СпортТОП

Мақтаулы фристайлшымыз мандытпай тұр

 

АҚШ-тың Дир-Вэлли тау шаңғы курортында фристайлдың могул түрінен Әлем кубогы үшін жарыстың төртінші және бесінші кезеңдері мәреге жетті. Аталмыш додада ел намысын бір топ шығысқазақстандық спортшы қорғаған болатын.

Арасында жанкүйерлер ерекше үміт артқан Юлия Галышева да болды. Әзірге Юлия ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсете алмауда. Галышева биылғы жаһандық жарыс аясында өткен бұған дейінгі үш кезеңнің бірде-бірінде жүлдегерлер қатарынан көрінбеді, сол себепті бұл жолғы жарыста қайткенде де жеңіс тұғырына көтерілуге тырысты.

Алдымен жекелей сында өнер көрсеткен жерлесіміз финалға дейін іркілмей жетті. Алайда шешуші кезеңде Юлияның жолы болмады. Жарыс қорытындысы бойынша 77,31 ұпай жинаған Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері бесінші орынды місе тұтты.

Бұл күні Дир-Вэлли бөктерінде ерлер арасындағы сайыс та өтіп, оған тағы бір жерлесіміз Дмитрий Рейхерд қатысқан болатын. Дмитрий де финалға еш қиындықсыз шыққанымен, ақтық бәсекеде сүреңсіз өнер көрсетіп, 74,19 ұпаймен алтыншы орында қалып қойды. Бұл сында финалға жолдама алған тағы бір шығысқазақстандық спортшы Павел Колмаков тоғызыншы сатыға тұрақтады.

Бұдан кейін дәл осы курортта өткен параллельді могул сайысында Юлия Галышеваның қолаға қол созатын тамаша мүмкіндігі бар еді. Алайда үшінші орын үшін өткен бәсекеде жерлесіміз америкалық Тесс Джонсоннан ұпай саны бойынша ұтылып, үздік үштікке ілінбей қалды. Галышева жартылай финалда тағы бір америкалық фристайлшы Ханна Сордан жеңіліп қалғанын айтқан жөн.

Сондай-ақ Америка жеріндегі жарыста ел құрамасы сапында Анастасия Городко, Аяулым Әміренова, Сергей Романов пен Антон Бондарев сынды спортшыларымыз бақ сынаған-ды. Алайда олардың барлығы финалдық кезеңге жетпей жатып-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button