Марал өсіріп, мүйізін кәдеге жаратады

Азамат Темірбеков
Марал өсіріп, мүйізін кәдеге жаратқан ұландық шаруа бүгінде бұғы санын мыңнан асырып, медициналық туризмнің дамуына септігін тигізуде.
Алтайдың мүйізі қарағайдай кербұғысын көпшілік Катонқарағайдан көріп үйренгені рас. Шынымен де, көзге көп түсе бермей, қалың орманның арасында оқшау өмір сүретін жануар нуы да, суы да мол жайылымды қажет ететіні белгілі. Тіптен оның тамылжыған табиғаты таңдай қақтыратын Катонқарағайдан басқа жерлерде жүргенін көзге елестету мүмкін емес. Дей тұрғанмен, бүгінде түз тағысының бұл түрін төр Алтайдан тыс аумақтарда да өсіріп отырған шаруашылықтар аз емес. Солардың бірі – Ұлан ауданындағы «Багратион» шаруа қожалығы. Қазірде жалпы саны 1300 бас марал өсіріп отырған шаруашылық пантының емдік қасиетін пайдаға жаратып, табысқа кенелуде. Ол үшін шаруашылық қазіргі уақытта екі мың гектарға жуық аумақты шарбақпен қоршап, маралдар үшін арнайы жайылым жасаған.
Шаруа қожалығының көктемгі егіс науқанын жүргізу және мал шаруашылығындағы заманауи технологияларды қолдану жұмыстарымен танысу үшін арнайы атбасын бұрған сапарымызда маралдың қай өңірде болмасын өсіруге болатын жануар екеніне көзіміз жетті.
– Маралдарымыз осы аумаққа бой үйретті. Биыл қысыр қалған ұрғашы маралдардың саны аз. Шамамен алты жүз бас бұзау туады деп болжап отырмыз. Көп жағдайда ұрғашы марал қоршаудың арғы бетіндегі ағаштардың арасына тығылып бұзаулайды. Осыған қарасақ, жұмысшыларымызға жұмыс аз болмайтын сияқты, – дейді «Багратион» шаруа қожалығының басшысы Александр Воропай.
Бүгінде мүйіз кесу маусымын бастап кеткен шаруашылық дертіне шипа іздегендер үшін бар жағдай жасалған шипажай салған. Бір уақытта елу адамның мүйіз сорпасын қабылдауына мүмкіндік беретін шипажайдың Привольное ауылының іргесінде орналасқанын алға тартқан қожалық басшысы ондағы бағаның да осындай қызмет көрсететін басқа орындарға қарағанда қолжетімді екенін айтты.
– Кесілген мүйіздерді консервілеп сақтаймыз. Осылайша, оның емдік қасиетінің жоғалмауын қамтамасыз етеміз. «Багратион» шипажайы қаладан тым алыс емес. Бұл әсіресе демікпесі бар, я болмаса таулы жердің қысымына шыдамайтын адамдар үшін таптырмайтын орын деп ойлаймын, – дейді Александр Воропай.
Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 1990 жылы 15 мың марал өсірілсе, бүгінде олардың саны екі есеге кеміген. Бұған қарамастан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында 25 марал шаруашылығы, 8 аңшылық шаруашылығы және 40-тан астам пантымен емдеу орталықтарымен қатар туристік қызметтердің көлемі де артқан. Бұдан марал шаруашылығын дамытып, өнімдерін қайта өңдеу ісінің болашағының зор екенін байқауға болады. Алайда қазіргі таңда бұл сала оны жүргізудің күрделілігі мен қаржылай тиімділігінің төмендігінен мүшкіл жағдайда, бизнес үшін тартымсыз. Осы теріс үрдіс жалғасатын болса, Қазақстанның эндемигі – маралдардың жойылып кету қаупі зор. Марал өсірушілердің негізгі проблемалары – панты өнімдерін өткізу нарығы мен баға деңгейінің төмендігі, селекциялық-асылдандыру жұмыстарының әлсіздігі. Материалдық-техникалық базаларын дамыту мүмкіндіктерінің шектеулісі.
Жалпы, мамандардың есебінше, маралдың бір басын күтіп-бағу шығыны жылына 280 мың теңгені құрайтын көрінеді. Бұл – пантыны экспортқа сатудан түсетін кірістен екі есе жоғары. Сол себепті бүгінде аталмыш бағытты субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесі жоғары мінберлерден жиі айтыла бастады. Субсидиялау қаражаты басына бар-жоғы он мың теңгемен ғана шектеліп отырған селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу нормативтерін 40-50 мың теңгеге дейін көтеру, субсидиялау қағидаттарына марал қоршауларын салу және кеңейту, пантылық процедуралар қызметін көрсету объектілерін, қайта өңдеу цехтарын құру және кеңейту, қолдан ұрықтандырудың асыл тұқымдық орталықтарын құру, отандық және шетелдік селекция есебінен асыл тұқымды аналық немесе бұғыларын сатып алуды субсидиялауды енгізу қажеттігі туындады.
Егер аталған шаралар іске асса, шалғайдағы, әсіресе шекара бойындағы елді мекендер халқының әл-ауқатын арттыруға серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы алға қойған – бір миллион ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде көтеру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылдағы кооперацияны дамыту арқылы ондаған мың жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік берері айқын.