Қоғам

Марқа өңіріндегі ерекше мереке

Марқа өңіріндегі ерекше мереке


Бұл күні Күршім-Қалжыр-Теректі бағытындағы тас жолдың үсті асыға зулап бара жатқан алуан түрлі көлікке толы болды.
«Ақнайман қырылған» деп атайтын тау бөктеріндегі жалпақ жазықтың жолға таяу жерінде асты әдейілеп қиыршық тас төгіп, биіктетілген, ақ матамен көмкерулі тұрған биіктігі екі метрден астам әлдеқандай ескерткіштің маңына ошарылған жұрттың қара

1928-32 жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясатынан зардап шегіп, есепсіз салықтардан әбден титықтаған қазақ жұртының бас сауғалап, шекара асқаны белгілі. Онсыз да азып-тозып, аш-жалаңаш босып бара жатқан балалы-шағалы көштерді бес қаруы сай қызыл әскерлер кездескен жерде немесе алдын ала тосып тұрып, аяусыз қырғынға ұшыратып отырған. Сондай бір орны толмас қасіретке 1931 жылдың 31 шілдесінде Қалғұты маңындағы Ақши өңірінен үдере көшкен Ақнайман руы душар болған екен. Дәл осы арадағы «Қарағанды сай» деген жерде пулеметтерін құрып қойып, алақандарын ысқылап отырған Семен Кандауров атты жендеттің отряды кемпір-шал, бала-шаға деместен аяусыз оқ жаудырып, 1500 адамды қырып салыпты.
Осы қырғынды ұмыттырмай, әркез еске салып тұратын бір ескерткіштің қажеттігі талайдан бері айтылып келе жатқан-ды. Армандай болған бұл мәселенің шешімін Алматы қаласында тұратын Қалжырдың тумасы, кәсіпкер бауырымыз Бақытбек Манапов тапты. Ол бар шығынды өз мойнына алып, әдейілеп гранит тастан жасалып, мән-мазмұны әдемілеп қашалып жазылған стелла-құлпытасты Алматыдан әкеліп орнатты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов, Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасаған бірнеше кітаптың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Уахап Қыдырханұлы, Марқаның тумасы, Күршім ауданының Құрметті азаматы, қажы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Ғабдылмүтәлап (Қабен) Манапов, ақын Көпен Ерқасов, осы шараға арнайы келген Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов тағы басқалар жазықсыз құрбан болған қандастарымызды мәңгі есте қалдырудың тірілерге міндет екендігіне тоқталды.

Ескерткіш ашылған соң, ҚМДБ Өскемен өңірінің өкіл имамы, Халифа Алтай атындағы қалалық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы аруақтарға арнап құран бағыштады.

Бұдан соң осы арада бас қосқан қарасы мол қауым Теректі ауылын бетке алды. Онда келген жұрттың барлығына құшақ жайып, айналасына иман нұрын шашып, құрылысы жақында ғана аяқталған «Марқакөл мешіті» күтіп тұрған болатын.

Жоғарыда айтып кеткен Атымтай жомарт ініміз Бақытбек Манаповтың демеушілігімен (жұмсалған қаржының 90 пайыздан астамын бөлген) бой көтерген мешіт үйінің көрікті де, еңселі екені шындық. Оның үстіне мешіт құрылысы үшін жер бұрынғы аудан әкімдігінің ғимаратына таяу тұстан, ауылдың дәл орталығынан бөлініпті.

Мешіттің ашылу салтанатында да алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары М.Қалеловке берілді. Ермек қажы Тасболатұлы барша ата-бабалар аруақтарына арнап, құран бағыштады. Бұдан соң Уахап Қыдырханұлы төгіле сөйлеп, Марқа өңірінің, бүкіл Күршім ауданының халқына деген жүрекжарды ықыласын паш етті. «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Алмас Тұртаев өз тілегін білдіріп, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. Осыдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Дін істері басқармасының іс басқарушысы Кәмалжан Тұрдыбаев дінімізге байланысты бірқатар мәселелер жайында түсінік берді. Облыстық діни істер басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов халықты облыс ауқымындағы оң шаралардан, сақтануға мәжбүрлейтін кейбір келеңсіздіктерден құлағдар етіп өтті. Бұдан соң Теректі ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартов, белгілі кәсіпкер Қабдуәли Аманжолов, Мәдениет ардагері Нәбиолда Кемешов,тағы басқалар сөз сөйлеп, құттықтау тілектерін айтты. Жиынның салтанатты бөлігі аяқталар шақта риза көңіл жерлестері Бақытбек Манаповқа ата салтымен ат мінгізді. Ол аттың тізгініне де қол тигізбестен, бұл сыйды Астанадан әдейілеп келген сыйлас бауыры Кәмалжан Тұрдыбаевқа мінгізетінін мәлім етті.

Салтанат аяқталған соң жиналған көпшілік аудан өнерпаздарының концертін тамашалады, түс ауа «Ақ тілек» дәмханасында барша аруақтарға, өткен-кеткен ағайынға қатым түсіріліп, ас берілді.

Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button