ӨзектіТОП

МАЛДЫ ЕМДЕЙТІН МАМАН ЖОҚ

Қазір бұрынғыдай емес, ауылдағы мал иелері төрт түлігінің аман-саулығын ойлап, малға екпе жасау, тіркеуге қою сияқты ветеринарлық қызметтер мен шараларға ерекше мән беруде. Алайда ауылдарда осы қызметтерді көрсететін, ветеринарлық шаралардың сапалы жүруін қамтамасыз ететін мал дәрігерлері тапшы. 

Жыл сайын облыста ветеринария мамандығы бойынша 135 түлек жоғары және орта оқу орындарын бітіріп, мал дәрігері деген диплом алып жатқанымен, солардың бірен-сараны ғана мамандығына сай жұмысқа тұруда.

Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша облыстың ветеринария саласындағы барлық жұмыс орындарының 80 пайызында маман бар болғанымен, олардың 30 пайызы – зейнет жасындағы немесе зейнеткерлікке таяп қалған мамандар.

Өткен жылы елімізде маман тапшылығы мәселесін шешу үшін мал дәрігерінің жалақысы  130 мың теңгеге дейін көтерілді. Ветеринарлардың жалақысын биыл тағы да арттыру жоспарлануда.

Осы салаға жастарды тарту мақсатында облыстағы ветеринариялық оқу орындарының студенттері мен түлектері үшін ашық есік күндері, бос орындар жәрмеңкесі жиі өткізілуде. Аймақтағы жетекші агроөнеркәсіп кешендері ұйымдарының басшыларымен кездесулер де ұйымдастырылып келеді.

Аймақтағы ветеринария саласы ардагерлерінің ойынша, жастарды мал дәрігері болып істеуге ынталандыру үшін ең алдымен еңбекақыны көтеру керек, олардың жалақысын бес, он мың теңгеге емес, екі есеге дейін көтеру керек. Еңбекақы төмен жерде ветеринарлық қызмет сапасы туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.

Бүгінде алған мамандығы бойынша елді мекендерде жұмыс істеп жүрген ауылдың ветеринарлары мардымсыз айлықты місе тұтып жүр. Айлығы шайлығына жетпейтін жұмысқа кімнің ықыласы аусын?

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button