«Мама Про» ҚОРЫ КӨМЕКТЕСЕДІ
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсететін “Мама Про” орталығы ашылды. Орталық өңірдегі жас аналарды кәсіпке баулуға көмектеспек.
Қазіргі таңда мұндай орталық Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында бар. Елімізде осы қордың, орталықтың көмегімен өз кәсіптерін ашқан аналардың саны күн сайын артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған өскемендік аналарға, облыстағы аналарға да енді осы қордың қолдауымен кәсіп көзін ашуға, өздеріне тиімді істермен шұғылдануға мүмкіндік бар.
Аналар алғашында мұнда желілік маркетинг, компьютерлік сауаттылық, бухгалтерлік есеп және кәсіп жүргізу негіздері бойынша сабақ алады. “Мама Проның” филиалын Өскеменнен ашу туралы шешімге филиал жетекшісі Еркежан Ағажаева кездейсоқ келмеген екен. Үш бала тәрбиелеп отырған оның өзі де мүмкіндігі шектеулі баланың анасы.
– Бірде Перизат Талантқызы есімді әріптесім екеуміз Нұр-Сұлтан қаласына “Мама Про” қоғамдық қорына оқуға бардық. Мен секілді ерекше бала бағып отырған аналармен кездесіп, жақынырақ таныса келе көптеген жаңалыққа куә болдым. Кәсіпкерлік курсынан өткен аналардың тың бастамалары мені таңғалдырды. Олардың ерік-жігеріне куә болдым. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, аналарға мотивация беріп, қанаттандырған дәл осы “Мама Про” қоры екеніне көзім жете түсті. Содан мен де Өскеменде қордың бөлімшесін ашып, өңірдегі ерекше аналарға қолдау көрсетсем деген шешімге келдім, – дейді Еркежан Ағажаева.
«Мама Про» алғаш рет 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында даун синдромымен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған үш ананың – Айжан Әлжанова, Әсия Тікеева және Гүлсім Семеновалардың бастамасымен өзара идея алмасатын клуб ретінде құрылған көрінеді. Кейінірек қор болып құрылып, 2019 жылы Алматыда филиалы ашылған. Жобаның мақсаты – ерекше балалардың анасына психологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қолдау көрсету. Олардың бойында кәсіп жүргізуге қажет дағдыларды қалыптастырып, жұмыс табуға жәрдемдесу.
– Бүгінгі таңда “Сорос-Қазақстан Қоры” мен “КМF – Демеу корпоративтік қоры” қолдау көрсеткен “Мама Про” тренингтік орталығының бағдарламасынан ерекше балалардың 500-ге жуық анасы өтті. Біздің курстың табысты түлектерінің арасында оңалту орталығының және кейтерингтік компанияның негізін қалаушылар, кондитерлер, аспаздар, фотографтар, тігіншілер, визажис-тер, скрапбукерлер бар. Оқу курсынан өткеннен кейін шамамен 100 әйел жеке кәсібін ашып, 170 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ 120-дан астам әйел психологиялық қолдау курстарынан өтті. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өздерінің жоспарларын іске асыруға қол ұшын беруге әзірміз, – дейді “Мама Про” орталығының басшысы Гүлсім Семенова.
Жамал Ермен