз жүлделі II орынға ие болды. Ал «Ауыл күні» мерекесінің шеткері аймақта томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан тұрғындарды бір серпілтіп, шынымен сергітіп кеткені шындық. Осы өңірден шыққан арқалы азаматтар баршылық, солар әлгіндей жауапты кезеңдерден тыс қалмай, туған ауылдарына қолдан келгенінше қолғабыс жасап, жәрдемдерін тигізіп жатады. Сол үшін оларға айтар алғысымыз зор.

Округ әкімі осы өңірден алтын өндіруге кірісіп жатқан «КЕНТ-Восток» фирмасының құрылтайшысы «Маралиха-GOLD» ЖШС-нің қоршаған ортаға залал келтірмеу жөнінде жасаған экологиялық сараптамасы округ тұрғындарының жиынында тыңдалып, осы тақырыпта еркін пікірталас өткізілгенін ортаға сала кетті. Сонымен бірге «Восток-КЭМБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарты жылда аудан бюджетіне 280 млн. теңге инвестиция құйып, облыс экономикасына айта қаларлықтай пайда келтірген екен. Сөйтіп, екіжақты келісімшарт жасалыпты. Бұл шарт бойынша олар жұмысшының елу пайызын жергілікті тұрғындардан алуға міндеттенді. Аталған серіктестік Аягөздегі алтын өңдейтін зауытты бұзып әкеліп, осы маңға орнатуды көздеп отыр. Солай болған жағдайда жергілікті тұрғындар арасынан тағы да 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. Осы адамдар Күршімде оқытылып, бір айлық курстан өтуге тиіс, өйткені, Марқа өңіріндегі Маңқан кенішіндегі зауыт та осында әкелінбек. Қазірдің өзінде мұнда 22 адам барлау-зерттеу жұмыстарымен айналысуда.
Округте ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру шаралары да қолға алынып, ауылшаруашылық кооперативтері құрылуда. Қазірдің өзінде екі кооператив құрылып, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыстаукүршімдегі «Мәдениет» шаруа қожалығы да құжаттарын даярлап, осы шараға мұқият әзірленуде.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button