Қоғам

Мұғалімдерді заңсыз қысқарту болған жоқ

Мұғалімдерді заңсыз қысқарту болған жоқ

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Өскеменде мектеп мұғалімдерін жұмыстан заңсыз қысқартып жатыр» деген ақпараттардың жарияланғаны белгілі. Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметованың айтуынша, мектептегі штаттар заңды түрде қысқартылған.
– Қаламызда салынып жатқан 1000 орындық мектептің құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұрған еді. Қуанышымызға қарай облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей мұрындық болуымен құрылысы қайта жанданып, бірінші тоқсан біткеннен кейін ашылады деп жоспарланып отыр. Ол мектепке енді қаладағы №44 және №46 мектептің оқушылары орналасады. Осыған дейін екі мектептің оқушылары №44 мектеп негізінде үш ауысыммен оқып келген еді. Былтырғы жылмен салыстырғанда бала саны да артты. Бүгінгі таңда 1700 оқушы білім алып жатыр. Енді жаңадан ашылатын мектепте 130 адам жұмыс істейтін болады, – дейді білім бөлімінің басшысы Мәдениет Медеуханқызы.
Жаңадан ашылатын мың орындық мектепке тамыз айынан бастап комплектация жасалды. Бірақ қыркүйекте №44 мектептегі бала саны 1700-ге көбейіп кеткен. Жаңадан штаттар ашылып, ақша бөлінді. Мәдениет Медеуханқызының айтуынша, сынып комплектілері көп болса, штаттық бірліктер де артады. Биыл Өскеменде 86 сынып комплектіге көбейген. Алайда, білім бөлімінің мамандары мектептерде бала санының қаншалықты көбейетінін күні бұрын болжай алмайды. Қалаға көшіп келушілер де, көшіп кетушілер де көп.
Оның үстіне үш жыл бұрын ашылған білім жетілдіретін деңгейлік курстарға кеткен мұғалімдердің орнына басқа мұғалімдер сабақ береді. Соған байланысты 50 млн. теңгедей қаржы жұмсалған көрінеді.
– Дегенмен, ішкі резервтерден қарап үнемдеп отырмыз. Биыл мектеп-гимназиялардан заңсыз штаттар заңды түрде алынып, тиісті штаттарды қалдырдық. Ендігі қалалық мәслихаттың сессиясында сұрап отырған қаржы жаңа мектепке қажет, – дейді Мәдениет Медеуханқызы.
Бала санының жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын ескерсек, келешекте Жібек маталар комбинаты мөлтек ауданына тағы бір мектеп керек болары сөзсіз.
Ал қазіргі уақытта ең алдымен қала мектептерінің штаттарына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова солай дейді.
– Қолда бар мектептердің өзін дағдарысқа байланысты күтіп ұстауымыз керек. Мұғалімдер тарапынан да, ата-аналар тарапынан да сұраныстар көп. Компьютерлер, интерактивті тақталар керек. Мұғалімдердің бәрі компьютерді меңгерген. Қала балабақшаларында да проблемалар жоқ емес. Бәрін рет-ретімен бір жүйеге келтіреміз, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Биыл Мәдениет Ахметованың ұсынысымен қалада ата-аналар мен балалардың кеңесі құрылды. Кеңес мүшелері конференцияларда, дөңгелек үстелдерде өз мектептерінде орын алып жатқан мәселелерді қозғап, өз ұсыныстарын айтады. Сонымен қатар, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 нақты қадам деген ұранмен арнайы жоба дайындалды. Әзірленген жоба бойынша жұмыс істеген мұғалімнің жұмысы жүйелі болады, ал оқушының білім сапасы артады.
– Жобалардың ішінде «Өзіңнен баста» деген бөлім бар. Әр мұғалім, әр оқушы адамгершілік қасиетті, отансүйгіштікті өзінен бастауы керек. Өзім жоспардан гөрі жобамен жұмыс істегенді жөн көрдім. Жоспармен жұмыс істеген адам сол жоспардың айналасынан шыға алмай қалады. Ал жобаның ауқымы кең, нәтижесі бар. Жаңадан жасалған жобада балалармен, мұғалімдермен жұмыс жүргізіледі, – дейді Мәдениет Ахметова.
Мысалы, жоба аясында орыс мектептеріндегі оқушылар аптасына 100 қазақша сөз жаттау акциясын қолға алса, үлкен жетістікке жетер еді. Сондай-ақ, белгіленген уақыттарда ағылшынша 100 сөз жаттау акциясын өткізіп отырса, нәтиже болады. Жалпы, жобаны жүзеге асыру үшін қала мектептерінің ұстаздары жұмыла жұмыс істеулері тиіс.

Мерей Қайнаров

Осы айдарда

Back to top button