Мамандарды бірлесіп даярлайды

Аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі – Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акционерлік қоғамымен ынтымақтастығы аясында «Үлбі металлургиялық зауытының» арнайы тапсырысы бойынша мамандардың алғашқы легін даярлап шығарды. Бір жарым жыл бойы металлургия және техникалық физика мамандықтары бойынша білім алған тоғыз магистрантқа салтанатты түрде диплом табыс етілді.
«Үлбі металлургиялық зауыты» өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Александр Борсуктың айтуынша, Д.Серікбаев атындағы университет пен аталмыш кәсіпорын арасында серіктестік орнағанына да біраз жыл болыпты. Екі мыңыншы жылдардың басында техникалық университеттің 800-ге таяу түлегі зауытқа жұмысқа орналасқан. Егер бүгінгі күні зауытта төрт мыңға таяу адам еңбек ететін болса, оның әрбір бесіншісі техникалық университеттің түлегі екен. Ендеше зауыттың өсіп, өркендеуіне аталған университеттің қосып отырған үлесі ерекше. Бүгінде университет түлектері басшылық қызметте де отыр.
Осы орайда «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК АҚ мен университет арасында атом энергетикасы саласы үшін мамандар даярлау туралы ынтымақтастыққа қол қойылғаны бұл іске ерекше серпін беруде.
– Бүгінгі диплом алып жатқан магистранттар бірлескен жұмысымыздың нәтижесі, – деген Александр Николаевич диплом алған магистранттарға сәттілік тіледі.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқу және әдістемелік жұмыстар бойынша проректордың міндетін атқарушы Жадыра Қоңырбаева да өз сөзінде оқыту бағдарламалары негізгі өндірістер үшін олардың ерекшелігін ескере отырып, зауыттың кадрлар қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталғанын ерекше атап айтты. Оқу жоспарлары да зауыт мамандарымен бірлесіп жасалыпты. Барлық білім алушылар оқу жоспарын толық меңгеріп қана қоймай, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында екі апталық тәжірибеден өткен. Сонымен қатар «ҮМЗ» АҚ тапсырысы бойынша Н.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, Д.Менделеев атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институты, Томск ұлттық зерттеу политехникалық университеті секілді жоғары оқу орындарынан тоғыз профессор шақырылып, университет магистранттарына дәріс оқыған.
Магистранттардың барлығы кешенді емтихандарды сәтті тапсырып, «жақсы», «өте жақсы» деген баға алған. Университетті тәмамдаған тоғыз магистранттың сегізі «Үлбі металлургиялық зауытында» жұмыс істесе, біреуі PhD докторантурада білімін жалғастырмақ. Университет түлектеріне Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ профессоры, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық жоғары техникалық мектептің профессоры (ITPS OK) Борис Сырнев те өзінің ізгі тілегін білдірді.
– Мен оқушы кезімнен бастап зауытта жұмыс істеуді армандадым. «ҮМЗ» АҚ-ның гранты сол арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бір жарым жыл біз ресейлік үздік профессорлар мен оқытушылардың дәрісін тыңдадық, Томск қаласында тәжірибе жинақтадық, біздің пәндер университетте ғана емес, сондай-ақ зауытта да өткізілді. Менің ойымша, біз үлкен тәжірибе мен білім алдық. «ҮМЗ» АҚ-ның гранты арқасында мен қазір зауытта жұмыс істеймін, – дейді техникалық физика магистрі Данагүл Оралханова.
Тараптар бірлесе маман даярлау ісін алдағы уақытта да жалғастырмақ.
Мейрамтай Иманғали