ҚоғамТОП

Марқакөл мен Таскескен астанада қиылысады

Зәулім үйлер салтанат құрған көрікті көшелермен жүріп өткен әрбір жан елорданың кемел келешегіне күмән келтіре алмайтыны хақ. Көше демекші, астана көшелерінің атаулары да затына сай. Абай, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тәуелсіздік, Тұран деген атаулар қандай жарасымды!

Қылышынан қан тамған қызыл империя құрсауындағы кешегі Целиноград қаласын көзге елестетіп көрейікші. Сарыарқаның кіндігінде тұрған бұл шаһардың көшелерін аралай қалсаңыз, құдды ішкі Ресейге еніп кеткендей күй кешер едіңіз. Ленин, Калинин, Греков, Кольцов, Лихачев, Бородин… Ал қазіргі жағдай басқа. Енді қарасаңыз, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәкен Сейфуллин атындағы көшелерді көресіз! Нұр-Сұлтанда қазір 640-тан астам көше бар.

Туған жерін дүниенің бар байлығына айырбастамайтын қазақ үшін ұлан-ғайыр қасиетті даласының кез келген өңірі – ата-баба мұрасы. Сол асыл мұраның қасиетін айқындайтын атаулар да ел байтағы – астана көшелерінен көрініс тауып отыр.

Сондай-ақ соңғы кездері ұлы тарихи оқиғаларға қатысты атауларға да айрықша мән беріле бастапты. Атап айтсақ, Аңырақай (біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы соғысында ірі жеңіске жеткен жері), Бұланты (1727 жылы Ұлытау өңіріндегі жоңғарларға қарсы шайқас болған жер) мен Қозыбасы (Қазақ хандығының құрылған жері) көшелері бар мұнда.

Бір қызығы, елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өзге көшелермен бірге Зайсан, Марқакөл, Күршім, Тарбағатай сынды Шығыстың жер-су атауларына арналған көшелер де бар екен.

Ұзындығы шақырымға жуықтайтын Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат көшелері жаңадан бой көтерген «Көктал» тұрғын ауданында, Аягөз көшесі «Қараөткел» тұрғын ауданында, Марқакөл, Таскескен, Ертіс, Бұқтырма көшелері Алматы ауданында, Берел (бұрынғы атауы – Целинный), Жидебай (бұрынғы Стаханов) мен Қалба көшелері Сарыарқа ауданында орын тепкен. Шаһардың шеткері аудандарындағы аталмыш көшелердің бойында негізінен жекеменшік коттедж үйлер орналасқан. Орталыққа жақындары – Аягөз, Берел, Жидебай мен Қалба көшелері. Соңғысының бойында Әбіш ата Назарбай мешіті тұр. Аягөз көшесінен «RDC Group» теннис орталығы мен Украина елшілігін табасыз.  Ал Марқакөл мен Таскескен көшелерінің қиылысуы тіптен керемет.

– Мен өзім Күршім ауданының тумасымын, қазір елордадағы Күршім көшесінде тұрып жатырмын. Туған-туыс, таныстарым «Күршімнен алыс кетпепсің ғой» деп қалжыңдайды. «Астанада жүріп елді сағынсаңыздар, жүздеген шақырым жол жүрмей-ақ, осында келе салыңыздар» деймін оларға. Көше бойында қырық шақты үй бар. 2007 жылға дейін көше Новый деп аталған, сосын Күршім атауы берілді.  Бұл көше Жаяу Мұса, Шөже ақын, Орынбай ақын, Ақыт Үлімжіұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Майлықожа ақын, Кербезқыз көшелерімен қиылысып жатыр, бір шеті Нұрғиса Тілендиев даңғылына тиеді, – дейді нұрсұлтандық Самат Ниязбеков.

Жалпы, елорда тұрғындары мен қонақтарын жаңа көше атауларымен таңдандыру оңай емес шығар. Астанада атау беру – жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, 2018 жылы астананың оң жағалауындағы жобалық нөмірі 179 болатын көше шығыс философы Рудакидің құрметіне аталды. Қаланың оң жағалауында Уильям Шекспир мен Леонардо да Винчи көшелері бар. Карталарға сәйкес олар ЖЭО-2 ауданында орналасқан. Ағылшын ақыны мен итальяндық суретшінің атындағы көшелердің қиылысып жатқаны расында қызық-ақ.

Кейбір көше аңыз-эпостар кейіпкерлерінің есімдерімен аталған – Қыз Жібек, Айман- Шолпан, Ләйлі- Мәжнүн, Баян Сұлу. Ал «Bi village» коттедж қалашығын «бақша» деп атауға болады. Алмалы, Інжір, Шиелі, Алхоры, Құлпынай, Қарақат, Таңқурай, Жүзім көшелері бар мұнда. Бүгінде елордада E319 немесе 31 деген жобалық атаулары бар көптеген көше салынуда. Жақын уақытта, бәлкім, оларға да ерекше атаулар беріліп қалуы әбден мүмкін.

Жалпы, астананың көше-даңғылдары кеңестік атаулардан толық құтылған. Айталық, бұрынғы Маркс көшесі – бүгінгі Кенесары, Пятилетка – Бөгенбай батыр, Студенческий – Абылай даңғылдары болып өзгерсе, Первомайский көшесі – Қарасай батыр, Смакотин – Жәнібек тархан, Социалистический – Мұхаммед Хайдар Дулати атын иемденген. Ойлап қарасақ, Нұр-Сұлтан көшелерінің осындай атаулары өткен тарихи тұлғаларға жасалған құрмет қана емес, өскелең ұрпақты Отанын сүюге, халқының өткенін құрметтеуге үйрететін таптырмас құрал.

Ел тәуелсіздігін айғақтап, ұлттық болмысымызды танытарлық атауларды көше мен нысандарға беру үдерісіндегі елорда тәжірибесі – еліміздің барлық қаласы мен елді мекендеріне үлгі боларлықтай-ақ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button