Маңызды іске бір адамдай жұмылу қажет

Азамат Темірбеков
Еліміздің Ата заңына өзгерістер енгізуге байланысты референдумды қолдаудың облыстық қоғамдық штабы өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні еліміздің Конститутциясына өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Осы ретте өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында конституциялық реформаларды түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарына қатысу мәселелері бойынша облыстық штаб құрылып, мақсаты мен міндеттерін баспасөз конференциясында облыстық штабтың мүшелері Олег Чернышов пен Элеонора Столярова түсіндіріп өтті.
– Президент Жарлығымен еліміздің Ата заңына енгізілетін түзетулер топтамасы референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылады. Бұл түзетулер саяси жүйені қайта құру үшін көптен күткен шараларды қамтып, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылы форматтарын жаңартуға деген қадам болмақ. Саяси жүйені түбірімен өзгертіп, мемлекеттік басқару ісіне атсалысу үшін азаматтарға кең мүмкіндіктер беру – Президенттің биылғы Жолдауында айтылған бастамалардың негізгі мақсаты. Демократияландыру үдерісін тиімді жүргізу үшін әрине алдымен Ата заңға өзгерістер енгізу қажет. Осы ретте Президенттің тапсырмасымен құрамына белгілі заңгерлер, саясаттанушылар мен сарапшылар енген арнайы жұмыс тобы құрылып, конституциялық өзгерістердің жобасы әзірленді, – деді өз сөзінде Олег Чернышов.
Шығыс Қазақстан облысында да Конституциялық реформаларды түсіндіру, ұйымдастыру қоғамдық тобы құрылып, құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, блогерлер мен журналистер, жастар мен ардагерлер қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері кірді.
– Біз – Қазақстанның азаматтық қоғамының белсенді өкілдері, референдумды қоғамдық қолдаудың облыстық штабына топтастық. Біздің қатарымыз еліміздің ірі үкіметтік емес ұйымдары өкілдерін, ғалымдарды, блогерлер мен журналистерді, жастар мен ардагерлер қауымдастығын, этномәдени орталықтардың жетекшілерін біріктіреді. Штабымыз құрылды, себебі, біз ұсынылған Конституциялық өзгерістердің бағыттарын толық қолдаймыз. Сондай-ақ Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы өз пікірін білдіруге құқылы екеніне нық сенімдіміз, – деді Олег Чернышов.
Жалпы, Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін толық қолдайтынын алға тартқан ол барша қазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, республикалық референдумда дауыс беруге бір адамдай қатысуға шақырды.