Мамай батыр ауылындағы дәмхана

Бұдан 11 жыл бұрын көрші Қытайдың Алтай аймағындағы Тарғұсынынан Салиха Ырымжан деген қандасымыз төрт ұлымен Ұлан ауданының Мамай батыр ауылына қоныс аударғанына куә болған едік.
Шекара заңы қатал, ар жақтағы малын бері өткізе алмай, шағын тракторымен атажұртына оралған Еркін, Орал, Хасен, Қизат ескі үйді сатып алады. Салиханың ұлдары жастайынан еңбекпен есейген азамат екендерін іс жүзінде таныта білді. Жалғыз трактормен ауылдастарының шөбін шауып, оны тасып берді. Ауылдастары ынтымағы жарасқан ағайындыларға көмек сұрай келгенде, олар тартынбай қолғабыстарын жасайтын. Істің ретін білетін ағайындылар бірер жылдан кейін малын өсіріп, саудамен шұғылдана бастады. Алматы мен Қытайдан тауар тасыды, бірді екеу етіп, азық-түлік дүкенін салып алды. Өздеріне үй тұрғызды. Құрылыс материалдарын, кірпішті өздері құйды.
Бұдан үш жыл бұрын ағайындылар өз үйлерінің ауласында шағын кірпіш құятын цехты іске қосты. Күндіз-түні тыным таппай еңбектенген Еркін Әзұлы бауырларымен бірге аумағы атшаптырым «Ерман» деген дәмхананы салып бітірді. Жуықта дәмхананың салтанатты ашылуы болып, ағайындылар 150 адамға дастарқан жайып, оған ауылдық әкімдіктің қызметкерлері, ауылдастары, Салиха әжейдің туыс-жұрағаттары қатысты. Дәмхана іші айнадай жарқырайды, қажетті жиһаздар көз тартады. Жиһазды Алматыдан әкеліпті. Салтанатқа жиналғандар бұрындары ауылда 100 орындық дәмхананың боғанын, ал мынадай салтанаты келіскен, бір мезгілде 300 адам сиятын қоғамдық орынның болмағанын айтып, ағайындыларға алғысын айтты, сый-сияпаттарын жасады.
-Атажұрт бізді жылы қарсы алды. Мақсатымыз – жерлестерге адал қызмет ету, олардың алғысына бөлену. Менің туыстарым Мамай батыр ауылында тұрып жатыр. Еркіннің екі бауыры көрші мемлекетте, келешекте олар да кіндік қаны тамған елге оралуды аңсайды, – дейді Еркін Әзұлының жұбайы, саудасын дөңгелентіп отырған Күлшат Сейітзадақызы.
Оңдасын Елубай
Ұлан ауданы.