ҚоғамТОП

Мал союдың машақаты

Бүгінде ауыл халқы үшін мал сою да мәселеге айналғандай. Әркім өзі үшін үйінде малын бауыздаса ешқандай шектеу жоқ, ал енді базарға шығарып сату мақсатында болса міндетті түрде тиісті талаптар сақталуы керек.

Жақында редакцияға Катонқарағай ауданынан азаматтар хабарласты. Айтуынша, ауданда небары екі-ақ қасапхана бар екен, түкпірдегі елді мекендердің тұрғындары қорасындағы малын сойып, базарға сату үшін оны көлікке тиеп бірнеше шақырым қашықтағы мал сою цехына жеткізуі керек. Бұл төрт түлікпен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынның қалтасына әжептәуір салмақ дейді олар. Біз құзырлы органдарға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық.

Рамиль Сағандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы №7-1/370 бұйрығына сәйкес, кейіннен еті саудаланатын кез келген мал арнайы қасапханаларда сойылуы шарт. Иә, қазір ауылдық жерлерде мұндай проблема бар екенін білеміз. Бірақ, заң бәріне бірдей, оған бағыну керек. Тәртіп болуы керек. Егер маңайда мал сою цехы болмаса, онда төрт түлігіңізді алыстағы қасапханаға апарудан басқа амалыңыз жоқ. Алайда бұл тырғырықтан шығудың бір жолы бар екенін айтқым келеді. Ол – әр ауылда, тым болмағанда ауылдық округте бір мал сою алаңын салу. Бұған көп шығындалудың қажеті жоқ. Өйткені мұндай алаңдарға қойылатын талаптар жеңілірек. Ең бастысы, ветеринарлық анықтамаға қол жеткізу жағы оңайлайды.

Равиль Сағандықовтың айтуынша, қазір аудандардың әкімдерімен бұл жөнінде тиісті түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Белгілі болғандай, ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы №7-1/37 бұйрығының 12-тармағына сәйкес, есептік нөмірі сою алаңдарын қоспағанда өндіріс нысанын пайдаланудың бүкіл кезеңіне беріледі екен. Ал мал сою алаңдарына ол бір жылға ғана беріліп, жыл сайын расталуға жатады. Қолданыстағы есептік нөмірін растау үшін мал сою учаскелері бекітілген ережелерге бағынуы керек. Сою алаңы – ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пункттері жоқ кезеңде, ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін орын. Былайша айтқанда, мұндай алаңда сойылған малдың етін ешқандай мал сою цехына соқпай бірден сауда орындарына апаруға болады.

– Мал сою нысандары бойынша нақтыланған нормалар жоқ әрі ол нысандарды мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделмеген. Себебі, қызметтің бұл түрі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік болып саналады. Яғни, мұндай мал сою алаңдарын кез келген адам аша алады деген сөз, – дейді маман.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, егер адам өзінің отбасы үшін үйінде мал сойса оған ешқандай тыйым жоқ. Ал сатуға немесе тамақтану орнына өткізуге апаратын малды міндетті түрде қасапханада, не болмаса мал сою алаңында жығу керек. Бұл бірінші кезекте санитарлық талаптарды сақтау, сол арқылы адамдардың денсаулығын қорғау. Тиісті тексеруден өтпеген, талапқа сай емес бір малдың етінен бірнеше адам уланып қалуы ықтимал дейді маман.

Катонқарағайлық ағайынның мәселесіне қатысты жауап алу мақсатында біз аталмыш ауданның басшылығына да хабарласқан болатынбыз.

Серік Жакитов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

– Иә, біздің ауданда мұндай проблема бар. Бұған қатысты облыстық прокуратура тарапынан тексеру де жүргізілген. Жалпы, Катонқарағай ауданында Үлкен Нарын өңірін қоса есептегенде, екі мал сою цехы бар. Оның бірі Үлкен Нарында, екіншісі Катонқарағай ауылында орналасқан. Өкінішке қарай былтыр аталған екі цехтың да жұмысы тоқтап қалған болатын. Биыл Катонқарағайдағы қасапхананы қайта іске қостық. Ал енді мал сою алаңдарына келер болсақ, әзірге ауданымызда жұмыс істеп тұрған бірде-бір алаң жоқ. Бірақ Өрел ауылында осындай алаң ашу жағын қарастырып жатырмыз. Қазір нысанның құжаттарын ретке келтірудеміз. Бұйырса, жуық арада бұл мәселе де шешімін тауып, Өрел ауылдық округінде өз мал сою алаңы іске қосылмақ. Сол сияқты, Аққайнар, Коробиха, Ақсу ауылдық округтерінде де осындай нысандарды ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір мал сою алаңын ашуға ниет білдірген азаматтармен келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпкерлерге өз тарапымыздан ақшалай көмек көрсете алмасақ та, жобаны «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар арқылы қаржыландыру жағын зерделеудеміз. Әзірге, мәселені осылай шешпек ойымыз бар. Ал болашақта мұндай алаңдарды басқа ауылдарда, әсіресе шалғай елді мекендерде салуды жоспарлаудамыз.

Жоғарыда мамандар атап өткендей, ауылдарда шағын мал сою алаңдарын салуға мемлекеттен қаржы қарастырылмайды, сондықтан оған бюджеттен қаржы бөлінбейді. Ондай алаңдарды жеке кәсіпкерлер немесе ауыл адамдары бірлесе отырып өз қаражатына салуы керек.

 

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button