ТОП

Маман даярлаудағы тың серпіліс

«Білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі инженерлік-техникалық білім беруді жетілдіріп, ауыл мектептерінің білім сапасына ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осы орайда Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектебі ашылды.

Ауқымды жоба облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, ШҚТУ алаңында облыстың 27 мектебінің 9-11 сынып оқушыларын біріктіреді.

Университет ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, соңғы жылдары ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер ретінде физика мен математиканы таңдайтын талапкерлердің саны айтарлықтай азайған. Осы мәселені шешу үшін университет бірнеше жылдан бері облыс мектептерінде инженерлік сыныптар құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Демалыс кезінде балалар университет базасында физика мен математиканы тереңдетіп оқиды. Бұл тәжірибе сәтті болып, жаңа деңгейге көтерілген. Енді EKTU Educational Academy мектебінің жұмыс жоспары келісіліп, мектеп құрамына оқушылар мен мұғалімдерді іріктеу басталады. Желілік инженерлік мектеп аясында оқушылар инженерлік математика, физика бойынша тереңдетілген даярлықтан өтеді. Қолданбалы ғылыми жобаларды іске асырып, олимпиадаларға қатысады, демалыс кезінде оларға университеттің ғылыми-зерттеу және зертханалық базасы ұсынылады. Сонымен қатар жоғарғы сынып оқушылары жазғы мектеп аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы «Простор» жазғы экспедициялық кампусында оқуға дайындала жүріп демалады.

Облыстың 27 мектебінен физика және математика мұғалімдері техникалық университеттің базасында біліктілігін арттыруға, әдістемелік көмек алуға мүмкіндік алады. Олар желілік мектепте өз қызметін базалық инженерлік дайындық факультетінің құрамында жүзеге асыратын болады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикадағы инженерлік-техникалық білім беруді жетілдіру қажеттігі туралы үндеуі біздің өңірде, соның ішінде техникалық университетте қолдау тапты. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымын маңызды және замануи бағыт – Желілік инженерлік мектептің ашылуымен құттықтаймын.

Уақыт бір орында тұрмайды, бай тәжірибесі бар өз ісінің шеберлері біртіндеп зейнеткерлікке шығады. Сондықтан біз жас мамандарды даярлауға дайын болуымыз керек. Соңғы онжылдықтарда жоғары білім саласында басты назар гуманитарлық және басқарушылық мамандықтарға аударылды. Әрине, олар қажет, бірақ қазіргі заманғы ғылыми-техникалық және инженерлік базасыз біз техникалық сала нарығында артта қаламыз. Сондықтан бұл мектептің ашылуы – кәсіби инженерлік және ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы маңызды қадам, – деді Білімдегі жаңа технологиялар аймақтық орталығының директоры Сергей Коваленко.

– EKTU Educational Academy мектебінің ашылуы инженерлік мамандарды даярлауда тың серпіліс болады. Еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы – әсіресе өнеркәсіп салалары үшін қазіргі заманның ең ғылымды қажетсінетін мемлекеттік жобаларының бірі. Сондықтан осы салада жұмыс істеу үшін инженерлердің біліктілігі мұқият даярлықты қажет етеді. Мемлекетіміз техника мамандарын белсенді түрде қолдап отыр. Техникалық жоғары оқу орындарына гранттар саны жыл сайын артып келеді. Инженерлік мектептің жұмысы барысында біз инженерлердің немен айналысатынын және экономиканың дамуында қандай маңызды буын екендігін түсіну үшін балаларға инженерлік білім туралы көбірек ақпарат береміз. Физика мен математиканы оқуға көмектесеміз. Біз тек оқушыларды ғана оқытып қоймай, сонымен қатар мектеп мұғалімдерін де даярлаймыз. Олар университеттің өкілдері ретінде жер-жердегі өз мектептерінде болашақ инженерлерді даярлайтын болады. Оқыту онлайн және офлайн режимінде өтеді. Олимпиадаларды өткізуге шетелдік әріптестеріміз де тартылады. Мұндай іс-шаралар техникалық университеттерге түсушілердің санын арттырып, инженерлік мамандар қорын жасақтауға, ел экономикасына қажетті сапалы мамандарды даярлауға көмектеседі, – деді университет ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ 1958 жылдан бері техникалық бағыттағы мамандарды даярлап келеді. Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігінің бағалауы бойынша, үздік техникалық жоғары оқу орындары рейтингінде университет отандық 11 техникалық жоғары оқу орнының ішінде 3-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрамның сапалы еңбегінің жемісі екендігін атап өткен жөн.

Студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, бірлескен, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бағытындағы  университеттің стратегиялық серіктестері – Мәскеу физика-техникалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры Артем Воронов, Тихонов атындағы Мәскеу электроника және математика институты қолданбалы математика бөлімінің басшысы Александр Белов, «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің интеллектуалды кибернетикалық жүйелер институтының халықаралық ынтымақтастық бөлімі бастығының орынбасары Андрей Никифоров, Astana IT University құзыреттілік және жетілдіру орталығының директоры Сапар Нұрахметұлы инженерлік мектептің ашылуына онлайн қатысып, ақжарма тілектерін арнады.

Шара соңында аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары «Алтын Алтай» музейіндегі бірегей экспонаттарды тамашалап, жоғары оқу орнының қызметкерлері  Е.Табиева, Б.Азаматов, Р.Четтыкбаев құзыреттілік орталықтары мен зертханалардың жұмысымен, виртуалды және кеңейтілген нақтылық саласындағы заманауи технологиялармен таныстырды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button