Қоғам

Малға жұғымды жемшөп жыл бойы жайқалып тұрады

Малға жұғымды жемшөп жыл бойы жайқалып тұрады


Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына гидропоника жүйесімен мал азығын дайындау тәсілі енгізілгелі жатыр. Көк майса мен жемдік дақылдарды топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіретін бұл өзгеше технология аймақ шаруашылықтарын жыл он екі ай малға жұғымды жем -шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

– Барлық жағынан тиімді бұл құрылғы облыстың ауыл шаруашылығы саласына орасан зор пайда әкеледі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков. – Тамақ рационында биологиялық азықтары мол малдың ауруға қарсы иммунитеті де жоғары болады. Қазіргі күні жобаны қаржыландыруға қаржы институттарымен келіссөз жүргізіп, ғалымдар кеңесіне, пікіріне де жүгініп жатырмыз. Ең алдымен гидропоника технологиясын сүт өндірісімен айналысатын аудандарға орнатамыз.

«Сиырдың сүті – тілінде». Жоңышқаны, арпаны, мал азығындық барлық нәрлі дақыл түрін жазда да, қыста да жайқалтып өсіруге болатын аталған инновациялық әдіс сүтті мал шаруашылығы, сүт өндірісі дамыған Шемонайха, Ұлан, Глубокое аудандарының шаруашылықтарында жүзеге асырылатын болады.

Гидропоника жүйесімен азғана ғана аумақтың өзінен мол өнім алуға болатынын айтады мамандар. Әсіресе, ол шағын шаруашылықтар үшін аса қолайлы. Мысалы, осы қондырғыны орнатып, екі сотық жерден-ақ жылына 730 тоннаға жуық жемшөп жинап, мал азығының мол қорын жасауға мүмкіндік бар.

Осы технологияны шығарушы «KazAgroGreen» компаниясы гидропоника жүйесімен арпа дақылының бір апта ішінде көктеп шығатынын және оның малды қоңдандырып, салмағын арттыратын, сүтін молайтатын ақуыз, протейндерге аса бай болатынын айтады. Тек қана орынжайда белгілі бір мөлшерде қажет етілетін ауа қысымын, ылғалдылығын реттеп, сақтап, суландыру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Бұл тәсілмен бидайдың барлық сорттарын, арпа, күріш, бұршақ тұқымдас дәнді дақылдар, өзге де мал азығындық өсімдіктер түрлерін дәрумендермен байыта отырып өсіруге болады.

Жаңа жүйе Жапония мен АҚШ-тың тәжірибесі негізінде жасалыпты. Жаңа технология иелері тың тәсілді сүт, ет өндірісі қарқынды дамып келе жатқан Шығыс Қазақстан облысында жетілдіруге үлкен қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн.

– Біз Шығыстағы ет, сүт бағытындағы ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші шаруашылықтармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниеттіміз. Аймақ басшылығы инновациялық технологияларды енгізуге, экономиканың тиімділігін арттыратын озық та жаңашыл бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біздің назарымызды аударған да осы, – дейді компанияның бас директоры Бақытжан Қонбаев. -Біздің технология агросектордағы еңбек өнімділігін бірнеше есе арттырып, шығын көлемін азайтатынына сенімдіміз.

Гидропоника жүйесінің бір қондырғысы 36 млн. теңге тұрады, оны сатып алған шаруашылықтарға осы қаржының 50 пайызы субсидия түрінде қайтарылып беріледі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button