Қоғам

Мамандығымды мақтан етемін

Тәртіп сақшысы – қылмыс пен бұзақылыққа бірінші боп қарсы тұратын мамандық иесі. Сондықтан оны екінің бірі таңдай бермейді. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің кадрлар жөніндегі орынбасары Хасан Баймаханов осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты өз қалауымен таңдаған. Біз күн-түн демей қала тыныштығын қадағалап, осы мамандықты серік етіп келе жатқан жол полициясы қызметкерімен сұхбаттастық.

Хасан  Мұратұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

1972 жылы Өскеменде, қарапайым жанұяда дүниеге келгем. Үйдің үлкенімін. Әкем Мұрат Титан-магний комбинатында аппаратшы, анам Рамзия машина жасау зауытында жұмысшы болған. Отбасым, үш ұлым бар. Тұңғышым – Семей медакадемиясының түлегі, дәрігер. Ортаншым Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенті, кенжем – мектеп оқушысы.

– Полицей мамандығын не себепті таңдадыңыз?

Әкем де, анам да көлік жүргізбеген, тіпті үйде көлік те болмаған. Бала кезімнен жүргізуші болуды армандадым, техникаға жуық болдым. Мектепте жүргенде-ақ машина жүргізуді үйреніп, он жеті жасымда жүргізуші куәлігін алдым. Одан кейін көлік жөндеу орталығында бір жыл жүргізуші болып жұмыс істедім. Еңбек жолым осылай басталған. 1990-1992 жылдары әскерде болдым. Әскерден соң сол орталықта жұмыс істеймін деп ойлағам. Бірақ сол жылдар көпшілік базар жағалап, ала дорба арқалап кеткен қиын кезең болды, сондықтан ойым жүзеге аспады. Жасыратын не бар, сол кезде алдымда екі таңдау болды. Біріншісі – құқық қорғау саласында жұмыс істеу, екіншісі – полицияға қарсы жұмыс істеу, яғни криминалдық топқа кіру. Мен алғашқысын таңдадым, бұл мамандықтың өмірлік кәсібіме айналатынын ол кезде білген жоқ едім. Арманым жүргізуші атану болғандықтан, мемлекеттік автоинспекцияға орналастым. Бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, себебі көңіл толатын жетістіктерге жеттім.

– Патрульдік полицияның жұмысы жайлы айтып берсеңіз.

Патрульдік полицияның міндеті – өзіне бекітілген аумақтағы жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау. Ал мен үшін басты міндет – азаматтар тыныштығы.

– Өз басыңызды қатерге тігіп, адам өмірін арашалаған кезіңіз болды ма?

Тәртіп сақшылары үнемі өмірлерін қатерге тігеді. Мәселен, қылмыскерлерді аңдығанда, құрықтағанда. Үнемі жолдамыз, тура жол ортасында тұрамыз. Әрине, әркез қауіпті жағдайларға дайын болып жүреміз, бірақ апат айтып келмейді. Кез келген көлік жүргізушісі рөлді басқара алмай, қағып кетуі мүмкін.

Қателеспесем, 1998 жылы Согра ауданындағы «Титан» дәмханасында екі адамның өлімі орын алды. Қаскөйлер бір отбасыны кепілге алып, оқиға орнынан із суытып үлгерген. Әріптестеріммен бірге қылмыскерлерді іздеуге кірістім. Олар қалаға қарай бет алған екен. Қалаға кірер барлық жолға патруль қызметкерлері шыға бастады, біз Защита вокзалы жаққа бардық. Қылмыскерлер келе жатқан көліктің жолына өз машинамызды қарсы қойып, күттік. Қаскөйлер қарулы болып шықты, оларға тосқауыл қойып, кепілдегі жанұяны босатып алдық.

Жұмыстың қиындығымен қатар, қызығы да көп. 1993 жылы бізге Бажов көшесіндегі дүкендердің бірінде қолында балтасы бар мас ер адамның адамдарға шабуылдап жүргені жайлы қоңырау түсті. Бірінші болып оқиға орнына жетіп, бірден оны шап беріп ұстап алдым. Сол жерде істейтін келіншектер оған тиіспеуімді сұрап, оның дүкенге жай ғана ішімдік алуға келгенін айтты. Осылайша, байғұс еркекті қылмыскерге балап, соққыға жыға жаздадым.

– Қатардағы полицейден подполковник шеніне жетіп отырсыз. Қарамағыңыздағы жас сақшыларға қалай қолдау көрсетесіз, қандай ақыл-кеңес айтасыз? Өз қызметкерлеріңізді қалай рухтандырасыз?

– 1992 жылы кіші сержант шенімен жұмыс істей бастадым. 12 жыл осы салада қызмет атқардым. 2005 жылы ішкі істер министрлігі жол полициясы саласының үздігін анықтау үшін конкурс өткізген, сол сайысқа кіші сержант ретінде қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Соның арқасында лейтенант шенін алдым. Түрлі лауазымдарда қызмет атқардым. 2019 жылдан патрульдік полиция батальоны командирінің кадр саясаты жөніндегі орынбасарымын. Жастарды оқыту, оларға тәлімгерлік жасау – міндетім. Қызметкерлерді үлгі-өнеге көрсету арқылы ғана рухтандыра аламыз.

Отбасыңыз сізге қалай қолдау көрсетеді, қызметіңізге жұбайыңыздың көзқарасы қандай?

– Қызмет бабымен жүріп, үйде көп болмаймын. Үйде болсын, қонақта болсын, кейде отырған орнымда ұйықтап қалатын әдетім бар. Жұмыста шаршайтындықтан болар. Сол кезде бәрі ақырын сөйлесіп, мені оятып жібермеуге тырысады екен. Жолдасым Фарида – санитарлық-эпидемиологиялық станцияда бас маман. Ол ешқашан мамандығыма қарсы болып, жұмыстан шық деп айтқан емес, үнемі мені қолдап, маған сенім артып отырады. Ұлдарым да ренжіп көрмеген.

– Қызметте жеткен ең үлкен жетістігіңіз туралы не айтасыз?

– Ең үлкен жетістігім – жарым мен үш арыстаным. Ал жұмыстағы табысым – отыз жыл полицияда еңбек ете жүріп қол жеткізген бүгінгі лауазымым. Өз мамандығымды мақтан етемін!

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button