Марқакөлдің майқанын Тайынтыдан табамыз

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің облыстағы Алтай филиалы шығыста көксерке және майқан (ускуч) балықтарын қолдан өсіріп, көбейтудің жобаларын жасап, оларды гранттық, инвестициялық субсидиялармен қаржыландыруға ұсынып отыр. Көксеркені көбейту лимитті арттырып, экспортқа бағытталған балық өнімдерін молайтуға мүмкіндік берсе, майқан өсіру жобасы Қазақстанда тек Марқакөлде ғана бар балықты өзге көлдерде өсіру арқылы туризмді дамытуға тың соқпақ салмақ.
ОБЛЫС ИХТИОЛОГТАРЫ КӨКСЕРКЕНІ ҚОЛДАН ӨСІРУГЕ ДАЙЫН
Биылдан бастап еліміздің тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы бойынша балық шаруашылығына да инвестициялық субсидия бөлініп жатыр. Алтай филиалы мамандары көксерке балығын қолдан өсіріп, көбейтуге, балық кластерін құруға бағытталған жобаны осы мемлекеттік бағдарлама аясында іске асыруды жоспарлап отыр. Филиал ихтиологтары жобаны Күршім ауданынан бастамақшы.
– Жоба Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылды. Ұлттық ғылыми кеңес бекітсе, біз балық шаруашылықтарымен бірге жүзеге асыруға әзірміз. Қазір шығыстағы балық өңдеу зауыттары толық қуатының 50 пайыз көлемінде ғана жұмыс істеп тұр. Сол себепті тоған шаруашылығын дамытып, балық көлемін көбейте түсуіміз қажет. Күршім ауданында жобаны іске асырудың алғышарттары жеткілікті. Ол жақта «Төретоғам» балық зауыты, «Өркен» балық кәсіпорыны, Бұқтырма уылдырық шашу, балық өсіру шаруашылығы бар, көлдер де көп. Кемеркөлде жылына 100-200 тонна балық өсіруге мүмкіндік бар,-дейді көксеркені өсіріп, көбейту жобасының экономикалық тиімділігі турасында «Алтай» филиалының директоры Сымбат Ануарбеков.
Қазіргі күні Күршімдегі Бұқтырма балық өсіру, уылдырық шашу шаруашылығы 20 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Жоба бойынша экспорттық сұранысы жоғары көксерке балығы осы шаруашылық негізінде көбейтілмек.
Қазақ балық шаруашылығы институты филиалының ихтиологтары көксеркені көбейтудің әдіс-тәсілдерін ғылыми тұрғыда бекітіп, іс-тәжірибемен көрсетіп отыр. Балықты өсіретін, оны сатып алып, өңдейтін тұлғалар үш жақ болып уақытша консорциум құрып, жұмыс істемек. Алтай филиалы жобаны жүзеге асыратын Бұқтырма балық өсіру, уылдырық шашу шаруашылығымен ынтымақтастық келісімге отырған. Бүгінгі күні балық өсіру, уылдырық шашу шаруашылығы көксеркенің аналық, аталық дарақтарын тоғанға жіберуге дайындап жатыр. Көксерке балығын көбейтуге, балықтардың қыстап шығуына шаруашылыққа бір тоған бөлініп берілген. Көксеркенің қорегі болатын жергілікті табан, амур шабағы балықтары да тоғанға қоса жіберіліп жатыр. Қара күзде тоғанға 200 дана көксерке балығы жіберіліп, сәуірде сол тоғаннан ауланған балықтардың уылдырығы жинап алынып, инкубация жасалады, балықтардың өзі тоғанға қайтадан жіберілмек. Шілде айында уылдырықтар бес грамдық құртшабақ болып жетілгенде, көлге жіберіледі.
Қазіргі әдіс-тәсілдер бойынша аталық пен аналық дарақтар уылдырығының 30 пайызы ғана құртшабаққа айналып келеді. Жобада көрсетілгендей мамандар олардың өсіп, өніп, құртшабаққа айналу көрсеткішін 80 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Зайсан көлін пайдаланушылар «Төретоғам», «Ұлтарақ», «Дигам», «Зайсан балықшылары» серіктестіктері өз тараптарынан да көксеркені өсіріп, көбейту жобасына қаражат бөлуге даяр екендіктерін білдірген. Тек жекеменшік инвестиция салушыларға аулауға рұқсат етілетін көксерке балығының көлемін, лимитті ұлғайту мәселесі нақты шешілсе болғаны.
ТАБАН КҮРТ КӨБЕЙІП КЕТТІ
Шетелде, өзімізде үлкен сұранысқа ие болып келе жатқан көксерке мен оның қорегі – табан немесе тыран (лещ) балығы біздің көлдерге бұрынғы кездері жерсіндірілген балықтар. Шығыс өңірінде болмаған бұл балықтар 1959-1966 жылдар аралығында Бұқтырма мен Зайсанға Балқаш көлінен әкелініпті. Волгадан әкелінген көксеркелер алдымен Балқашқа, Аралға, одан соң Алакөл мен Бұқтырма су қоймасына, Зайсан көліне жерсіндірілген. Жаппай жерсіндіру жұмыстары жүрген 7-8 жыл ішінде Бұқтырма су қоймасына 170 мың дана көксерке әкелінген. Тез өсіп, жетілетін көксерке 1972 жылдан бастап кәсіптік деңгейде аулана бастаған. Уылдырық шашатын жерді, судың таяз, тереңдігін талғамайтын көксеркеге құмдауыт жер болса жетіп жатыр.
Балықтар ұя салып, уылдырығын төккеннен кейін аталықтары құртшабақтар шыққанша аңдып жүреді. Табиғи жолмен көбеюге бейім көксеркені қолмен өсіріп, молайту бұл балық түрінен түсетін табысты бірнеше есе өсірмек. Егер жоба іске асып, көксеркенің саны көбейсе, балық аулауға жыл сайын бөлініп отырған лимит мөлшері де әлдеқайда артады.
Бүгінде Зайсан көліндегі екі учаскеде: Қара Ертіс атырабы мен Солтүстік батыс атырабындағы су телімдерінде көксеркені аулауға тыйым салынған. «Алтай» филиалы гидрогеологтарының жүргізіп жатқан зерттеулері көрсетіп отырғандай аймақтағы көлдерде көксеркенің қорегі жеткілікті. Оның басты қорегі – табан балықтары көлде тіпті күрт көбейіп кеткен. Енді бұл балықтардың өзіне қажетті қорек азайып кетуі мүмкін деп күдіктеніп отыр мамандар. Осыған орай аймақтық мамандар жануарлар және аң шаруашылығы комитетіне табан балығын аулау көлемін ұлғайту туралы ұсыныс жолдаған.
Биологиялық негіздемелер бойынша соңғы жылдары облыста сазан балығы да көбейген көрінеді. Келер жылға Бұқтырма су қоймасында сазан балығын лимит бойынша аулауға рұқсат берілмейді. Одан арғы жылы да бұл су қоймасынан сазан аулау тоқтатыла тұрмақ. Ал сазан Зайсан көлінде ауланып келеді.

БІРЕГЕЙ БАЛЫҚ ӨЗГЕ ЖАҚҚА ЖЕРСІНЕ АЛА МА ?
«Алтай» филиалы мамандары жасап отырған келесі, Марқакөлдің майқанын (ленок) аймақтардағы өзге көлдерде өсіру жобасы, әсіресе туризмді дамытуға аса тиімді болып саналады. Марқакөлде бұл балық 1945 жылға дейін кәсіптік деңгейде ауланған екен. Сол кезде азайып, құрып кетуге айналған майқанға 60-шы жылдардан бастап қана көңіл бөліне бастапты.
Жергілікті жұрт «ускуч» дейтін бұл балық бүгінде біздің Марқакөл мен Канада елінде ғана бар. Басқа ешбір жерде жоқ. Аймақ ихтиологтары осындай даралығымен әйгілі болып отырған сирек кездесетін майқанды шарбақтық тәсілмен Өскемен су қоймасында, Тайынты көлдерінде, Үйдене, Лосиха су қоймаларында өсірудің жолын жасап, көрсетіп отыр.
-Қолымызда тәжірибелік материалдардың бәрі бар. Қолдан өсіріп, көбейтуге келетінін дәлелдеп бердік. Ғылыми жұмысын жасап көрдік. Қазіргі күні Марқакөлде майқан балығы бірте-бірте көбейіп келеді. Бірақ оның өзінің мөлшері бар, одан азайып та, көбейіп те кетпей, табиғи тепе-теңдігі сақталуы тиіс. 2012 жылы күн бірден жылынып кетіп, қайта күрт суытқанда көлден тау өзендерімен жоғары қарай өрлеген майқандар қайта алмай, қырылып қалды. Сол жолы 40 тонна майқан қырылды. Бұл балықтың өсуін табиғат өзі сұрыптап отырады. Майқанды Марқакөлдің өзінде көбейтуге болмайды. Сондықтан ол жерден алып, басқа жерде өсіру керек, Марқакөл туристерді осы ешқайда жоқ майқан балығымен қатты қызықтырып келеді, алайда, жердің шалғайлығынан, жолдың нашарлығынан, ол жерге баруға тиісті рұқсат құжаттарын жасату қажеттігінен оған екінің бірі бара алмайды, -дейді Сымбат Ануарбеков.
Сынақтан өткізіліп жатқан жоба іске асса, туристер майқанды облыс орталығындағы жақын айдындардан-ақ аулай алады. Жоба бойынша Марқакөлден ірі майқан балықтары ауланып алынып, олардың уылдырықтары инкубаторда өсіріліп, құртшабақ болып жетілген соң Тайынты көлдерінің біріне жіберіледі. Майқанға таза айдын, тастай суық су және уылдырық шашатын өріс – ағынды тау өзендері қажет. Мұндай жағдайлары бар Тайынты, Өскемен су қоймалары майқанды өсіруге қолайлы, дегенмен, Марқакөлдей мөлдір көлге ғана тән майқан бұл жақтағы су қоймаларына жерсінбей, өспей қалуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес.
90 жылдары майқанды аулау мөлшері жылына 79 тонна болып бекітілген. Кейін күрт төмендеп 29 тоннаға түскен. Бүгінгі күні жылына 39 тоннадан аулануда.
ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
-Күнде балыққа барушы едің ғой, бүгін неғып көшеде жүрсің?
-«Жұлдыз-жорамалда» бүгін балықтарға сәтті күн деп қойыпты.
-Кіруге бола ма? Әкем бүгін таңертең ерте балыққа барамыз деп алып, апармай қойған соң, кешігіп қалдым!
-Отыр. Әкең сабаққа бар деді ме, дұрыс!
-Жоқ, «жауын құрт аз, екеуімізге бірдей жетпейді, қал» деді
Жанаргүл Мұқатай