Қоғам

Марқакөлдіктердің мерейі өсті

Шалғайдағы Марқакөл ауылы үшін шынымен қуанышты күн болғады. Сондай-ақ тамашаға арнайы шақырылған жұрт айтулы жаңалықты естіп, өздері жиналған қауым көптен бері жұмыс қайнап, абаттандырылумен болған орталық алаңда бас қосты.

Жазғы демалыс орны ретінде жабдықталған орталық алаңдағы  Абай бабамызға арналған көрнекті ескерткішті ашу құрметі аудан әкімі Д.Қажановқа, Марқакөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Наурызбаевқа және соңғы кезде Күршімге қоныс аударып, сонда тұрып жатқан белгілі ақын М.Тастағановқа ұсынылды. Ақ жамылғысы сыпырылып, ақын бабаның көзге ыстық кескіні жарқ ете қалғанда жиналған жұрт жамырай қол соғып, шынайы сүйінішпен ду ете қалды. Мұның өзі томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан шеткері ауылға бір тың жаңалықтың келгенін аңғартып тұрғаны  шындық еді.

Ұлы Абайдың еңселі ескерткіші ашылғаннан кейін марқакөлдіктерді аудан әкімі Д.Қажанов құттықтап, жақсылықтар, игіліктер тіледі. Ол ауданды жаңғыртуға облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бес млрд. теңге қаржы  бөлінген болса, сол қаражаттың жартысынан астамы Марқа өңірін көркейтуге жұмсалып жатқанын ортаға сала келе, өз тапсырмасын лайықты деңгейде орындап шыққан ауылдық округ әкімі Р.Кемешовтің еңбегін атап өтті. Ә.Наурызбаев ауылдастарын осы қуанышты күнмен құттықтап, шалғайда жатқан қауымға қамқорлық жасап жатқан облыс, аудан басшыларына шынайы алғысын білдірді. Ақындар Х.Зәкәрия мен М.Тастағанов ұлы Абайға арнаған жырларын оқып, құттықтауларын ортаға салды.

Бұдан соң осындағы тілектес қауымның алдында аудан әкімі Абайдың көрнекті екі ескерткішін өз қолымен құйып, сонымен бірге осы ауылда біраз уақыттан кейін ашылатын «Бәйтерек»  монументін құрастырып жатқан тарбағатайлық шебер Н.Әлдебаевқа алғыс айтып, ата салтымен шапан жапты.

Күн ызғарлы болса да, Марқакөл ауылының басшылығы даяр тұрған субұрқақты іске қосуға тәуекел еткен екен. Субұрқақ суын Абай әндерінің ырғағымен жайлап шаша келе, кенеттен аспанға атқылай жөнелгенде көпшіліктің, әсіресе балалардың қуаныштарында шек болған жоқ. Енді бұл нысан қысқа қарсы жабылып, жұмысын көктем шыға бастайтын болады. Сонда осы алаңның тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналарына еш күмән жоқ.

Бұдан соң жиналғандар үш жерден ашылған балалардың ойын алаңдарына барып, ата-аналардың балалары мен немерелеріне осындай тамаша алаң салып берген басшылыққа арнаған шын жүректен шыққан алғыстарына куә болды. Тұрғындар бір кісідей ризашылық білдіріп, мұндай игіліктер молая берсе, тұрғындардың ешқайда да көшпейтінін, ауыл халқының көбейе түсетінін, өздерінің алдағы күннен үміттерінің мол екендігін айтып жатты.

Осыдан кейін жұмыстарын көруге әдейілеп келген қонақтарға құрылысы басталып кеткен қос пәтерлі бес үйдің мердігері, Марқакөл коммуналдық шаруашылығының  басшысы А.Иқамбаев өз шаруалары жайлы әңгімелеп, алдағы жоспарларын ортаға салды. Ол бүгінгі ашылып жатқан ойын алаңдарының, аз қамтылған көпбалалы аналарға арналған үйлер құрылысының КСРО тарағаннан бергі отыз жыл уақыт ішінде осы өңірде мемлекет қаржысымен жүзеге асырылып жатқан алғашқы игі істер екендігін атап айтты.

Хасен ЗӘКӘРИЯ

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button