Мамандықты тегін игеру мүмкіндігі беріліп отыр
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде өңірдің автомобиль жолдарындағы жол-құрылыс жұмыстарының қорытындысы және 2016-2017 жылдардағы қыс кезеңіне дайындық туралы мәселе талқыға салынды. Сонымен қатар, баршаға тегін кәсіби білім беру бағдарламасының орындалуына, Үржар және Көкпекті аудандарында «Агробизнес-2020» бағдарламасының іске асырылуына, өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты ақпараттар тыңдалды.
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекеновтің айтуынша, ағымдағы жылы басқарма бөлінген қаржы аясында облыстық маңыздағы жолдарға орташа жөндеу жүргізген. Бұл мақсатқа бюджеттен 5,3 миллиард теңге қарастырылыпты, оның ішінде 3,5 миллиард теңге жол жөндеуге, 1,77 миллиард теңге облыстық дәрежедегі жолдарды күтіп ұстауға көзделген.
Жалпы қашықтығы 221 шақырым болатын 16 жол учаскесінде орташа жөндеу жүргізілуде.
– Негізінен биыл Сібе көлдеріне, Алакөлге, Өскеменнен «Нұртау» шаңғы базасына баратын жолдар мен Күршім – Қалжыр, Өскемен – Тарғын – Самар, Бородулиха – Шемонайха және Серебрянка қаласына кіреберіс автожолдар қалпына келтірілді. Бұл өңірдің туристік әлеуетін көтеру мақсатында да жасалған, – деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулардан үнемделген қаржы есебінен осы жылы екі жол бөлігі күрделі жөнделді. Олар – Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын – Күршім және Үржар ауданындағы Барлық Арасан – Алакөл трассалары.
Аудандық жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 1 миллиард теңге шамасында қаражат қарастырылған, бұл бағытта тек ағымдағы жөндеу жүргізілді. Өскемендегі Ертіс көпірінің және Аягөз қаласындағы Қабанбай көшесінің қайта құру жұмыстары жалғасуда. Мұнымен қоса, жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын Семей, Аягөз қалалары мен Жарма ауданындағы 7 көше 403 миллион теңгеге күрделді жөнделді. Облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды, елді мекендер көшелерін қыста тазалау үшін 644 миллионнан астам қаржы көзделіп отыр, жоспарланған 651 техниканың 617-сі, яғни 95 пайызы бүгінгі күнге дейін жұмысқа дайын тұр.
– Жалпы бұл саладағы жұмыстарды оң бағалаймын. Қала, аудан әкімдері он күннің ішінде орташа жөндеуді ерекше қажет ететін, көліктер ең көп жүретін жолдардың тізімін жасасын. Келер жылға да биылғы шамада қаржы бөлінуі тиіс. Басым күшті күрделі жөндеуге емес, орташа жөндеуге саламыз. Осы жылы біз орташа жөнделген жолдар көлемін 5 есе ұлғайттық, нәтижесі жаман емес, – деді облыс әкімі бұл ретте.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов облыстағы республикалық дәрежедегі жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 5 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Аталмыш қаражаттың 76,5 миллион теңгесі жолдарды қайта құруға, 1 миллиард 440 миллион теңгесі күрделі жөндеуге бағытталған. Қалғаны орташа жөндеу мен жолдарды күтуге жұмсалуда.
– Филиал осы жылы жақсы жұмыс атқарды, десек те істі ширату қажет. Алдағы уақытта Өскемен – Семей жолы мен Осинов асуынан айналма жолға көңіл бөлген жөн. Қалбатау – Өскемен, Ақсуат – Аягөз жолының 69 шақырымына жөндеу жүргізіледі. Жолды жөндеуде қиыршық тасты- мастикалы асфальтты кең қолдану керек. Еуропада жол төсенішінің осы түрі көп пайдаланылады, бағасы қымбат болса да, сапасы әлдеқайда жоғары, – деп ескертті аймақ басшысы.
Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауы шеңберінде баршаға арналған тегін кәсіби білім жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова баяндады.
– Аталмыш жоба тұрғындардың аз қамтылған топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатын көздейді. Осы оқу жылында облыстағы техникалық және кәсіби білім жүйесін 82 оқу орны құрайды. Еңбек нарығын жұмысшы мамандармен қамту үшін осы мекемелерге мемлекеттік тапсырыс беріледі, – деп түсіндірді Айжан Садықова.
Биыл кәсіби-техникалық білім ордаларына 61 мамандық бойынша 1641 адамды оқыту тапсырысы түсіпті, бұл ретте әсіресе, ауылдық жерлерде орналасқан колледждерге басымдық берілуде. Қазіргі кезде өңірде 14 ауылдық колледж бар, оларда екі мыңнан астам адам оқиды.
– Мемлекеттік тапсырыс көлемін 6 мыңға, келешекте 8 мыңға дейін ұлғайтқан жөн. Ол үшін қанша қаржы кететінін есептеу керек. Сосын ең басты мәселе – қажет деген мамандарды ғана даярлауға тиіспіз. Мен Бесқарағай ауданындағы колледжде болғанымда, аспаз, даяшы сынды ауылдық жерлерде сұранысы төмен мамандықтардың оқытылатынын білдім. Ғимарат 40 пайызға ғана жүктелген, жатақханасы бос тұр. Яғни, жұмыстың нәтижесі жоқ. Бір ай ішінде осы жүйедегі оқу орындарына тексеру жүргізіп, нақты нарық қажеттілігін анықтаңыздар, – деп тапсырма берді облыс әкімі.
Жыл басынан бері басқарма жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмыссыз жастарды тегін жұмысшы мамандықтарды игеруге шақыруда. Нәтижесінде, 25-29 жас аралығындағы жастардың ауылдық колледждерге түсуі бес есеге артқан.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасының Үржар және Көкпекті аудандарында іске асу барысы туралы Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин мен Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағандыков есеп берді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы 2013 жылдан бері іске асырылып келеді. Үржар ауданында өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 28 миллиард 769 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 106 пайызға өскен. Топырақ құнарлығын арттыру үшін биыл ауданда 1288 тонна тыңайтқыш қолданылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 есе көп. Егістік аумағы 14 мың гектарға кеңейіп, 186 мың гектарды құраған. Өнімділік гектарынан 22 центнерге дейін ұлғайған. Тек биыл ғана «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудан шаруашылықтары 41 миллион теңгенің 213 бас сиырын сатып алыпты. Бұл – қолға алынған салалық бағдарламалардың нәтижесі.
Көкпекті ауданында «Агробизнес-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша үш жыл ішінде шаруашылықтарға 2 миллиард 419 миллион теңгенің субсидиясы төленген. «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы бері 1682 бас ірі қара мал сатылып алыныпты. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде 2013 жылы 4,4 мың бас болған асыл тұқымды сиырлар саны биыл 7,6 мыңға жетіп отыр. Осы жылы ауданда 143 тонна астық орылған, өнімділік гектарынан 19 центнерді құрап отыр, үш жыл бұрын 13 центнер болатын. Сонымен қатар, осы кезең ішінде 271 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Мемлекеттік көмектің нәтижесінде осы жылдың 9 айында жалпы өнім көлемі 13 миллиард теңгеден асқан.
– Жалпы алғанда, қос өңірде де ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер жаман емес. Алайда, мемлекеттік қолдау тегершіктерін барынша тиімді пайдалану керек. Мәселен, минералды тыңайтқыштарды қолданудың арқасында Үржар ауданында астық өнімділігі бір жылда 6 центнерге ұлғайған. Көкпекті ауданында да өнімділік өсімі бар, ал тыңайтқыштарды молынан пайдаланса, нәтиже тіптен жақсы болар еді. Сонымен қатар, сүт қабылдау бекеттерін ашу ісін ширатыңыздар, – деп ескертті аймақ басшысы.
Тұрақтандыру қорының жұмысы туралы баяндаған «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Динара Шәріпова өз міндеттері негізгі азық-түлік түрлері бағасын ауыздықтау екенін атап өтті. Облыста өңірлік тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссия 10 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарын бекітіпті, олар – картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қызылша, қант, күнбағыс майы, қарақұмық, күріш және сиыр еті. Биыл қорға Өскемен мен Семей қалалары үшін «Агрофирма «Приречное» ЖШС-інен 227,9 миллион теңгенің 5700 тонна көкөнісі сатылып алынған. Тауарларды сату үстемеақысыз жүргізіледі. Өскеменде «Ертіс» корпорациясының «Жәрдем» базарында, «Фрешмаркет» сауда үйінде сауда нүктелері және сегіз дүңгіршегі бар, биыл тағы он жаңа павильон ашуды көздеуде. Сонымен қатар, Өскемендегі 152, Семейдегі 60 сауда орнында қор өнімдерін 10 пайыздық үстемемен саудалау жоспарланып отыр.
– Облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінен тұрақтандыру қорының жұмысын бақылауға алуды сұраймын. Ең алдымен, көкөністердің сақталу жағдайына мән берген жөн, олар көктемге дейін бұзылмай, өзінің құнды қасиеттерін жоймай сақталуы тиіс. Сонымен қатар, қалалардағы қор өнімдері сатылатын сауда орындарының санын көбейту керек, олардың сыртқы бейнесі эстетикалық талғамға сай әрі тұтынушылар үшін жайлы болғанын естен шығармаңыздар, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Ержан Әбіш