Руханият

Манарбек МҰХАМЕДЖАНОВ:-ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ДІҢГЕГІ БЕКИ ТҮСТІ

Манарбек МҰХАМЕДЖАНОВ:-ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ДІҢГЕГІ БЕКИ ТҮСТІ


18-қазан – Рухани келісім күні қарсаңында өңірдегі діни ахуал, дінаралық татулық пен келісімді нығайту, теріс ағымдардың алдын алу, халықтың дінтанушылық сауатын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджановпен әңгімелескен едік.

– Рухани келісім күні мерекесі құтты болсын! Ізгілік пен татулық күніне орай сұхбаттасудың сәті түскен екен, ендеше әңгіменің әлқиссасын еліміздегі, оның ішінде өңірдегі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастан бастасақ.

– Рахмет! Қазіргі облыстағы діни ахуал тұрақты деуге негіз бар. Аймағымызда үш жүздің үстінде діни бірлестік тіркелген. Олардың басым бөлігі – дәстүрлі ислам және православиелік христиан өкілдері. Өңірдегі діни ахуалға мемлекеттік органдар мен діни ұйымдардың бірлесіп атқарған жұмыстары оң әсерін тигізуде. Атап айтсақ, жыл басынан бері жүзеге асырылып келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған көптеген іс-шаралар мен Рождество, Наурыз, Конституция күні, Құрбан айт сияқты атаулы күндер аясында қолға алынған әрбір бастама дінаралық келісімнің діңгегін мықтай түсуге ықпал етті. Бір мысал, діни бірлестіктер арасында өткізілетін дәстүрлі спорттық жарыстар оларды түрлі діни наным-сенімдеріне қарамастан бір-біріне жақындастырып, достығын арттыра түскені жасырын емес. Сондай-ақ, баршаға белгілі Құрбан айт, Мәуліт, Рождество, Шоқыну, Пасха мерекелері де діни шеңберден шығып, әлеуметтік сипат алып, ұлтаралық достықты нығайта түсуде. Мұсылмандар мен христиандар бір-бірін құттықтап, қуаныштарын бөлісуі игі дәстүрге айналды. Ал осы мерекелер шарықтау шегіне қазанның 18-і күні тойланатын Рухани келісім күнінде жетеді. Мінеки, осының бәрі – мемлекетімізде жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың нәтижесі.

– Діни ахуалдың тұрақты болғаны жақсы, әрине. Бірақ ел тыныштығын бұзғысы келетін теріс діни ағымдардың мәселесін де естен шығармайық. Бұл бағытта қандай жұмыстар істелуде?

– Рас айтасыз, ондай мәселе бар. Теріс пиғылды ағымдармен күрес бір сәтке де тоқтамайды. Керісінше жылдан-жылға жетілдіріліп, уақыт пен қоғамның талабына сай жаңа сипат алып, формасы өзгеруде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында қазір халықтың діни сауаты айтарлықтай көтеріліп, радикалды ағымдарға деген қорғаныштық иммунитеті күшейе түсті. Облыстық драма театр әртістерінің көмегімен қойылып жүрген «Шырмауық» спектаклінің осымен үшінші жыл қатарынан сахналануы радикалды топтардың шырмауына іліккен қазақ жігітінің тағдыры туралы бұл туындыға деген көрермен қызығушылығын көрсетсе керек. Облыстың елді мекендерінде ғана емес, тіпті, еліміздің өзге өңірлерінде де «Шырмауық» спектаклі көрсетіліп, көпшіліктің қошеметін алуда.

Одан бөлек, облыста діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы тұрақты жұмыс істеп, теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында түрлі акциялар өткізілуде. Мәселен, Өскемен мен Семей қалаларында өткізілген «Жастар экстремизмге қарсы!» акциясы барысында тұрғындар арасында ақпараттық парақшалар мен жадынамалар, буклеттер таратылып, экстремизмнің қауіп-қатері туралы кеңірек мағлұматтар берілді. Еріктілер қала мешіттері, қоғамдық көлік аялдамалары, әкімшілік полиция бөлімі маңайындағы аумақта, саябақтар мен алаңдарда, «Дана», «Ақшың», «Мереке», «Жансая» сауда базарлары мен орталықтарында жұмыс істеді. Акция барысында тұрғындардың «ұйымдастырылмаған» санаттары қамтылды. Жұртшылық ақпараттық материалдарға қызығушылық танытты. Кейбірі тіпті туыстарына, таныстарына арнап, қосымша жадынамалар сұрап алып жатты.

Қалалардағы коммуналдық қызметтер арқылы тұрғындарға түбіртектердің келесі жағында қажетті ақпараттар жазылған 370 мың парақша таратылды. Онда радикалды діни ағымдардың психологиялық әсер ету тәсілдері, олардан қорғану жолдары көрсетілген.

Бұған қоса, облыс халқы асыға күтетін «Рухани керуен» биыл Көкпекті, Тарбағатай және Зайсан аудандарын аралап, нәтижелі жұмыс істеді. Жалпы, айта берсек, атқарылған істер аз емес.

– Түсінікті. Мұның бәрі алдын алу шаралары. Ал енді теріс ағымдардан зардап шеккен адамдарға қайтпек керек? Олардың тағдыры не болмақ?
– Олар да назардан тыс қалмайды. Радикалды діни топтардың әсерінен жапа шеккендерге кәсіби психологтар мен теологтар, өзге мамандар арнайы көмек көрсетіп, қажетті кеңес беретін орталық бар. Орталықтың сенім телефоны 8 (7232) 70-56-56. Мекенжайы: Өскемен қаласы, Орджоникидзе көшесі, 47. Орталық мамандары бүгінге дейін бірқатар адамдарға көмек көрсетті.

– Радикалды діни ағымдар үгіт-насихатты интернет арқылы да белсенді жүргізетінін білеміз. Ал ғаламторға тосқауыл жоқ. Не істеу керек? Қауіптің бетін қалай қайтарамыз?

– Интернет-ресурстарға ұдайы мониторинг жүргізу арқылы экстремистік сипаттағы материалдардың болу, болмауын анықтап отыратын мамандарымыз бар. Бұл өте маңызды мәселе. Қандай да бір сайтта немесе әлеуметтік желіде экстремистік мазмұнға ие материалдар, жазбалар жариялана қалса, дереу тосқауыл қойылады. Қауіпті материалдар кездестірген жағдайда кез келген адам жоғарыда аталған 70-56-56 сенім телефонына хабарласуына болады. Жыл басынан бері біздің мамандар осындай 246 бейнематериал мен 99 интернет порталды анықтады. Аталған ақпарат көздерінде өзге дін ұстанушыларды, атеистерді жазалауға, тіпті, өлтіруге шақырған деректер бар. Егер мұндай сайттар анықтала қалса, дереу жұмысы тоқтатылады.

– Биыл облысқа «Нұр Мүбәрак» университетін бітірген бірнеше жас маман келді. Олар қазір немен айналысуда? Жас кадрларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Облыста, оның ішінде ауылдық жерлерде молдалардың жетіспеушілігі бар. Соған орай «Нұр Мүбәрак» университетін бітірген 16 жас түлек алдын ала жасалған келісім бойынша Шығысқа қызмет етуге келді. Олардың екеуі Ұлан және Көкпекті аудандарына имамдық қызметке жіберілсе, қалғандары облыстық «Халифа Алтай» мешітінде тәжірибелерін жетілдіріп, білікті әріптестерінен жергілікті халықтың салт-дәстүріне, менталитетіне қарай имамдық қызмет туралы қосымша үйренуде. Алдағы уақытта олар да тиісті қызметтеріне кірісетін болады. Өз кезегінде жергілікті жердегі кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары, қарапайым тұрғындар қызмет етуге келген жас кадрларды баспанамен, еңбекақымен қамтамасыз етуге ықылас білдіріп отыр.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, теологиялық білім алғысы келетін жастар қазір Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетіне және республика бойынша тоғыз медреседе оқуына болады. Сол сияқты Е.Гумилев атындағы ЕҰУ-да, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Е.Букетов атындағы ҚарМУ-да дінтанушы мамандықтары бойынша оқытады. Бұрынғыдай шетел асып білім іздеудің қажеті жоқ, өзімізде де сапалы білім беретін оқу орындары жеткілікті.
– Мешіт демекші, қазір ауыл-ауылда жарыса бой көтеріп жатқан ғибадат үйлері баршылық. Шүкір дейміз ғой, Алланың сөзі айтылатын орындар көптік етпейді. Алайда сол мешіттерді бақылайтын біреу бар ма? Олар тиісті жерде тіркелген бе? Молдалармен қамтамасыз етілуі және басқа мәселелері қалай шешілуде?

– Бақылаусыз бір де бір мешіт жоқ. Барлығы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қадағаланып, тиісті орындардың назарында. Бүгінгі күні облыста 201 мешіт тіркелген. 223 имам мен наиб-имам халыққа қызмет атқаруда. Жақында ғана Зайсан ауданының Дайыр, Катонқарағай ауданының Топқайың және Шыңғыстай ауылдарындағы мешіттер әділет органдарында тіркеуден өтті. Ал ауылдық мешіттердің діни қызметкерлермен қамтылу проблемасы біртіндеп өзінің шешімін табуда. Оған нақты мысал ретінде «Нұр Мүбәрак» университетінен шақыртылған жас мамандарды айтуға болады.
– Сөз соңында айтарыңыз…

– Қырық күн қырғынмен өмір сүргенше, бір күн болса да бейбітшілікте тұрмыс кешкен артық. Айналамызда қарулы қақтығыстар өршіп тұрған заманда еліміздегі тыныштыққа сансыз тәубе дейміз. «Қайғысыз адам қара суға семіреді» демекші, ең әуелі мемлекетімізде тұрақтылық болсын. Тұрақтылық ұйыған елдің болашағы баянды. Осыны әрбір қазақстандық жадында тұтқаны абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Серік Құмарғалиұлы

Манарбек МҰХАМЕДЖАНОВ:-ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ДІҢГЕГІ БЕКИ ТҮСТІ

Манарбек МҰХАМЕДЖАНОВ:-ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ДІҢГЕГІ БЕКИ ТҮСТІ

Осы айдарда

Back to top button