РуханиятТОП

Малдас құру һәм иога

Қазақтың әрбір әдет-ғұрпының түп негізінде мән де, мағына да бар. Кез келген әрекеті болмыспен және тұрмыспен тамырлас болып келеді. Бұрын бар, бүгін жоқ, өркениетке жұтылып бара жатқан әдебіміздің бірі – малдас құрып отыру. Осы бір отырыстың денсаулыққа пайдалы екенін біз біле бермейміз.

Төрде таудай болып малдас құрып отыратын қариялардың талайын көрдік. Мәнін кім білген, сәні бөлек болатын. Бәлкім, қарттықтан осылай отыратын шығар деп те ойлайтынбыз. Сол бір қазыналы қарттардың белім, омыртқам, жамбасым ауырды деп отырғанын естімедік. Сөйтсек, малдас құрып отырудың денсаулық үшін маңызы зор екен. Оны бүгінгі медицина мамандары анықтап отыр. Бұрынғы бабаларымыз мұны білген де шығар.

– Малдас құрып отыру ата-бабамыздан қалған, бұрыннан келе жатыр. Малдас құрып отыру кезінде ең алдымен ми және мидың бөліктері дем алады, сонымен қатар жұлын, мойын, кеуде, беломыртқа, сегізкөз, құйымшаққа да керемет әсері бар. Себебі ағзамыз босаңсып, тыныс алған кезде сәйкесінше ішкі мүшелеріміз де босаңсиды. Малдас құрып отырғанда әсіресе кіші жамбас қуысындағы бұлшықеттер, қуық қызметі, әйел адамның жыныс мүшелері және ер адамның жыныс мүшелерінің қан айналымы жақсарады. Бұл отырыс мойын, кеуде, беломыртқа ауруларын, яғни остеохондроз, люмбалгия, омыртқа жарығы секілді аурулардың алдын алады. Сондай-ақ ауру сезімін бәсеңдетіп, қысылып қалған жүйке талшықтарын босаңсытады, –  деп тұжырым жасапты невролог мамандар.

Иә, «жүрелемей жүрегіңді басып отыр» деп үлкендер талай ұрысқанын естідік. Соған қарағанда, отырып-тұрудың да денсаулыққа әсері көп болғандығы. Мұны байырғы адамдар білген де болар. Өйткені өзінің бастауын Үндістаннан алатын иога терапиясында осыған ұқсас отыру әдебі бар. Онда анық миды тынықтырып отырады. Тіпті қазіргі киноларында да бұл отырыс көп көрініс табады. Олар оның пайдасын әлдеқашан білген болар. Ал біз бабалар білгенді ұмыт қалдырып келеміз.

Қалай болғанда да, малдас құрып отырудың мәні зор екенін біле жүрсек артық болмас.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button