Білім

Малайзияда оқып жүр талай қазақ баласы

Малайзияда оқып жүр талай қазақ баласы
Қазiр қазақ жастары жаппай ағылшын тiлiн жарыса үйренiп жатыр. Мүмкiн бұрын да шет тiлiн бiлуге деген құштарлық көп болған шығар. Бiрақ Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесiн өткiзетiн болған соң БАҚ саласындағы әрiптестерiмнiң мұхит асып, тiл ұстартуы жиiледi. Бұл, әрине, жағымды үрдiс. Бұрын да орыстiлдi әрiптестерiмiзге қарағанда қазақша да, орысша да өткен жиындарда жалтақтап аударма сұрамай-ақ жаза беретiн журналистер, ендi ағылшынды меңгерген соң, тiптi, бiлiктi болары анық. Хош. Көштен қалмайық деп һәм жылына бiр келетiн демалысты тиiмдi өткiзу үшiн бiз де Малайзияға аттандық.

Өзімізді Қазақстанда тұрғандай сезіндік
1957 жылға дейiн Ұлыбританияның отары болған Малайзияда тiлдiк орта бар әрi бағасы да басқа елдермен салыстырғанда арзандау. Мысалы, Лондонда ақылы тiл курсы (2100$) болса, Куала-Лумпурде (550-1300$) шамасында. Бұл – жатар жер, шәй-су, жол шығынын есептемегенде.

… 9 сағаттай ұшып, жер шарының кiндiгiнде жатқан экватордағы Малайзияға да жеттiк. Куала – Лумпур әуежайында өзiмiздi Қазақстанда жүргендей сезiндiк. Тiл үйрететiн мектепке бiзден басқа тағы 15-20 шақты жерлестерiмiз келген екен. Бiрi мұнай компаниясында, бiрi hotel business саласында жұмыс iстесе, тағы бiр тобы ЖОО жаңа бiтiрген студенттер. Бәрiмiздiң таңдауымыз LEA-ға (London English Academy) түскен екен. Сөйтсек, мұнда жыл басынан берi жүздеген, әсіресе, жазда ай сайын 30-40 қазақстандық келiп, ағылшынша меңгерiптi. Малайзиялық кәсiпкердiң кәсiбiн дөңгелетiп отырған бiздер, қара домалақтар екенбiз. Өйткенi, басқа елдiң студенттерiне қарағанда қазақстандықтардың саны бiрнеше есе көп.

КВН-шілеріміз де Куала-Лумпурден шықпайтын көрінеді

Сөйлеу және жазудан сабақ беретiн mr. Ving-дi сөзге тарттым. Өйткенi, ай сайын ол кем дегенде 20 қазаққа тiл үйретiп келедi. Ал олардың әрқайсысы ай сайын кемінде 1000 $ төлеп отыр.

¬ Биыл шамамен қанша қазақстандық студентке сабақ бердiңiз? How many students do you teach from KZ?

¬Ving: ¬- Мен сабақ беретiн үш топтың әрқайсысында жоқ дегенде 5-6 қазақ студентi болады. Сирия, Ливия, БАӘ, ресейлiк студенттерге қарағанда Қазақстаннан келушiлер көп. Шынын айту керек, биыл Сiздердiң елдерiңiзден келiп, ағылшын тiлiн үйренем деушiлер бұрынғыдан да мол болды. Әсiресе, жазда мектеп оқушылары мен студенттер көп келдi. Тiптi, елдерiңiзде жақсы танымал (есiмiн ұмытып қалдым) сықақшы, әзiлкеш те келiп, ағылшынша оқып кеттi биыл жазда.

– Тұрсынбек пе?

– Жоооқ, Ресейде де КВН-де ойнаған екен.

– Сол Тұрсынбек шығар?

– Н, н, н… аааа Нурдауулет… Бiздiң мектепте қазақстандықтардың көп болуы бастығымыздың арқасы. Ол жиi-жиi Алматыға барып тұрады.

– Қазақ студенттерiңiз көп, бiздiң тiлде бiр-екi ауыз сөз бiлетiн шығарсыз? Do you know kazakh words?
– Иә, рақмет, қазы, шапалақ деген сөздердi бiлемiн. Бiрақ Сiздер жақтың адамдары көбiне орысша сөйлейдi. Үзiлiсте де, бiр-бiрiмен орысша сөйлеп жүргенi. Мен оларға үнемi айтамын мұнда тiл үйрену үшiн тек ағылшынша сөйлесiңдер деп.
– Иә, бiзде сондай мәселе бар. Ал Сiздерде қалай? Малайзия халқының тiлiн ағылшын тiлi басып кеткен жоқ па? Malaysia have language problem ? Wich language English or Malay dominate here?

– Малайзияда, әрине, бiрiншi орында малай тiлi, содан кейiн барып ағылшынша. Мұнда үндiс те, қытай да, тайландтар да бар. Олардың бәрi жергiлiктi тiлдi жақсы меңгерген.
– Қазақстанға шақырамын. Келiңiз. Would you like to visit Kz?

– Айтпақшы, иә. Болашақта осы мектептен бiрнеше мұғалiм Алматы, Астана, Атырау қаласына барамыз.
-Тiл үйретуде тәжiрибеңiз көп. Бiздiң елде үш тұғырлы тiл деген бағдарлама бар. Мектепте бiрiншi сыныптан, тiптi, балабақшадан бастап балалар қазақша, ағылшынша, орысша үйрене бастайды. Бұл дұрыс деп ойлайсыз ба?what do you think about our studying programs. In our country children\’s learn english, kazakh, russian language with first class…

– Бұл жақсы деп ойлаймын. Бала қалыптаса бастағанда не нәрсенi де тез меңгерiп алады. Мысалы, мен негiзiнен ағылшынша сөйлеймiн, әкем индус болғандықтан үндiше де бiлемiн, анам малайзиялық – ана тiлiм де малай тiлi. Тiптi, менiң үйдегi үш итiм де үш тiлде берген бұйрығымды тыңдайды. (Бiз итке тұрмақ, кейбiр кiсiлерге қазақша үйрете алмай жүрмiз деп ойладым мен)….

Нұрбек Бекенов
Малайзия, Куала-Лумпур.

Осы айдарда

Back to top button