МәдениетРуханият

Мақаншыдағы ерекше мұражай туралы не білеміз?

Бейсенғазы Ұлықбек

 

Осыдан біраз жыл бұрын жезтаңдай әнші, көрнекті сазгер, дарынды ақын Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өткен болатын. Содан бері ақынның өмірі мен өнері туралы қаламгерлер жиі-жиі жазып жүр. Осы орайда өңіріміздегі Әсет мұражайын ұзақ жылдар басқарған, шығармашылығының қыр-сырын терең білетін Әбен Разуевпен жолығып, Әсет Найманбайұлына байланысты деректер мен мәліметтерді тілге тиек еткен едік.

Жетісу мен Алтайды әсем әніне бөлеп, Алакөл мен Арқа атырабын жырға қосқан дүлдүл ақын, бұлбұл әнші әрі дарынды сазгер Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен 1990 жылы бұрынғы Мақаншы ауданында әдеби мемориалдық мұражай ашылған. Алғашында оған аудан орталығындағы бұрынғы өлкетану мұражайының бір бөлмесі беріліп, ақын мұрасы орналастырылса, 1992 жылы Әсеттің 125 жылдығы қарсаңында мұражай өз есігін халыққа салтанатты түрде ашты.

– Әбен Тұйғынұлы, Әсет жөнінде өзіңіз білетін деректерді оқырмандарға кеңірек талдап айтсаңыз.

– Әсеттің әншілік өнерін кезінде Ілияс Жансүгіров жоғары бағалап, өзінің «Әншіге» деген өлеңін жазған болатын. Шындығында да ақын Әсет:

«Арғынмын, атым – Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма дарымаған,

Аспанның аясында ән шырқаған,

Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.

Төгіліп інжу-маржан сауылдаған», – деп жырлаған еді.

Мұхтар Әуезов Әсеттің Абай ауылында 1888-1891 жылдары болып, ұлы ақыннан тағылым алғанын жазса, абайтанушы Қ. Мұхаметқанов «Абайдың ақын шәкірттері» жинағында Әсетке үлкен орын беріп, сүбелі тұжырымдар жасайды.

Ақынның руы – арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Қарашоры, оның ішінде Майлық Қожамбергісінен тараған Қалыбайдың балалары – Найманбай мен Қайранбай. Бұлардың ертедегі атақоныстары бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Қызыларай тауының бөктеріндегі нулы Қаршығалы өзенінің бойында орналасқан Керегетас деген жер. Найманбай кәсіп иесі болғандықтан сонау бір ауыр жылдарда Арқаның ақшомырларына ілесіп Семей жеріне, кейін Қытаймен шектес Мақаншы өңіріне кеп, Алакөл жағасын жайлаған Еміл-Барлық болысын мекен етеді. Осы жерден жаңбыршы руының қызы Кермеқасқаға (Керімбала) үйленіп, тұрақтап қалған. Найманбайдың қыстауы мен зираты Мақаншы өңірінің Алакөл жағасындағы Қарабұлақ ауылына жақын Сасықкөл деген жерде.
Әсет Найманбайұлы 1867 жылы туған. Әсеттің нақты туған жері туралы жазба дерек жоқ. Әзірше екіұдай пікір қалыптасқан. Біраз зерттеушілер ақынды Мақаншы өңірінде туды десе, енді біразы әкесі Найманбайдың туған жеріне сілтеме жасайды.

Мұражайдың экспозициялық көрмесі осы туралы деректермен және 1936 жылғы 26 маусымда «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған Б. Ысқақовтың мақаласы, 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген журналист О. Орынтаевтың «Әсет» мақаласы, жазушы Б. Нұржекеев және абайтанушы Қ. Мұхаметқанов, зерттеушілер О. Бекбосынов, Б. Абылқасымов, Б. Адамбаевтың деректі қолжазбаларымен толыққан.

Бұдан кейін ақынның жастық шағы өткен Көктұма (Бақты) қаласы мен оның 7-14 жас аралығында білім алған Зейнолла қажы (Ғабышүкір) медресесі туралы деректер орын алған. Көрмеде ақын дәріс алған медресе суреті мен ол ұстаған құран кітабы, ақынның жұбайы Тәтежан аманат етіп, алғашқы келіні Кәукенге табыстаған Әсеттің бойтұмары (дұғалығы) орын алған.

Медреседе оқып жүрген шағының өзінде-ақ оның дарыны таныла бастайды. Құран сүресін әуендетіп айтқан Әсет ақындық өнердің жолына 13 жасынан араласады.

«Елуден жасым менің белең асқан,

Өлеңге он үш жастан араласқам», – дейді ақын.

Әсеттің ақындығы туралы ел арасында әңгіме көп айтылады. Әсіресе, оның Рысжан деген қызбен Қоянды жәрмеңкесіндегі айтысы туралы. Осы айтысқа М. Әуезов пен С. Мұқанов жоғары баға берген. Көрмеге осы айтыс туралы пікірлер, айтыстың қолжазбалары, үзінділері қойылған. Арқа ақындарының Меккесіне айналған Қоянды жәрмеңкесінің суреті, осы туралы әдебиеттер және Әсеттің Кәрібай, Бақтыбай, Қали, Қызыр, Мәлике қыз сынды ақындармен айтысы туралы да деректер орын алған.

Әсеттің Абаймен байланысы және Әсет әндерін ел арасына насихаттаушылар туралы таратып айтсаңыз.

– Абай – ақындық, әншілік жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыс ғұламаларының, шығыс даналарының еңбектерін үйреніп, философиялық ой-тұжырымдарына қанығады. Айтыса жүріп, аты шыға бастаған Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кемеңгер сынынан өткен шағы 21-22 жас шамасы еді.

Мұражайдағы бір көрме Абай мен Әсет арасындағы шығармашылық байланысқа арналады. Әсеттің Абай ауылына келуі, Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі М. Әуезовтің сөздері жазылған. Көрмеге әдебиетші Б. Кенжебаевтың, ақын Ғ. Игенсартовтың «Абай мен Әсет» мақалалары, Абайдың «Әсетке» өлеңі, Қ. Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері» жинағы қойылған.

Әсет – көрнекті лирик ақын. Заманды шынайы суреттеу, тылсым дүние бояуларын өлең-жырмен, тамаша сөздерімен со қалпында жеткізу – Әсетке тән қасиет. Ақынның ерекше құнды дүниелерінің бірі — қиссалары, дастандары. Бізге оның 20-дан астам дастаны белгілі. Әсеттің шығыс ертегілерінің желісімен жазылған «Рүстем – Зораб», «Жамсап», «Шәкірт – Шәкрат», «Бозжігіт», «Жүсіп – Зылиха», «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Шеризат», «Француз ханы туралы хикая» дастандарынан басқа моңғол ертегісінің желісімен құрылған «Салиха – Сәмен», қазақ қоғамының тынысын аша түсетін «Қызыл табан ағаш ат», «Кешубай», «Түсіпхан», «Төрт өнерпаз», «Нұғыман – Нағым» дастандары мен оның Абайдан кейінгі екінші болып аударған Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы әдебиетіміздің алтын қорына айналып отыр. Әсеттің алғашқы шығарған шығармаларының бірі – «Салиха – Сәмен». 1945 жылы дастан Қытайдың Алтай аймағындағы Сарысүмбе қаласында басылып шыққан. Мұражайда осы дастандарға үлкен орын беріліп, қайсыбірінің қолжазбалары қойылған.

Келесі бір үлкен бөлім – «Әсет – әнші-композитор». Жазушы С. Бегалин ақын Кенен Әзірбаевтан «Осы Әсеттің дауысы қандай еді?» деп сұрапты. Сонда Кенекең: «Мен осы жасыма дейін Әсеттің дауысындай зор дауысты естімеген едім, болса Әміренің дауысы Әсетке жетеғабыл болар» деген екен. Шынында, Әсеттің ән айту ерекшеліктері өте күрделі. Әуен құрылымы да айтушыға жеңіл түспесі хақ. Әсеттің «Інжу – Маржан» әні қазақ ән өнерінің биік шыңы десе болғандай. Бұдан басқа Әсеттің «Мақпал», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Қысымет», «Қоңыр қаз», «Шама», «Ардақ», «Желдірме», «Көктас», «Гауhар қыз», «Әпитөк», «Қанапия», «Жиырма бес», «Ырғақты» әндері – диапозоны жоғары, кең тынысты әндер. Әсет әндері бүгінде драмалық шығармалардан басқа опералық қойылымдарда, кинофильмдерде пайдаланылуда. «Қазақстан» телеарнасының «Ғасырлар үні» дәстүрлі концертінің шымылдығы жыл сайын «Інжу – Маржан» әуенімен ашылады. Әсет әндерінің бізге жетуі әнші, халық әртісі Дәнеш Рақышовтың 1959 жылы Отанына келуімен байланысады. Дәнештен кейін М. Ешекеевтің, Ж. Кәрменовтің, Б. Тілеухановтың, Н. Жанпейісовтің орындауында ғана Әсет әндерін тыңдауға мүмкіндік алдық.

Зерттеушілердің Әсет шәкірттері жөніндегі түрлі материалдары да осы бөлімге қойылған.

Мұражайдағы құнды жәдігердің бірі – 1918 жылы Мұхамеджан Юсупов түсірген Әсеттің Шәуешек қаласындағы қазақ зиялыларымен бірге түскен суреті. Суретте ортада отырған – Алаш қайраткерлері М. Дулатов, Р. Мәрсеков, А. Байтұрсынұлы. Шетте жеке отырған – Әсет.

Әсет өмірінің соңы Шыңжаңның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында өтеді. Ақынның осы өңірден шығарған шығармалары мен өмірінің соңы туралы материалдар көрмеден орын алған. Экспозициядағы ерекше қызығушылық тудыратын материалдардың бірі ұрпақтары жөнінде. Жартылай киіз үй макетінің ішіне жинақталған жәдігерлер ішінен Әсеттің өзінің, әйелі Тәтежанның, қызы Сәмегөйдің, ұлы Қожекенің ұстаған дүние-мүліктерін тамашалай аласыз. Сондай-ақ, Әсеттің келіні Қамарияның кейбір жиhаздары да осында. Ақынның ұрпақтары туралы, ата тегі туралы шежіресі де жазылған. Көрменің соңғы бөлімі қазасы және зираты жайындағы деректермен толыққан

Әсет туралы толық мағлұмат аламын десеңіз, мұражайына келіңіз.

 

Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button