Экономика

Марқакөлге жетудің машақаты азаяды

Марқакөлге жетудің машақаты азаяды

Облыс аумағындағы барлық автожолдардың 28,9 пайы¬зы республикалық маңыздағы, 26,9 пайызы облыс-тық, 44,2 пайызы аудандық дә¬режедегі жолдар. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта өңіріміздегі осы жолдарды жөндеуге, қайтадан салуға, жаңартуға республикалық, облыстық бюджеттен 40 млрд. теңге шамасында қаржы жұмсалған. Бұл қаржыға 1000 шақырымға жуық автожолдар жөнделген.

Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, бүгінде қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 76 пайызға жеткізілді. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

-Ағымдағы жылы облысымыздағы респуб¬ликалық маңызы бар жолдар үшін жол-құрылыс жұмыстарына 17 млрд. теңгеден астам ақша бөлінді. Реконструкциялық жұмыстарға 13,2 млрд. теңге берілді. Бұл қар¬жыға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Астана – Өскемен», «Омбы – Майқапшағай» және Өскемен – Зырян бағытындағы «Осинов асуы» айналып өту учаскелері жөнделмек. Сонымен қатар, өзге де бірнеше бағыттағы жолдар мен «Алматы – Өскемен» бағытындағы жолдар бойыНша жобалау-зерттеу жұ¬мыс¬тары жүріп жатыр, қайта жаңғырту жұмыстарын бастау тамыз-қыркүйек айына жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстарына 1,4 млрд. теңге бөлініп отыр, оған «Өске¬мен – Зырян – Үлкен Нарын – Қатонқарағай – Рахман қайнары» бағытында және Ауыл мен Уба шекаралық пункттерінде жөндеу жұ¬мыстары жүрмек. Орташа жөндеу жұмыстарына 3,2 млрд. теңге бөлініп, қазір жалпы ұзындығы 176 шақы-рым болатын 12 жол учаскесінде жұмыстар басталғалы отыр. Өскемен – Семей, Өскемен – Шемонайха бағыттарындағы жолдарда жұмыстар басталып та кетті, – дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов.

Облыста өңір жолдарын жақсартуға қатысты басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елбасының шекаралық өңірлерді дамытуға орай берген тапсырмасына сәйкес Күршім ауданында «Теректі – Урунхайка – Төсқайың» облыстық маңызы бар жол учаскесінде (256 миллион теңге шамасындағы қаржыға) аталған жол бөліктерін қайта жаңарту жобасы жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта барлық құрылыс, жол жөндеу жұмыстары басталған. Келісім бойынша аталған жолды жөндеу қазан айында аяқталуы тиіс. Бұл жоба бойынша осы бағыттағы жолды қайта жаңарту жұмыстары алдағы жылдарда әрі қарай жалғастырылмақ. «Теректі – Урунхайка – Төсқайың» бағытындағы жолдың қайта жаңартылуы Марқакөлге жетудің бүгінгі машақатынан құтылдырып қана қоймай, «Марқакөл» көлінің маңында туризмді дамытуға өзіндік септігін тигізбек. Сонымен қатар, облыстағы 11 жол нысаны бойынша автомобиль жолда¬рына орташа жөндеу жүргізілетін болады. Соның ішінде Жидебай жеріне апаратын Семей – Қарауыл, облыс орталығының маңындағы «Таулы Үлбі – Алтай Альпісі» тау шаңғысы, демалыс базалары бағыты және Күршім, Шемонайха аудандарындағы жол учаскелері орта жөндеуден өтеді. Биыл облыстық маңыздағы жолдың 112 шақырымына орта жөндеу жүргізілмек.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button