Мамандықтар әлеміне саяхат

Әлемде 500 мыңға жуық мамандық бар және уақыт талабына қарай жыл сайын жаңа түрлері қосылып отырады. Мамандық таңдауда оқушыларға өз мүмкіндігіне, қабілетіне сәйкес және еңбек нарығының талаптарын ескере отырып көмек көрсетудің маңызы зор. Ел экономикасының даму қарқынына байланысты бүгінде инженерлік жұмысшы мамандықтарына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, IT мамандығы қазір өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Өндірістегі жаңа технологияларға байланысты қазір сантехникадан бастап, банк саласына дейін IT мамандығына қатысы бар. «My PRO» мамандықтар фестивалінің ерекшелігі де сол, алаңға келген оқушылар өңірімізде қандай оқу орындары бар екендігін қағаз жүзінде ғана біліп қоймай, кеңесшілерден болашақта көздеп жүрген мамандығы жайлы қажетті мағлұмат алып, уақытша «аспаз», «техник», «мейірбике», «шаштараз» немесе «дәнекерлеуші» болуға мүмкіндік алды.
«My PRO» мамандықтар фестивалі дәстүрлі түрде Өскемен және Семей қалаларында өтіп келеді. Биыл осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль жұмысы Өскемендегі «Алтай» технопаркінде үш күн бойы жалғасты. Облыс мектептерінің 7-11 сыныптар аралығындағы оқушыларға осы алаңда өздерінің болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл фестивальдің артықшылығы – Өскемендегі барлық оқу орындары, атап айтсақ кәсіптік білім беру ошақтарымен қатар Д.Серікбаев, С.Аманжолов, Қазақстан-Америка еркін университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және облыстағы ерекше колледждердің бірі – геодезия және картография колледжі, жиыны 19 оқу орнының білікті мамандары оқушыларға өздері баулитын мамандықтардың қыр-сырымен таныстырды.
– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Жастар болашақта өкінбейтіндей өз қабілеті мен бейіміне сай кәсіп түрін таңдағаны жөн. Бұл – өте жауапты іс,-деген облыстағы білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев оқушыларға маңызды қадам жасауда сәттілік тіледі.
– Сапалы кәсіптік бағдар беру – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Мұндай іс-шараларды аудандарда да өткіземіз. Облыста «Білікті маман» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Заман ағымына қарай еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтар да пайда болуда. Мәселен, бұрындары механик, электрик өз алдына бір-бір мамандық болса, қазір екеуін бірдей меңгерген мехатроник мамандары жоғары сұранысқа ие мамандықтарға айналды. Өйткені олар кәсіпорындарға да, көлік, ауыл шаруашылығы саласына да қажет,-дейді облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау орталығының директоры Ришат Рамазанов. – Кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту бағдарламасы қабылданғалы жатыр. Біздің тарапымыздан өткізіліп жатқан іс-шаралар сол бағдарламадағы мақсатқа жетуді көздейді және жоғарғы сынып оқушыларының болашақ мамандығын таңдауына мүмкіндік береді.
Өскемен медициналық колледжі жабдықтаған алаңқайда колледж оқытушысы Гүлім Шәріпжанова арнайы манекендерде инъекцияларды қалай салу керектігін, асқазанды шаю, зондпен тексеру, катетер қою, жүрек-өкпе реанимациясы сияқты мейірбике білуі тиіс негізгі медициналық қызмет түрлерін көрсетті.
Фестивальден алған әсері жайлы оқушыларды сөзге тартқан едік. Өскемендегі №12 мектептің 11-сынып оқушысы Мария Камеристова экономист мамандығын таңдапты, болашақта кәсіпкерлік немесе басқару ісімен айналыссам дейді. Абай атындағы №33 мектептің оқушысы Ділнар Бердібекқызы журналист болуды қалайды. Ал өңіріміздегі жолдың жағдайына көңілі толмайтын Артем Дмитриев болашақта жол құрылысшысы болуды армандайды екен.
Іс-шара барысында оқушылар үшін сұрақ-жауап түріндегі түрлі квест, байқаулар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Қосымша жеті миллиард теңге бөлінбек
Кәсіптік-техникалық білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып келеді. Өйткені мемлекет тарапынан бұл салаға миллиардтаған қаражат бөлініп отыр. Ришат Сағибекұлы айтып өткендей,
аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама әзірлену үстінде. Оған сәйкес жеті миллиард теңге жуық қосымша қаражат бөлу қарастырылып отыр. Облыстық бюджет пен демеушілердің көмегімен жүзеге асырылатын бұл жоба мемлекеттік колледждердің материалдық-техникалық жағдайы мен білім сапасын жаңа жоғары деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Өйткені 2019-2022 жылдар кезеңінде кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарына ең соңғы үлгідегі технологиялар енгізіліп, оқу құралдары алынып, оқытушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар ұдайы жүргізілетін болады.
Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжде қазірдің өзінде компьютерлік сыныптар, ақпараттық-баспа орталығы, заманауи оқу залы, автошеберхана, шаштараз, жаттығу залы, ас дайындау технологиясына арналған шеберхана сияқты студенттердің сапалы білім алуына қажетті жағдайлар жасалған.
Колледждегі біліммен шектелмей, білім-білігін жоғары оқу орындарында жалғастырамын деушілерге де жағдай қарастырылған. Мәселен, колледждердегі қолданбалы бакалавриатта оқып шыққан студенттер университетте екі-ақ жыл оқып, жоғары білімді маман болып шығады.
Жұмыс берушілермен кездесті
Фестиваль аясында өңіріміздегі жұмыс беруші ірі компаниялардың өкілдері, колледж әкімшілігі мен студенттер үшін практиканттар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты, «Өскемен» мейрамханасы, «Nautillus» бары, «РОСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Өскемен жылу жүйелері», Арматура заводы, «Бипэк Авто» ЖШС, «Вояж-Алтайский Казахстан» ЖШС сияқты облыс кәсіпорындарында жыл сайын мыңдаған студент өздері білім алып жүрген мамандықтары бойынша техник-механик, автокөлік жөндеу, туризм маманы, технолог, электрмонтері, бағдарламашы болып тәжірибеден өтеді.
Өскемендегі «Бипэк Авто Казахстан» акционерлік қоғамының бас менеджері Елена Будринаның айтуынша, машина жасау, логистика, сәулет, дизайн мамандықтары бойынша биыл 138 өскемендік студент, ал Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларындағы филиалдарын қоса алғанда 296 студент тәжірибеден өткен. Дипломын алғаннан кейін жұмысқа орналасып жатқандары да аз емес. Солардың бірі – Қазақстан-Америка еркін университеті колледжінің студенті Мария Шушакова қазір аталмыш кәсіпорында менеджер болып қызмет етіп жүр.
Айжанат Бақытқызы