Маңырақ көшелерінде – мәнді сөздер
Жаз шыға әр жылдары бітірген мектеп түлектері онжылдық, жиырма жылдық, отыз жылдық деп кете беретін мерейлі сәттерін туған ауылдарында өткізуге асығады. Мұндай игі дәстүр Тарбағатай ауданында ертеден қалыптасқан.
Түлектер бас қосып, той өткізіп қана қоймай, ауылға қажетті көптеген дүниелерді бірлесіп атқарып кететіні бар. Жуырда ауданның Маңырақ ауылдық округінде 1987 жылы бітірген мектеп түлектері биылғы 35 жылдықтарына орай, тың үрдісті іске асырды. Ауылдағы негізгі көшенің бойына тарих төрінен орын алған айтулы тұлғалардың ұлағатты сөздері жазылған тақталарды жол жиегіне орнатып шыққан. Ауыл тұрғындары мен қонақтардың жаяулатып та, көлікпен де жүретін негізгі жолы осы көше екенін ескерсек, бұл тақтайшалардағы жазулардың көпке ой салары анық. Сүбелі сөздер санаға сәуле түсіріп тұрғандығын қасынан өтіп бара жатып оқығанда кәдімгідей сезінесің, рухтанасың.
Мысалы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының:
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме, күлкі, мастыққа,
Көзің қайдан жетеді,
Достық пенен қастыққа? – деген жастарға ғибрат айтуға бағытталған бұл өлеңі көңіл сарайыңды ашып тұр емес пе!
Келе жатып, тақтайшадағы тағы бір сөзге көзіңіз түседі. Алаш арысы Әлихан Бөкейханның бір ауыз сөзін жаздырып ілу арқылы осы күні қоғамның ең бір алаңкөңіл мәселесіне айналған жат ағымдардың кері әсерін тап бастырып, танытып тұрғандай. «Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз». Дөп сөз!
Біздер Тәуелсіздігімізді асқақтату үшін оның тарихын тереңірек білуімізбен қатар, ұлы тұлғалардың көшелі сөзін көшеге іліп, осылай насихаттай беруіміз керек қой. «Алыстан алаш десе, аттанамын, Қазақты қазақ десе, мақтанамын, Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ. Мен неге қазақтықтан сақтанамын!». Қарға тамырлы қазақ үшін, алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстарымыздың бірі – Міржақып Дулатұлының да бұл айбарлы сөзі Маңырақ көшесінде көрнекілікпен ілулі тұр.
Сонымен қатар Әйтеке би Байбекұлының: «Батыр боп жауға найзаң тимесе, Батырлықтан не пайда. Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, Байлығыңнан не пайда» немесе Қазыбек би Келдібекұлының: «Алтын ұяң – Отан қымбат, Құт-берекең атаң қымбат. Аймалайтын анаң қымбат, Мейірімді апаң қымбат, Асқар тауың әкең қымбат, Туып-өскен елің қымбат. Ұят пенен ар қымбат, Өзің сүйген жар қымбат» деп келетін ойлы орамдары да көзге оттай басылады.
Кезінде көрсоқыр идеологиямен басқаға телінген, түп негізі түркі екендігі бертін дәлелдене бастаған ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның да сөзі көше тақтайшасынан менмұндалайды. Онда былай делінген: «Сауаттыға хат ұстат, Ептілерге ат ұстат. Ержүрекке ел бақтыр, Момақанға мал бақтыр». Қазір өз қолымыз өз аузымызға жеткен шақ, санамыз да тәуелсіз. Жастарға Шыңғыс хан түбі бір түркіден шыққан бабамыз екенін сезінуі ләзім. Ең болмағанда, оның өлең шумақтарын біліп жүрсе де, аз олжа емес. Тәуелсіздік ісіне, халықтың мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің өлең шумақтарының бірінде:
Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Европаны тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тәжім еткен , – деп дәйектей түседі.
Маңырақ көшесінің бойымен жоғары өрлей түссеңіз Ахаң-Ахмет Байтұрсынұлының: «Дегендер «Мен жақсымын» толып жатыр, Жақсылығы өзiнен артылмаған… Бәрiнен тыныш ұйықтап жатқандар көп, Ұмтылып, талап ойлап, талпынбаған» дейтін, халықты еңбек пен білімге үндейтін өміршең өлеңін оқисыз. Оқисыз да, тағы ойға қаласыз.
Енді біраз жүрсеңіз алдыңыздан «Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз, Азған елдің ішінен. Алыс-алыс қашыңыздар, Зияндасты кісіден. Жақсыны көзбен салмаңыздар, Жақсыдан қапыл қалмаңыздар. Өзі болған ерлердің, Аяғынан алмаңыздар» деп елді береке-бірлікке, адалдыққа шақырып тұрған қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсариннің бейнесі мен өрелі өлеңі шығады.
Ер басына күн туып, етігімен су кешкен кешегі жаугершілік заманда өзінің шебер саясаткерлігі арқылы Ресей және Қытай сияқты ірі империялармен сауда-дипломатиялық қатынас орната отырып, өз саясатымен де санасуға мәжбүр етіп, іс жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалған хан Абылай екендігінде дау жоқ. Үш жүздің басын қосқан ұлы тұлғаның үш ауыз сөзін тақтаға жазып ілмесек, елге сын деп тапқан түлектер Абылайдың айбынды сөзін тақтаға жарқыратып жазғаны қандай керемет! «Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең – көгермейді!», «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз!». Рухты жанитын, санаға сіңіп бойға даритын сүбелі сөз!
Жалпы, Маңырақ ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектептің 1987 жылғы түлектері жоғарыда аталғандардан бөлек, Райымбек батырдың, Махамбет Өтемісұлының, Маңырақ өңірінің төл тумасы, заманына лайық білім-білігі бар ақын әрі әнші, жыршы болған Әрімжан Жанұзақұлының, қазақ поэзиясындағы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың, шыншылдық ұстанымымен өршіл өлеңдер жазған, күні кеше Президенттің қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Мұхтар Шахановтың, тағы басқа елге елеулі жандардың өлеңдері жазылған тақтайшаларын жол бойынан көш түзеп, қаз-қатар орнатқан. Осының бәрін іс жүзіне асырып, ортадан қаражат шығарып жасатып жүрген Маңырақ ауылының 1987 жылы мектеп бітірген түлектеріне қалай ел разы болмасын. 35 жылдықты естен кетпес, баға жетпес іс-шарамен айшықтағаны – көпке үлгі.
Мұның алдында да, нақтарық айтқанда дәл осы түлектер 2017 жылы өздері оқыған білім ордасына күрес матысын әкеп беріпті. Сондай-ақ ауылдың абаттануына үлес қосып, «Барыс» мүсінін орнаттырған.
«Биыл бітіргендеріне 35 жыл болған түлектеріміз ауылымызды көркейту мақсатында, жас ұрпақтың асыл да қазыналы сөздерінен тәрбие алуы үшін «Бабамыздан қалған ұлағатты сөздер» тақталар тізбегін қойды. Туып-өскен ауылға қолдау жасап жатқан 1970 жылғылар, яғни, 1987 жылы мектеп бітірген түлектерге өзімнің, тұрғындардың атынан риясыз көңілмен алғыс айтамыз. Жанұяларына бақыт, өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін, сауапты істері қайырымен болсын», – дейді Маңырақ ауылдық округінің әкімі Әбілхайыр Қожахметов.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.