Қоғам

Манифест бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайды

Манифест бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайды

Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі өз елі ғана емес, барша адамзаттың мүддесін қорғауға жасалған маңызды қадам. Семейдегі Достық үйінде осы маңызды құжатқа қолдау көрсетіп, үн қосушылар бас қосты.
-Біз ел ертеңіне қатысты алаңдаушылықтан туған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ манифесін қолдаймыз, – деді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Сұлтан Картоев. – Елбасының ядролық қарусыз өмір сүруге шақыруы планета тұрғындары мен көптеген мемлекет басшылары тарапынан зор қолдау табуда. Қазақстан басшысының манифесіне бүкіл әлем үн қосып жатыр. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, құрмет. Биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтетін қазақ елі халықаралық деңгейде тағы бір бастама көтеріп, бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылыстың үлгісін көрсетті.
-Расында да, жүйелі пікірлерімен, соны бастамаларымен, даналық шешімдерімен Қазақстан Президенті әлемдегі дара тұлғалар қатарынан орын алып отыр,-деді жиында сөйлеген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік және Шығыс аймақтары бойынша вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев. – Келелі мәселелер талқыланатын басқосуларда Қазақстан Президенті алғашқылардың қатарында сөз сөйлеп, пікір білдіруге шақырылады. Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ға¬сыр» атты манифесі ұлт көшбасшыларының болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін және бір екшеген, ядролық қарусыз өмір сүруге шақырған саяси маңызы өте салмақты құжат бо¬лып табылады. Бұған қоса, манифест – Қазақ¬стан басшысының әлемдік аренада айтқан тың ойы, өзге елге үлгі бола білудің, еліміздің бейбіт өмірді жақтайтындығының айқын көрінісі. Елбасымыз өз манифесін жариялау арқылы әлемге жаңаша ойлаудың үлгісін көрсетіп берді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, қазіргі таңда әлемдегі құндылықтар жүйесін жаңаша түзу бірінші кезектегі тарихи міндет.
-Елбасымыз үнемі халықаралық басқосуларда жаћандық жаппай қырып-жоятын соғыс қаупін болдырмауға қарсы бастамаларын ашық түрде ортаға салады,-деді жиында сөйлеушілердің ойын сабақтаған «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының белсендісі, дәрігер Болат Серікбаев. – Елбасы адамзатқа соғыссыз әлемнің кең ауқымды бағдарламасын жасау керектігін айтып отыр. Тіпті, алдағы он жылда барлық кикілжіңдер мен соғыстарды тоқтату жалпыға ортақ міндет деді. Шынында да, бейбіт әлем – адамзаттың барлық салада дамуының кепілі. Ал тыныштықта өмір сүру – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі. Қазақтар – ежелден қонақ күткен, бейбітшілікті қалаған, көшпенді өмір сүріп, малын жайып, берекесін көрген ел. Егемендікке алғаш қол жеткен тұста да Елбасымыздың Семей ядролық полигонын жабуы әлемдегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұны бағалауымыз керек.
Жиында ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар мүшелері де манифесті бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Мәселен, Николай Исаев, Айман Бокпасарова және басқалар бұл құжаттың Елбасының бүкіл әлемде соғыс атаулыны болдырмау жолындағы, бейбіт өмірді сақтаудағы тың қадамы екенін атап көрсетті.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button