Мамырдың басында ашылады
Еліміздегі облыстардың ішінде бірінші болып біздің өңір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ұшатын әуе рейстерін іске қосуы мүмкін. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Мемлекеттік комиссияның төрағасы, еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнен Шығыс Қазақстанның қалалары мен Нұр-Сұлтан, Алматы арасындағы ішкі авиарейстерді ашуға рұқсат беруін сұрадым. Осылайша, біз мамыр айының басынан облыстар арасында елімізде алғашқылардың бірі болып әуе қатынасын қайта ашамыз. Күн сайын Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Өскеменге дейін және кері қарай екі рейстен қатынайтын болады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан-Семей, Алматы-Семей бағыттарын бойынша бір рейстен ұшады», – деп жазылған облыс әкімінің Фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыс көлемінде енгізілген шектеу режимінен шығу жоспарының бірінші қадамы экономикалық жағдайды тұрақтандыру бағытын нақты бағдарлауға мүмкіндік беретінін жазды.
«Дидар» ақпарат