Марқадағы молдаван қызы

Туған жерге деген адалдық, ұзақ жыл мекен етіп, көктеп-көгерген өлкеге деген махаббат туралы әңгіме қозғалса, суырылып сөз сөйлеп, жалпыға жөн айтатын шешендердің аз емес екендігі белгілі. Жеме-жемге келгенде, солардың көпшілігінің жайлы жер, қолайлы қоныс іздеп, «шүу, қарақұйрық» деп жөнеп беретіні де жалған емес. Әрине, арамызда қандай қиыншылық көрсе де, атамекен, бауыр басқан өңір деп, барша ауыртпалыққа төзіп, туған жердің аз да болса бір кәдесіне жарап жүретін, келешегін ойлап, уайым жеп жататын жандар да жеткілікті. Солардың бірі туралы азды-көпті ой қозғасақ, оқырман қауым үшін қызықсыз бола қоймас.
Шалғайдағы Төсқайың ауылының тұрғыны Екатерина Вологова – молдаван қызы. Оның туып-өскен жері – сол кездегі кеңестік Молдавияның Когуль ауданына қарасты Пеленей деген кент екен. Катя табиғаты қатал, жолы қиын осы өлкеге 1982 жылы келін болып түсіпті. Апайы қазаққа тұрмысқа шығып, жолдамамен Қаба совхозына жіберілген соң, олардың түтін шығарып жатқан жерін көзбен көріп қайтуға келген балғын бойжеткен осы өңірдің тумасы, он қолы оймақ шебер жігіт Василий Вологовпен жолығып, таныс болады. Бұл таныстықтың аяғы шынайы сезімге ұласып, сонау жүзім мен шабдалы өсетін мамыражай өлкенің қызы Қабаның қытымыр табиғатынан жасқанбай, осы ауылда қала берген екен.
– Басында бұл аймақтың кісі бойы жауатын қары мен қақаған аязына шыдай алмай қатты қиналып жүрдім, – деп күледі Екатерина Георгиевна. – Біртіндеп бой үйретіп, бауыр бастық, енді маған біреу осы өңірден көркем жер бар десе, сене алмаспын. Әрі жайлы мекен іздеп, ешқайда қоныс аударатын да ойымыз жоқ.
Сол кездегі негізінен орыстар тұратын Бобровка ауылына келін болып түскен бойда қол қусырып отырмастан жұмысқа кіріскен жас келіншектің талай шаруаның басын қайырғаны рас. Ол алдымен күйеуі Василий прапорщик болып қызмет ететін осындағы шекара комендатурасында аспаз болып, ас пісірді. Кейіннен пошта таратушы болып, хат-хабар тасыды. Жергілікті учаскелік ауруханада санитар болып еңбектенгені де бар. Сол кездерде күнде кино болып тұратын ауылдық клубта билет тексерушінің де міндетін атқарды. Қалай болғанда да, Катяның өз нанын әрдайым адал еңбекпен тауып келе жатқаны шындық.
«Бір молдаван жігіті табылмады ма өздерің жақтан?» деген әзіліме Катя әзілмен жауап қайтарды:
– Жанымда жүрген молдаван жігіттерінен гөрі осы қиян өлкедегі орыс жігітінің салымдырақ болғаны ғой, – деп күледі ол. – Өкінішім жоқ, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз, әлі күнге бір-бірімізге деген сезіміміз, құрметіміз қаз-қалпында. Жалғыз қызымыз отбасымен Семейде тұрады. Оның екі баласы бар, біреуі, міне, – деп ол алты-жеті жастағы ұл баланы көрсетті. – Туғаннан менің қолымда. Әке-шешесіне қусаң барар емес. Өзіміз оқытып, өсіріп жатырмыз.
– Айтпақшы, – деп сөзін жалғастырды Катя, – менің апайым Елена кеңес заманындағы айтулы комсомолдық құрылыстардың бірі – БАМ-ға кетіп бара жатқанда Павлодардың вокзалында жездем Смайылов Серікпен кездесіп, бірін-бірі ұнатып қалыпты. Содан БАМ да, басқасы да жайына қалып, апайым әлгі қазаққа тұрмысқа шықты. Соңынан екеуі осы Қабада тұрып, жұмыс істеді, мен соларды іздеп келіп жүрмін ғой…
Сөзге сараң Василий өзінің әскери зейнеткерлікте екенін, есік алдындағы пилорамасын жүргізіп, басқа да ағаш шеберіне тән шаруаларды атқарып, айтарлықтай табыс тауып келе жатқанын ортаға салып өтті.
– Біздің ауа көшіп, ел ақтап кететін ойымыз жоқ, – деді ол сөзін тұжыра келе. – Бірақ заманның ағысынан қалуға, уақыт талабымен санаспауға болмайды. Бұл жерде жол дұрысталып, ұялы телефон байланысы орнатылса, интернет жұмыс істеп тұрса, біз сияқты жұрттың қозғала қоятын ойы жоқ. Осы аталғандардың адам тірлігінде, әсіресе кейінгі буын – жастар үшін маңызы қандай екені айтпаса да түсінікті ғой.
Өздері аянбай еңбектеніп, маңдай терін төгіп жүріп құрған берекелі шаңырақтарының, сондай-ақ барша ауылдастарының берекесінің бұзылмауын тілеп, шынайы пейілмен ақтарыла сөйлеген ерлі-зайыпты Вологовтардың көңіл төріндегі арманды ойды айқын ұғынған біз оларға осы айтқандарының барлығының қапысыз орындалып, шалғайдағы ауылдың түтінінің келешекте де түзу шыға беруіне шын көңілмен тілектес екенімізді білдірдік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.