Марқакөлді алқалаған ауылдар саяхат аймағына айналмақ

Қазақстанның біраз аймағын аралағанмын. Әйтсе де, кең байтақ еліміздің өзге өңірінен бұрын, өзіміздің Шығыстың күнгейі мен теріскейінде әлі аяғым жетпеген жерлер көп. Марқа жерінде бірнеше рет болғанымызбен, Марқакөлдің көгілдір зеренін көріп, дәл жағасында жүрмеппін. Ал Шығыстың маржаны -Марқакөл кімнің арманы болмаған? Күзге салым Марқакөлдің басынан «Айтұма» туристік кешенін ашқалы жатқан марқакөлдік кәсіпкерлердің бірегей жобасының арқасында енді біз ғана емес, шетелдік туристер де мөлдіреген Марқакөлге тамсана қарап, қиялдағы мекеннің қалың шатын, қыран құсын, гүлін, нуын қасына барып көре алатын болады.
ҰРАҢҚАЙ МЕН ҚАРАҒАЙЛЫ БҰЛАҚТА ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ БОЛАДЫ
«Айтұма» деген құлаққа жағымды аты бар туристік кешен жобасын жүзеге асырып жатқан марқакөлдік кәсіпкерлер екенін былтыр Өскеменде өткен «Алтай» инвестициялық форумында естіп-білген едім. Осы істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – Марқакөлдің тумасы әрі әріптесіміз Ғабдул Маутқан сол жиында журналистерге қолға алып жатқан шаруаларының бір шетін шығарған.
Марқакөлдің тұнығы шайқалмаған тұмса табиғатын отандық, шетелдік туристерге, өзіміздің тұрғындарымызға көрсетіп, онда алаңсыз, риясыз тыныға алуына жағдай туғызуға арналған. Қияндағы кіршіксіз табиғатқа туристерді әкеле отырып, аң тұяғы ғана тиіп келе жатқан жер жауһарын келешек ұрпақ сол қалпында көре алатындай етіп сақтай білуге бағытталған.
Осыны мақсат еткен «Марқакөл» әлеуметтік – экологиялық туристік жобасы аясында салынатын «Айтұма» туристік базасында былтырдан бері үлкен қонақ үй кешені мен жеке үйлер, киіз үй, монша, қайық айлағы, ас қоймасы, кешеннің басқа да қажетті орынжайларының құрылысы басталған. Жазда кешен нысандары толық жұмыс істеп, демалыс орнында қазаннан наурызға дейін қысқы демалыс түрлері де ұйымдастырылмақ.

«Біздің туристік кешеннің облыстағы басқа демалыс базаларынан басты айырмашылығы -бұл жер жаппай демалатын, сауық құратын орын емес. Өйткені кешен шалғайда жатқанынан бұрын, ол мемлекеттік қорық аумағында орналасқан. Сондықтан саяхатпен бірге көл аумағындағы табиғатты сақтауға, қорғауға көңіл бөлінбек. Жоба бағдарламаларының бәрі осы Марқакөл табиғи қорығымен серіктестік байланыста, қатынаста жүргізілмек. Демалушылар Марқаның сан алуан флорасы мен фаунасын тамашалап тыныға жүріп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен, күнделікті өмірімен жақын таныса алады. Демалушыларға ұсынылатын туристік маршруттарды да бірлесе жасап жатырмыз» – дейді туристік кешеннің қызметі табысты табиғатқа зиян тигізбей, нұқсан келтірмей табуға бейімделмек екенін баса айтқан Ғабдул Маутхан.
23 ЖЫЛ ҚҰЛЫПТАЛЫП ТҰРҒАН ҮЙІНЕ ҚАЙТЫП ОРАЛДЫ
Қазіргі күні Марқакөлді экологиялық туризм аймағы ретінде дамыту бұл жаққа халықтың қайтадан қоныстануына, тұрақтануына, осылайша арғы жағы қала, бергі жағы дала болып жалаңаштанып қалған шекара қауіпсіздігі мәселесінің реттелуіне үлкен септігін тигізетіндігі айтылып, көтеріліп жатыр. Бүгінде өзге облыстың, ауданның тұрғындары түгілі, бір кездері осы Марқаны ен жайлаған өз тумалары да бұл жаққа келе алмай жүр. Аудан жабылған соң , шекара түбіндегі шұрқыраған ауылдар жалғызсырап қалып, бұрыңғыдай аңқылдап алдыңнан шығар адам азайған. Ғабдул ағамыз Марқакөлдің басынан туристік база ашудың «бісмілләсін» ең әуелі Марқакөлдегі өзінің бұрынғы үйін жамап-жасқаудан бастапты. Иә, ағамыз бұрын Алексеевка, бертінде Теректі, бір-екі жылдан бері Марқакөл атанған ауылдағы 23 жыл бұрын отбасымен қалаға көшіп, есігін құлыптап кеткен ескі үйін былтыр жөндеп, қайтадан қалпына келтіріпті. «Туған жерді нақты іспен болмаса құр сөзбен көркейте алмайсың ғой. Осылайша мен, қаншама жыл бойы бос тұрған үйімді жөндеуге кірістім. Су аққан шатырларын ауыстырдым. Үйім 90-шы жылдардың басында зілзаладан соң ауылда көше-көше болып бой көтеріп, қаз қатар салынған сәулетті, сәнді үйлердің бірі болатын. Аудан жабылып, редакция таратылған соң, амалсыздан біз де ауылды қимай қимай қалаға қоныс аудардық. Бірақ үйімді сатқан жоқпын, құлыптап кеттім. Үдере көшіп жатқан елге ескі үй де, жаңа үй де керек емес еді ол кезде. Құлыптаулы тұрған үйімді жөндеуе кіріскенім – бүгінгі күні белең алып кеткен деградацияға, тозуға тосқауыл қоюға, қаңырап, үңірейіп қалып жатқан ауылдың жадап жүдемеуіне қосқан кішкентай ғана үлесім, өзгелерге көрсеткен үлгім болсын дедім, бір жағы. Біз алыста жүргенімізбен, ауылға қонақ болып емес, туып-өскен мекеніміздің тұрғыны болып баруымыз керек. Өзіміздің үйіміздің, өзіміздің ауылымыздың түтінін сөндірмегеніміз абзал. Дәл қазіргі күні өз ауылының тозбауын күйттегендердің көбейе түскені ауадай қажет. Сонда ғана ауылда тұрмыс пен тірлік түзеліп, ауыл өркендейді» – дейді Ғабдул аға. Осы ойдың жетегімен бір кездері амалсыздан тастап кетуге тура келген үйіне 23 жылдан соң қайтып келіп, қаладан келгенде өз үйім деп кіре алатындай жағдай туғызып, бастан-аяқ жөндеген екен.
«Айтұма» демалыс кешені туған үйі тұрған сол Марқакөл ауылының арғы жағындағы айдын көлдің жағасын алқалай қонған Ұранқай ауылында салынып жатыр. «Айтұма» демалыс кешенінің атауына, аты айтып тұрғандай, аспандағы ару ай мен Алтайдың тасын жарып шығып, дария көлге келіп құйылып жатқан тұнық тұма арқау етіліпті. «Айтұмада» ана тілімізден басқа ағылшын, эстон тіліндегі осындай дыбыс үндестігімен айтылатын сөздердің де мағынасы бар екен. Бір кездері Марқакөлге переселендер – орыстар мен эстондар көптеп қоныстанғаны белгілі. Олар Жоғарғы Еловка мен Төменгі Еловканы мекендеген көрінеді. Қазір біраз ғана үй қалған сол Еловка Қарағайлыбұлақ аталады. ««AITUMA»- «АЙТҰМАНЫҢ» ағылшынша дыбысталғандағы сөзбе-сөз аудармасы «ItoMa…» (ItoMa(rkakol) – мен Марқакөлге (ағылшыншасы қысқартылып айтылған іспетті) дегенді білдірсе, эстонша бұл дыбысталу «рахмет» дегенді білдіреді. Эстондар алғаш рет Марқакөлдегі Матабай, Жоғарғы Еловка, Төменгі Еловка мекендеріне 1908 жылы келіп қоныстанған. Бір қарағанда, ағылшын сөзіне ұқсастығы бар туристік кешен атауын шетелдіктердің айтуына, есте сақтауына жеңіл болуын ойластыра отырып, назар аударта отырып осылай қоюды ұйғардық», – деген Ғабдул ағаның сөзінің жаны бар. Шетелдіктер Қазақстанға келгенде, жергілікті тұрғындардың ағылшынша білмейтіндігінен қатты қиналатыны жиі айтылып келеді. Отандық демалыс орындарында сервистің жоқтығы мәселесімен тіл кедергісі қатар тұр. Ал Марқакөлдің балдай суын, байлығын иемденіп, осы арада өсіп-өнген эстондар болса, расында да, «рахмет» айтуы тиіс қой мұндай жер жәннатына, елге.
Жер жәннаты демекші, кеңестік дәуір кезінде Марқакөлге ұшып келіп, тамаша фильм түсірген атақты жиһанкез, «Клуб путешественников» бағдарламасының жүргізушісі болған Юрий Сенкевич тұнығы шайқалмаған Марқакөлге кете-кеткенше тамсанып, қоштасқан көрінеді.
Марқакөлдей аймақты дамытудың басты тетігі туризм екені елдің бәріне түсінікті болғанымен, ендігі мәселе қалай, қайтіп өркендете алуымызда болып отыр. Жуықта облыс әкімі Даниал Ахметовті қабылдаған Президент те өңір басшысына Шығыста туризмнің әлеуетін дамыту бағдарламасын сапалы жүзеге асыруға, облыста аталған саланы барынша өркендетуге баса назар аудартты.
Марқакөлді алқалаған ауылдарда алдағы уақытта «Айтұма» сияқты демалыс, саяхат орындары көптеп салынбақ. Егер нысан иелерінің, кәсіпкерлердің қызметі көздегендегідей жүріп, туризм саласына ақша салғандарға, сол жерге барып қоныстанып, түрлі шаруашылықпен айналысқандарға салықтық жеңілдіктер, несиелік жеңілдіктер, басқа да қолдау, көмектер берілсе, Марқакөл арқылы жергілікті тұрғындар заңды түрде, жүйелі түрде табыс тауып, табиғатқа қиянат жасап жүргендер де ашкөздіктерін тияр ма еді. Біз осы орайда Күршім ауданы басшыларынан Марқакөлде туризмді жеделдете дамытудың мүмкіндіктерін, болашағын сұрап білгенбіз.
Мамырбек Калелов, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
– Марқакөлді туризм ошағы ретінде дамыту бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі күнгі басты мәселе – Марқакөлдің маңайында жатқан мемлекеттік орман қорындағы алқаптарды, жерлерді елді мекен жері санатына ауыстыру болып отыр. Екі-үш жылдан бері күрмеулі күйінде қалып келген бұл мәселе шешіліп те қалды. Қазір рұқсат беруге, орман қоры жерін елді мекен жеріне ауыстыруға байланысты құжаттарға тиісті министрліктердің келісімі, шешімдері шығарылып, құжат Премьер-министрдің қол қоюына жіберілді. Алдағы уақытта мемлекеттік орман қоры жерінің 69 гектары туризмді дамыту нысандарын салуға кәсіпкерлерге бөлініп беріліп, бұрын осындай жерлерге салынған демалыс орындары заңдастырылады. Заңдастырылған нысандар өңірге туристердің келіп-кетуіне талдау жүргізуге, сала жұмысын реттеуге де оңды ықпал етеді. Былтыр 289 турист келді. Қазіргі күннің өзінде «Айтұма» сияқты тағы да екі үш туристік базалар жобасы жүзеге асырылып жатыр.
НЕМІС НЕГЕ ҚАШАҒА ТАҢҒАЛЫП КЕТТІ?
«Айтұма» туристік кешен иелері Марқакөлге келушілерге, соның ішінде шетелдік туристерге басқа емес, Марқакөлдің өзінің жергілікті адамдары ғана көңілдегідей қызмет көрсетіп, туған жердің тылсым сырын, тұрмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тірлігін тәтпіштеп көрсетіп, егжей-тегжейлі баяндап, түсіндіріп бере алмақ екенін айтады. «Осының бәрін өзге емес, өзіміз істеуіміз керек. Бірде 90-шы жылдары Ұранқайға келген германиялық туристпен кездесіп қалдым. Оның қиырдағы біздің ауылдан не іздеп жүргені мені қатты таңғалдырған еді. Неміс жігітін Марқакөлдің тұмса табиғатымен бірге біздің осындай қатал табиғат аясында, алыстағы ауылда қалай күн кешіп жатқанымыз қатты қызықтырыпты, сөйтсем. Біздің қоңыр тірлігіміз, қарапайым күн көрісіміз, малымыз, ауылымыз екен оны қызықтырып қойған. Еуропалық жағдай, комфорт, мәдениет оның өз елінде жетіп жатыр. Біздің моншамыз, тамақтануымыз, мал жаюымыз – бәрі-бәрі оған таңсық. Турист, міне, сол өзінің үйреншікті өмірінен бөтен, басқа өмірді көруге келген. Саяхаттаудағы мақсатының бірі – сол. Менімен әңгімелесіп тұрып бір кезде сынып, қисайып, шалқасынан құлағалы тұрған қашаларға қарап: «мына қашалар неге бұлай қисайып жатыр? Неге тұрғызып, қалпына келтіріп қоймайды?» деп таңдана сұрады кеп қайта-қайта. Біздің желкемізде жетілуге, жақсаруға жібермей тұрған осы жалқаулық, немқұрайлық қой. Әрине, неміс турисі жылы каминнен, жайлы демалыс үйінен, дәмді тамақтан бас тартпайды, екі есе риза болып қайтады қайта. Тек біз сол туристке қазір қос мүмкіндікті қатар тудырып, алтын бесік ауылдың атадан балаға қалып келе жатқан, жалғасып келе жатқан тірлігін, салтын және заманауи өмірдің, өркениеттің сервисін, демалысын ұсына алуымыз керек. Қазір шетелмен, шетелдің технологиясымен, затымен ешкімді де таңғалдыра алмайсың, бәрі де бізге келіп жетті. Ол жақта демалу біздегіден арзан болмаса, қымбат емес. Ал біз өзіміздің жеріміздің шежірелі тарихын, қайталанбас табиғатын бүгінгі тұрмысымызбен астастырып, өркениетімізбен ұштастырып, туристке толық ұсына алуымыз керек.
Марқакөлді шарлап жүрген неміс азаматының құлап қалған қашаға қарап тұрып таңғала айтқан сөзі осы уақытқа дейін құлағында қалып қойған Ғабдул аға ауылды тоздырмау әркімнің ауласынан, ауыл тұрмысын қаладағыдан кем қылмай оңайлатудан басталуы керек деп түйді ойын.
«Қазақ Туризм» ұлттық компаниясының талдаулары көрсетіп отырғандай, қазіргі кезде шетелге шығатын туристердің саны жағынан Қытай көш бастап тұр екен. Қытай елінің 150 миллионға жуық азаматы әлемді аралағанда, бір жылда, шамамен, 280 млрд. доллар жұмсайды дейді. Дәл осы ақшаның бір бөлігін Қазақстанға бұрса, ел экономикасына әжептәуір қаражат бағыттауға болады. Қытай келмесін десек те, басқа шетелдің де туристері шартарапты аралап, шетелге ағылып жатады. Әрине, ол үшін Марқадағы, Алакөлдегі ана жақ, мына жақтағы жергілікті халық оған әбден дайын болуы қажет. Мамандығы журналист Ғабдул Маутхан осы орайда сайт ашып, журнал шығаруды да жоспарлап отырғанын айтты. Ұялмай жазып, қысылмай жарнамалау үшін Марқа өңірінде туристік нысандарды көбейтіп, бәсекелестік тудыру арқылы бағаны реттеп, қызмет сапасын көтеруге күш салу керек. Сонда Шығыстың маржаны – Марқакөл шетелдіктер үшін таңдаулы туризм нысаны болып, Мысырдың курорттарын да, Белекті де, басқаны да көлеңкесінде қалдыруы ғажап емес.
Жанаргүл Мұқатай