Қоғам

Марал атқандар алысқа ұзамады

Марал атқандар алысқа ұзамады


Жуырда «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстағы тірек пунктінің инспекторлары Зайсан ауданына қарасты Қарасай учаскесінде заңсыз марал атқандардың жолын кесті.

Аталған мекеменің өңірдегі аға инспекторы Әсет Сауырбаевтың айтуынша, арнайы жүргізілген кезекті іс-шара барысында кешкісін таудан түсіп келе жатқан «Уазик» шағын жүк көлігін тексеру барысында оның қорабына тиелген ағаштың астынан бөлшектеліп, қаптарға салынған, жасырын әкеле жатқан екі маралдың еті және үш мүйізі табылған.

Тексеру барысында бұл азаматтардың Жарсу ауылының Нұрлан және Берік есімді тұрғындары екені анықталып, тергеу жүргізілді. Заңсыз аң аулағандары үшін әкімшілік іс қозғалып, құжаттары Зайсан аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылған. Қылмыстық іс қозғалған. Соттың шешімімен тиісті жазаларын алатын болады.

– Аудан тұрғындарынан заңсыз аң аулау көбейіп кетті деген ақпарат түскендіктен, арнайы тексеру жүргізген болатынбыз. Өңірде аңшылық маусымы әлі ашылған жоқ. Сондықтан бұлар заңсыз аң аулаумен шұғылданған. Ұсталғандардың екеуі де заңсыз аң аулауға ешқандай мұқтаждығы жоқ, малдары бар жайлауда отырған бақуатты адамдар. Сонымен бірге заңсыздыққа барғандарын толық мойындап отыр. Енді, заңды бұзғандарға марал атқаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және басқа да айыппұлдар салынады. Бұл шамамен 1,5-2 млн. теңгені құрайды, – дейді Әсет Сауырбаев.

Маманның сөзінше, мұндай рейдтік іс-шаралар облыс аумағында әр жарты ай сайын өткізіліп тұрады. Кейде шақыртулар бойынша да арнайы тексерулер ұйымдастырылады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button