Мамандарды заман талабына сай даярлаймыз
Елбасы Нұрсултан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елімізде кең қолдау тапты. Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр.
Астанадағы Ұлттық музейде осы бағдарламалық мақаланың жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай көрме ашылып, бұл шараға еліміздің өзге өңірлерімен бірге Шығыс Қазақстаннан да арнайы делегаттар қатысты. Бұл көрмеге С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдарының «100 монография» сериясымен жарық көрген ғылыми еңбектері де қойылған.
Алдағы уақытта білім және ғылым саласында елеулі өзгерістер болмақ. 2019-20 оқу жылынан бастап орта мектептерде физика, химия, биология, информатика пәндері оқушылардың және ата-аналардың келісімімен ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Сондай-ақ латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне көшу 2022-23 оқу жылында бірінші сыныптан бастап жүзеге асырылмақ. Міне, осындай ауқымды, жауапты шараларды жүзеге асыру мектепке дейінгі мекемелерден және бастауыш сыныптардан бастау алатыны ақиқат.
Бұл өз кезегінде білікті мамандар даярлауды талап етеді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын факультет 1958 жылы ашылған болатын. Балаларды мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиелеумен қамту – оқытудың 12 жылдық моделіне көшу үрдісіндегі алғашқы баспалдақ. Осы қажеттілікті ескере отырып, 2005 жылы университетте «5ВО10100 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы «5ВО10200 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы базасында ашылған болатын. Осы мамандықтарды игерген біздің түлектер бүгінде облыс, республика көлемінде ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де қызмет етуде. Аталған мамандықтар бойынша біздің түлектеріміздің магистратураға түсіп, білімдерін шыңдауға да мүмкіндіктері бар. Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен алдағы уақытта «Педагогика» бағыты бойынша «Phd докторантура» ашылу көзделуде.
Бүгінгі таңда педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының меңгерушісі Наталья Радченконың басшылығымен профессорлар-оқытушылар ұжымының қажырлы еңбегі нәтижесінде аталған мамандықтар оқу-әдістемелік кешенмен толық қамтамасыз етілген. Оқу процесінде компьютерлік, инновациялық-ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылуда. Қорыта айтқанда, педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының ұжымы алдағы кезеңде де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталған мамандықтарды таңдаған болашақ педагогтарды заман талабына сай даярлай береді.
Мұрат Шөкетаев,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры,
педагогика ғылымдарының кандидаты
Гүлден Есполова,
педагогика магистрі