БілімТОП

Мамандық таңдау – болашағыңды айқындау

Бүгінде заманауи дамыған ең жақсы жоғары оқу орнында білім алып, нарықтағы сұранысқа лайықты мамандықтың иесі болу әрбір жастың арманы. Айта кету керек, қазіргі қазақ жастарының, әсіресе ауыл балаларының білім мен ғылымды игеруге құлшынысы өте зор. Оны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқитын білімгерлерден байқауға болады. Мұндағы  студент жастардың басым бөлігі – ауылдың түлектері. Себебі туған жердің тынысын, ғажайып ауылдың табиғатын олар жастайынан көріп, біліп өскендіктен кіндік қаны тамған ауылға адал қызмет етуді жүрек қалауымен таңдайтындары анық.

Елімізде бүгінде 6293 ауылдық елді мекен бар. Ел халқының 7,7 миллионы немесе 40 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұрады. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауыл халқы жас жағынан қала тұрғындарына қарағанда едәуір жас көрінеді. Мысалы, 2022 жылдың басында ауылда 65 жастан асқандар үлесі жалпы халықтың 7,5 пайызына, қалада 8,6 пайызына тең, яғни ауылды жерлерде жастардын саны басым деген сөз. Бірақ оларды ауылға тұрақтандыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі әлі де күрделі болып отырғаны шындық.

Бұл тығырықтан шығудың басты жолы – агроөнеркәсіп саласын жүйелі дамыту, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерін заманауи талаптарға сай жаңғырту. Сондықтан тұрғындарды таза ауызсу, жарық, газбен қамту, жол қатынасын реттеу, мектептер мен ауруханалар, спорт алаңдарын салу, қолжетімді байланыс пен интернет желісін дамыту сияқты мәселелер әрқашан мемлекеттің басты назарында тұратыны заңды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында: «Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін көтеру үшін елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды қолға алуды тапсырамын. Ал жоғары оқу орындары осы мамандарды сапалы даярлауына жауап беруге міндетті» дегені бәрімізге мәлім.

Жүз елу мыңнан астам түлек қанат қаққан

Ауыл шаруашылығын көтеру үшін осы салаға көптеп мамандар даярлау, соның ішінде бәсекеге қабілетті, инновациялық технологияларды толық меңгерген жаңа буын кадрларды оқытып-тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бағытта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алар орны ерекше. Бұл қара шаңырақ – елімізде ең алғашқы ашылған жоғары оқу орындарының бірі. Құрылғаннан бергі 93 жылда 150 мыңнан астам білікті маман даярлап шығарды және осы саланың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Соның ішінде 25 Социалистік Еңбек Ері, 70-тен аса Парламент депутаты, көптеген мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ғылым мен агроөндіріс кешенінің басшылары, 12 мыңдай академик, доктор және ғылым кандидаты, басқа да мамандар өсіп шығып, ел игілігі үшін абыройлы қызмет етіп келеді. Мен де сол түлектердің бірімін. Осы уақытқа дейін жасаған еңбегім, жеткен жетістіктерім осы университетте алған білімім мен тәжірибемнің арқасы деп білемін.

Университетімізде қазіргі таңда алты факультет жұмыс істейді. Әр факультеттің өзіндік бағыттарына сәйкес білім беру бағдарламалары бар және білім алушылар әлемдік стандарттарға сай (бакалавриат, магистратура және докторантура) үш деңгейде даярлықтан өтеді.

1) Агробиология факультетінде оқитындар «Агрономия», «Топырақтану және агрохимия», «Өсімдік қорғау және карантин», «Жеміс, көкөніс шаруашылығы», «Экология», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» мамандықтары бойынша егіс алқаптарын тиімді пайдалану, дала жұмыстарын жүргізу, инновациялық технологияларды қолдану, өсімдік сорттарын таңдау, өнімдік тұқымның жай-күйін анықтау және оларды егіске дайындау сияқты тағы басқа дағдыларды терең меңгереді.

2) Технология және биоресурстар факультетінде «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау», «Аквакультура және судың биологиялық ресурстары», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Қайта өндеу өндірістерінің технологиясы», «Стандарттау, сертификаттау және метрология», «Биотехнология», «Тағам қауіпсіздігі» мамандықтары аясында тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын анықтау, өсімдік және мал өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологияларын жетілдіруді, т.б. үйренеді.

3) Инженерлік-техникалық факультетінде «Аграрлық техника және технологиялар», «АӨК-гі цифрлық технологиялар», «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету», «Электр техникасы және энергетика», «Жылу энергетикасы», «Электр техникасы және автоматтандыру», «Механика және металл өңдеу», «Автокөлік құралдары», «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі», «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Логистика» мамандықтары бойынша агроинженерлер тәрбиеленеді. Олар машина-трактор паркін өндірістік, техникалық пайдалану, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және сақтауды ұйымдастыру; машина жасау негіздерін, технологиялық процестерді және технологиялық жабдықтауды меңгеру; жолаушылар тасымалын басқару, жол қозғалысын ұйымдастыру және бақылау, ақпараттық жүйелердің әртүрлі компоненттерін жобалау және әзірлеу сияқты күрделі бағдарламаларды игерген бесаспап маман болып шығады.

4) Ветеринария факультеті, өзінің аты айтып тұрғандай, «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария» және «Ветеринарлық тағам қауіпсіздігі және технологиялар» мамандықтарын даярлайды. Бітірушілер жануарларды емдеу әдістемелерін қолдану, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу, шаруашылықтарда, кәсіпорындарда ұйымдастырушылық мәселелерді шешу, ғылыми-зерттеулер жүргізу, ветеринарлық-санитарлық ережелердің орындалуын бақылау, биологиялық және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді зерттеу бойынша, т.б. біліктілікке ие болады.

5) Су, жер және орман ресурстары факультетінде «Жерге орналастыу», «Кадастр», «Су ресурстарын басқару», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Гидротехникалық құрлымдарды жобалау», «Орман ресурстары және орман шаруашылығы», «Ағаш өңдеу негіздерімен орман ісі», «Ландшафттық дизайн және көгалдандыру» мамандықтары бойынша білім алады. Әлемдік үздік инновациялық технологияларды, жаңа білімдерді іздеу және оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу; су қауіпсіздігі мәселелерін  шешу, су, жер, орман қорларын қорғау әрі тиімді пайдалану жолдарын анықтау; табиғи ресурстарды пайдалануды бақылау, мониторингтеу және бағалау; жерді аймақтарға бөлуді, жер ресурстарының жай-күйі мен қолданылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасау, т.б. нақты бағыттар оқытылады.

6) «Бизнес және құқық» жоғары мектебінде «Экономика», «Менеджмент»,  «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Аймақтық даму», «Маркетинг», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Бағалау», «Юриспруденция» білім беру бағдарламалары бойынша экономикалық және ұйымдастырушылық сипаттағы міндеттерді шешу; бизнес процестерді жоспарлау, ынталандыру және бақылау; өндірісті басқару, тауар немесе қызмет түрлерін, сапасын жылжыту, жарнамалау, өткізу, тарату іс-шараларын іске асыру; кәсіпорындардың бухгалтерлік есептерін кәсіби деңгейде ұйымдастыру, статистикалық деректерді, ақпараттарды өңдеу; сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы заңнамаларды жан-жақты игерген білікті мамандар даярланады.

Университеттің негізгі мақтанышы – оның түлектері екені анық. Түлектеріміздің көпшілігі ірі шаруашылық, өндіріс орындарын ұйымдастыру және басқару ісінде, облыстық және республикалық дәрежеде, алыс және жақын шетелдерде түрлі қызметтер атқаруда. Бүгінде Президент Әкімшілігінде, Үкімет пен Парламентте, министрліктер мен комитеттерде, ғылыми-зерттеу институттарында, өңірлік жер, су, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде ел игілігін еселеуге үлес қосып жүрген әріптестеріміз жеткілікті.

Инновациялық жобалар қолға алынған

Біздің университет білім беру саласындағы кадр даярлаушы жоғары оқу орны ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында өзекті ғылыми жобаларды орындап, оның нәтижесін өндіріске енгізу, ғылыми жетістіктерді, инновацияларды құру және дамытудағы көшбасшы орталық саналады. Бір ғана мысал, университет ғалымдарының қатысуымен «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында дақылдардың 15 түрі бойынша 100-ден астам жоғары өнімді сорттары отырғызылып, жергілікті климаттық жағдайға беймделді.

Қазіргі күні көптеген ауылшаруашылық өнімнің тұқымын, көшетін шетелден алып отырмыз. Шындығына келсек, Қазақстан осы өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету үшін үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімді іздестіру, тарту және енгізу мақсатында АҚШ, Нидерланды, Италия, Қытай, Ресей сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған төрт ғылыми-зерттеу институты, сегіз инновациялық орталық, 49 заманауи зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығын біріктірген Агротехникалық Хаб жұмыс істейді.

Агрохабта ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар ұшқышсыз басқарылатын, бортында арнайы сенсорлары бар аппараттардың көмегімен жерді қашықтан зондтау әдісін енгізді. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынды. Бұл технологиялар фермерлерге тыңайтқыштарды, гербицидтерді қолдануды оңтайландыруға көмектеседі, дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Корнелл университетімен бірге 2019 жылы ашылған Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасында 3 миллион данаға дейін бактериалдық күйікке, басқа да ауруларға төзімді, жаңа сау көшеттер алынады.

Сондай-ақ қазіргі заманғы ең озық 75 трактор, комбайн, басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылған Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, 14 зерттеу лабораториясын қамтитын Халықаралық Су хабы университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.

Жыл сайын университеттің 700-ден астам студенті шаруашылықтарда жеті айға дейін тәжірибенің барлық түрінен өтеді, бұл оларға инновациялық технологияларды – «шикізаттан дайын өнімге дейін» толық меңгеруге мүмкіндік береді.

ҚазҰАЗУ осы қалыптасқан өзіндік ғылыми мектебін, заманауи технологиялық әзірлемелері мен кадр даярлаудың озық жүйесін қалыптастыруды одан ары дамытатын болады.

Шетелдік әріптестермен тығыз байланыста

Сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылар  құрамы мен білім алушылары шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтіп, өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта АҚШ, Нидерланды, Словакия аграрлық университеттерінде бірнеше докторант, Стамбул және Шығыс Финляндия университеттерінде ветеринария факультетінің 25 студенті білім алып жатыр.

Университет ұстаздармен қатар АҚШ, Қытай, Польша, Ресей және басқа шетелдердің үздік ғалымдары да келіп (немесе онлайн форматта), дәрістер оқиды.

Бүгінде жүйелі жұмыстар нәтижесінде университет тоғыз ұлттық және халықаралық рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта QS рейтингісінде әлемдегі ең үздік 5 мың университеттің арасында 481-ші орынды, QS Азия аймақтық рейтинг бойынша ТОП 200 үздік университеттің қатарында 162-ші, Орталық Азия университеттері арасында бесінші орынды иеленді.

Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті атану. Ол үшін білім-ғылыми  инфрақұрылымдарды кеңейту, көшбасшылық қасиеттерді, стратегиялық бастамалар мен инновацияларды ынталандыруға бағытталған тиімді менеджментті дамыту басты назарымызда болмақ.

Адам баласы тек білім-ғылым арқылы ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады. Болашағын айқындап, келешекке бағыт белгілейді.

Осы орайда, жастардың қаласы – Алматыда жоғары білім алғысы келетін ұлдар мен қыздарымыз аз емес. Бұл ретте, мектепті үздік бітірушілер, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын баса атай кеткім келеді. Оқу орнында білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жастарды жан-жақты кемелденген тұлға етіп тәрбиелеу бағытында Олжас Сүлейменов атындағы орталық, «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы, «Зиялы қазақ» студенттік дебат клубы, «Аялы алақан» қайырымдылық ұйымы, КТК «Жайдарман» клубы, А.Жұбанов атындағы оркестр, «Алтын дән» вокалды-аспапты ансамблі, спорттық үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Он Студент үйі әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетеді.

Әрине, оқу дегеніміз диплом алумен аяқталмайды. Ол – өмір бойы жалғасатын, толыға беретін асыл қазына. Тек өз ісінің нағыз маманы ғана ЖОО-да алған білімінің, тәлім-тәрбиесінің нәтижесін өмірде, нақты істерде қолдана алады. Аграрлық университеттің барлық түлегі осыны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Олардың өз ауылына барып, алдыңғы қатарлы маман ретінде елге қызмет етуін бәріміз қалаймыз.

Әрине, ол үшін жастарды ауылды жерлерде тұрақтандыру мәселесін мемлекеттік деңгейде қарастыруды, алыс аймақтарда әлеуметтік, мәдени шаралар ұйымдастыруды, спортпен айналысу мен жастардың рухани дамуын қоғам болып бірлесе ойластырғанымыз жөн.

Бұл абыройлы міндетті жүзеге асырудың түпкі мәні – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа биіктерге көтеру.

 Ақылбек Күрішбаев,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің

басқарма төрағасы ректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 

 

Осы айдарда

Back to top button