Қоғам

«Марқа-Күршім ауданы» деп атасақ қайтеді?

«Марқа-Күршім ауданы» деп атасақ қайтеді?
Жеке пікір

Қолыма қалам ұстағандағы мақсатым – әсем Марқакөлді көмескілеушілерге оның көркемдігін, танымалдылығын түсіндіру.
Қазақ елі дербес мемлекет болып, жалтақтамай өз мәселемізді өзіміз шешуге қол жеткен соң, басқару жүйесін ықшамдау қажет болды. Елді басқаруға аз қаражат жұмсау үшін аудандарды қосуға тура келді. Қосылған аудандардың жер көлемі ұлғайып, халқы көбейіп, шет ауылдарға аудан орталығы алыстады.
Аудандарды біріктіру науқаны кезінде көп мәселе ескерілмей қалды. Мәселен, шекара түбіндегі Марқакөлден жұрт үдере көшті. Елдің әлеуметтік жағдайы қиындады.
Марқакөл ауданын Күршім ауданына қосқанда, марқакөлдіктер өздерін енесінен айырылған төлдей сезінді, ал күршімдіктер ауыр сүйреткіні тіркегендей қиынсынды. Мәртебелі Марқаның атауы ресми қолданыстан қалып, көңілден кетіп, ұмытылуға бет бұрғаны көңілді қынжылтады.
Марқа – қазақ жеріндегі биік таулардағы көлдердің ең үлкені, тереңі, тұнығы, сабасынан аспайтын қой тәрізді маңғазы. Қазақтың сөз қолданысында Марқа тек қой төлін шағын айқындаумен шектелмейді. Марқаны түбір етіп, есейгенді, жетілгенді, іріленгенді, көңілдің масайрағанын білдіртуге болады.
Әлбетте, ауқымда шараларды тындырушылар барлық жағдайды ескеруге мүмкіндіктері бола бермегендіктен, көп шалағайлылық жібереді. Олқылықтарды толтырып, жөнге келтірудің еш кештігі жоқ.
Марқакөлді Күршімге қосқаннан бері Марқа өңірі сөз қолданысынан қалып, ұмытылып бара жатқанға ұқсайды. Ауданды біріктірушілер Марқаның маңызын ескермей, ауданды Күршім деп ататты. Күршім – мағынасы түсініксіз шеттегі жалғыз өзеннің атауы. Қазіргі Күршім ауданында бұл өзеннен басқа 14 өзен атауы бар. Бір өзен ауданның бас-аяғын көмкере алмайтын қысқа көрпе емес пе? Бұл атау Марқадай елге әйгілі емес.
Байырғы марқакөлдіктер екі ауданды біріктіргенде, Марқаны Күршімге жапсырғандай сезініп, нәумезденді. Енді Күршім ауданы тұрғындарының көңілдерінен шығудың абзалы – атауын болмысына сай етіп жаңғыртып, Марқаның атын беру.
Ұсынысым «кімнің жерін оттап, суын ішсең, соның сойылын соқтан» өрбіп отырған жоқ. Әлдекімдердің немқұрайлығынан қабылданған шикі шешімді қайта қарап, толық шешім қабылдату керек.
Аялы Алтайдың күнгей бетіне, өзен-көлдеріне, етектегі кең жазығына Күршім атауын таңған дұрыс емес. Күршім атауы – мағынасы түсініксіз болса да, құлаққа сіңісті, тілімізге орамды сөз. Оны да ұмыт қалдыруға болмайды.
Ауданды «Марқа-Күршім» атасақ, барлық тұрғындардың көңілінен шығары хақ. Бұдан Күршім де марқайып, мерейі үстемделеді, одан артық пайда болмас.
Марқа да ресми құжаттарда, ел аузында үнемі қолданыс табары сөзсіз. Марқа үнемі жұрттың жадында болып, күнделікті аталар еді.
Мен жершілдікке салынып отырған жоқпын. Негізінен, Зайсан өңірінің тумасымын. Ал көп жылдар Күршім ауданында да, Марқакөлде де қызмет еттім. Сондықтан бұл ұсынысымды қолдайтындар табылар деп ойлаймын.

Кеңесбек Бекбаев,

зейнеткер, еңбек ардагері

Осы айдарда

Back to top button