Малға да, жанға да жайлы Алтыншоқы

Өңіріміздің ең ірі ауылдық округтерінің бірі – Алтыншоқы елді мекені. Бұл округке Алтыншоқыдан басқа, Айтбай, Лайбұлақ, Текебұлақ ауылдары жатады. Үш мыңнан астам тұрғыны бар округ әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды даму үстінде.
Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен, сонымен қатар, егін, көкөніс өсірумен айналысып келеді. Ауыл әкімі Айбек Әнуарбекұлының айтуынша, округте кейінгі жылдары жұмыссыздық азая түсуде. Тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған 98 шаруа қожалықтары бұл күндері қанатын кеңге жайып, серпінді дамып келеді. Мал өсіріп, көкөніс салып, өнімін сауда-саттыққа шығарумен айналысатын шаруа қожалықтарының кейінгі жылдары тасы өрге домалап, әл-ауқаты айтарлықтай оңалып қалған. Биыл құрылып, «Кең-байтақ дала» деп атау алған кооператив 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл әкімі Айбек Лебаевтың ұйымдастыруымен 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл бордақылау алаңында ірі қарамен қатар, қой, жылқы малы да семіртіледі.
Осы ауылдық округте 157 ауылшаруашылық техникасы жұмыс істейді. Оның 27-сі комбайн, 130-ы шынжыр табанды және доңғалақты тракторлар. Былтыр шаруашылыққа екі шөп жинағыш техника сатып алынды.
Округте өз қолы өз аузына жеткен шаруа қожалықтары баршылық. Соның бірі – Секен Жақыпбаев жетекшілік ететін «Андас» шаруашылығы. Мал басын өсіріп, ірі қара тұқымын асылдандырумен айналысып келеді. Осындай тағы бір шаруашылықтың бірі – Махмұт Тұрдиевтің «Бірлік» қожалығы. Жақында бұлар асыл тұқымды байыс қошқарларын әкеліп, ұсақ малдарын асылдандыруға кірісті. Нұрғали Омарғалиевтің «Бекзат» қожалығы да шаруасын дөңгелетіп отырған округтегі ірі шаруашылықтардың бірі.
Ауылда тұрып жатқан ел-жұрттың қолындағы малдар жыл сайын көбейіп, өсіп келеді. Осыған қарап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің шама-шарқынша көтеріліп келе жатқандығын шынымен де байқауға болады. Былтыр ауылда 200 адамға арналған тойхана ашылса, биыл 300 адамдық тағы бір тойхана есігін айқара ашты. Округте 14 дүкен, үш наубайхана, бір жанар-жағармай құю бекеті, екі мал соятын пункт бар. Аудан әкімінің инфляцияны тежеу мақсатында берген тапсырмасына орай, округ бойынша жеке кәсіпкер, бизнесмендермен 33 түрлі азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандум жасалған. Мұндағы әр дүкендерде әлеуметтік бұрыштар ашылып, оларға аз қамтылған 17 адам бекітілген. Әлеуметтік нанның бағасы 55 теңге болса, халыққа сатылу бағасы 70 теңгеден.
2016 жылы елді мекенде пластик есік-терезе жасайтын цех іске қосылған. Округте ауызсумен қамту да дұрыс жолға қойылған. 2016 жылы 33 отбасының үйлеріне су жеткізілген. Қалған үйлердің барлығында ауызсу бар. Елді мекендердегі көшелерді жарықпен қамтамасыз ету шешіліп жатыр. Биыл Лайбұлақ ауылының бір көшесі, Текебұлақ, Алтыншоқы ауылдарының көшелері жарықтандырылды. Айтбай ауылына жаңадан 100 кВт трансформатор қойылды. Округте «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде қолға алынған үш жоба толықтай жүзеге асырылды.
Алайда ауылда жөндеу күтіп, жүдеп тұрған әлеуметтік нысандар да бар. Ауыл әкімі Айбек Лебаевпен әңгімелескенімізде, округке қарайтын Айтбай, Лайбұлақ ауылдарының пошта ғимараттары мүлдем сын көтермейтінін айтты. Алдағы уақытта бұларды күрделі жөндеуден өткізу немесе қайта салу керек.
Алтыншоқы округі осылайша заман көшінен қалмай келеді. Малға да жанға да жайлы өркенді ауылдан көшіп кетіп жатқандар жоқтың қасында.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.