ҚоғамТОП

Мамырға дейін маза жоқ

Облыста көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары 93 пайызға орындалды. Дегенмен арқаны кеңге салып, алаңсыз отыратын кез емес қазір. Өңірдің таулы аймақтарында әлі де болса қар қалың. Ауа райы да құбылып тұр. Сондықтан жергілікті атқарушы билік өкілдері мен құзырлы орындар жағдайды жіті бақылауда ұстап, алдын алу шараларын мүлтіксіз жүргізуі қажет.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев су тасқынына дайындық және дала өртінің алдын алу мәселелері талқыланған жиында осылай деді. Сонымен қатар аймақ басшысы биыл жіберілген кемшіліктер келер маусымда ескеріліп, қауіпті кезеңге дайындықты қазірден бастауды тапсырды.

– Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар 93 пайызға орындалды. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ алаңсыз отыруға болмайды. Қазір су деңгейі нормадан төмен, бұл жағдайға мониторинг жүргізіп, қауіпті жерлерді дер кезінде тазалаудың нәтижесі, – деп атап өткен аймақ басшысы қауіпті кезең аяқталғанша халықты қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыруды тапсырды.

Шығыс өңірінде қауіпті кезең мамыр айына дейін жалғасатынын айта кету керек.

Қар жамылғысы қалың, су көздері мол аймақтың бірі – Риддер. Батыс Алтайдың қойнауындағы кенді шаһарда өзен-сулардың арнасын кеңейту, арықтарды тазалау, қар күреу жұмыстары уақтылы атқарылып жатыр.

Риддар қаласының әкімі Дәулет Батырбаев тасқынның алдын алу шаралары жоспарланған кестеге сай жүргізіліп жатқанын және бұл өлкеде қар сәуір айынан бастап еріп, маусымға дейін созылатынын жеткізді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаевтың мәліметінше, қазір өңірде жалпы сыйымдылығы 17 мың адамға шақталған уақытша орналастыру пункті, 121 мотопомпа, сондай-ақ жеткілікті құрамда арнайы техникалар мен құрылғылар, инертті материалдар дайындалған. Ал Алтай, Күршім аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖМ әскери бөлімнің қызметкерлері жәрдем көрсететін болады.

Жиын барысында сондай-ақ жазғы маусымда болатын дала өрті кезеңінде дайындық жұмыстары пысықталды.

Аумақты әуеден шолып, жағдайды бағалауда және адам аяғы жетуі қиын орманды алқаптың проблемалық учаскелерін бақылауда жеңіл болу үшін орманшылар қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі өңірдегі орман шаруашылығы қызметкерлерін шағын квадракоптерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруға тапсырма берді.

– Квадракоптерді ұшырып жібересіз де 200-300 метр жердегі аумақты шолып шығасыз. Мұндай құрылғылар аса қымбат емес, бірақ адам аяғы жетуі қиын аумақтарды әуеден бақылауға таптырмас көмекші, – деп атап өтті аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыс әкімдігінде өткен жиында.

Қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің балансында тоғыз ұшқышсыз ұшу аппараты бар.

Сондай-ақ аймақ басшысы орманшыларды полиция қызметкерлерінікі сияқты бейнежазба камерасы бар жетондармен қамтамасыз ету қажет деп есептейді.

Бұған дейін облыс әкімі дәл осындай құрылғылармен медицина қызметкерлерін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма берген болатын.

 

Осы айдарда

Back to top button