Қоғам

Мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартпай, жұмыс өнбейді

Мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартпай, жұмыс өнбейді


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жуықта Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында ветеринарлық қауіпсіздікке ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы соңғы кезде күйдіргі індетінің кең етек алып, тіпті адам шығынына әкеп соққанын еске салды.

Осы орайда әкімдерге ветеринарлық қауіпсіздік мәселелеріне жеке-жеке жауап беретіндерін қатаң ескерткен болатын. Облыс орталығында қоғамның осы өзекті мәселесін шешуге атсалысатын «Шығыс Қазақстан облысының ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркелді. Оның белсенділер тобында \”Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты\” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Кенжеғазы Тоқтасынов, профессор А.Воробьев сияқты өңірге танымал ветеринар мамандар бар. Біз жаңа бірлестіктің төрағасы, ұзақ жылдар Ұлан ауданының бас мал дәрігері, кейін аудандық ветеринарлық коммуналдық кәсіпорынның директоры қызметтерін атқарған Есенгелді Бәкімбаевтан алдарына қойған міндеттері мен мақсаттары, жалпы ветеринария саласының өзекті проблемалары жайында әңгімелеп беруді өтінген едік.

-Есенгелді Ескенұлы, үстіміздегі жылдың жеті айында ғана республикамыздың төрт облысында күйдіргінің он алты жағдайы тіркелгені белгілі. Біздің облыста да екі жағдай анықталды. Індетті жұқтырған 16 адамның үшеуі қайтыс болды. Президентіміздің өзі жоғары мінберден ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту жөнінде тапсырма берді. Сібір жарасының осыншама өршіп кетуі және оны дер кезінде ауыздықтай алмауымыздың себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның объективті және субъективті себептері жеткілікті. Менің жеке пікірім – біріншіден, малды егу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмайды. Өйткені қазіргі ветеринар мамандардың керекті-керексіз жұмыстары өте көп. Мысалы, олардан өзіне бекітілген учаскенің барлық малын компьютерлік есепке алу талап етіледі. Малдардың да жеке тіркеу нөмірі МЖН болады. Осы жануарға қатысты кез келген мәлімет, қашан туды, қашан егілді, қандай екпе салынды, немен ауырды, барлығы компьютерде тұруы керек. Осындай қағазбастылықтың салдарынан ветеринар дәрігерлер өздерінің негізгі міндеттерін атқаруға үлгермей жатады. Сосын жалған есепке жол беріледі. Өйткені жалақыны еккен малдың санына қарай алады ғой. Екіншіден, екпе сапасыз болуы мүмкін. Ертеректе вакцинаны Алматыдағы биокомбинаттан, орталықтандырылған әдіспен жіберетін. Бүгінде екпе шығаратын ЖШС-тер қаптап кетті, қайсысы тендерді ұтады, сол дәрісін сатады, ал оның тиімділігін, сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Үшіншіден, малдарды қашаға топтап қамап, егу қажет. Қазір ветеринарлар сөмкелерін арқалап, үй-үйді аралап жүреді. Бұл әдіспен барлық мал басын қамту мүмкін емес. Әсіресе табын-табын жылқылар жайлау асып кетсе, бірнеше жыл қатарынан егілмей жүре береді. Мен бұл пікірді бұрынғы ветеринар дәрігер ретінде ашық айта аламын.

– Осы індеттің аяқастынан бас көтеруін табиғи ошақтардың салдары деген сөздерді де естіп қаламыз.

– Күйдіргінің ошағы жүз жылға дейін сақталып, қауіп төндіретіні рас. Соңғы деректер бойынша, республика көлемінде 1738 стационарлық-қолайсыз пункт тіркелген. Ал осы табиғи ошақтардың соңғы жиырма-отыз жылда қаншалықты дәл анықталғаны да күмән тудырады. Биыл жаздың жауынды болуы салдарынан қорымдардағы инфекция жайылымға тарап, оны егілмеген мал жеуі де мүмкін.
– Осы қалыптасқан жағдайда сіздердің қоғамдық бірлестік не істей алады?

– Бірлестіктің бір міндеті – осындай кемшіліктердің жолын кесу. Ол үшін оның себептерін анықтап, оны жоюдың амалдарын іздестіріп, ветеринарлардың республикалық ассоциациясына, кәсіпкерлер палатасына ұсыныстарымызды жолдау қажет. Жануарлар індеттерінің алдын алудың облыстық, республикалық бағдарламаларын әзірлеу, ветеринария саласының қолданыстағы заңнамаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу сияқты міндеттеріміз де бар. Кезінде бір ауданда бір ғана ветеринарлық қызмет болған. Бүгінде екі-үш қызмет бар. Облыстық деңгейде біріне-бірі бағынбайтын төрт орган бар: ветеринарлық басқарма, ветеринарлық және қадағалау комитетінің облыстық филиалы, ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы, ауылшаруашылық басқармасы. «Қойшы көп болса, мал арам өледі» демекші, олардың жұмыстары бір-бірін толықтырмайды, керісінше, қайталау, бір-бірінің қызметтеріне пайдаларынан бөгеттері көп. Бұл салаға мемлекеттен қыруар қаражат бөлінетіні белгілі, ал тиімділігі жоққа тән. Біз осы қызметтердің жұмысын үйлестіру жөнінде өзіміздің ұсынысымызды білдіреміз.

Елбасымыз халыққа 2012 жылы жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударған болатын. Бұл орайда малдардың бруцеллезге қарсы егілуіне үлкен мән беру керек. Бруцеллезге қарсы вакцинаны жүйесіз, ешбір ғылыми негізсіз салудың салдарынан малдар бұл індетпен ауыра береді, азық-түлік өнімдері арқылы адамға жұғады. Алдымен малдарды егудің бүгінгі заманға сәйкестендірілген жаңа кестесін жасау керек. Бұл жерде де шешілмей жатқан түйткілді мәселелер аз емес. Мысалы, сарып ауруы шыққанда шектеу қою үшін кемінде бір-екі ай керек. Одан кейін сарып ауруына күдік болса, зертханалық тексерудің қорытындысын тоспай-ақ залалсыздандыру жұмыстарын жүргізе беру қажет. Бүгінде қызметтің бұл түрі дәлденгенге дейін ақылы көрсетіледі. Бұл қызметті аудандардың өздеріне берген дұрыс сияқты. Өйткені, бруцеллез сонау Үржарда анықталды дейік, дезинфекциялайтын машинаны Семейден сол жаққа айдап апарады. Бұл да қаражатты далаға шашу деп санаймыз.

– «Қоғамдық бірлестіктің тағы бір мақсаты – ветеринар мамандарды әлеуметтік жағынан қорғау» дедіңіз бір сөзіңізде. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз?

– Аталмыш саланың ең ауыр жұмыстарын жүзеге асыратындар, ол – ауылдық округтегі ветеринарлық пункттердің мамандары. Ал дәл осы қызметкерлер жалақысын да уақытында ала алмайды, өйткені бірде вакцина жоқ, бірде сырға жоқ, мал уақытында егілмеген, істелген жұмыстың актісі болмағасын еңбекақы да бөлінбейді. Ал барлығының мойнында несие бар дегендей. Осы коммуналдық кәсіпорындарда істейтіндерге жеңілдікпен несие беру, жас мамандарға көтерме ақша төлеу, қызметтік баспана бөлу сияқты проблемаларды көтереміз. Адам дәрігерлері, ауылға баратын жас дәрігер біршама жеңілдіктерді пайдаланады, олар да мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істесе де, жалақыларын уақытында алады. Қоғамдық бірлестік көзге ұрып тұрған осы әлеуметтік әділетсіздіктің шешімін іздестіреді. Дені сау ұрпақ өсіргіміз келсе, алдымен жейтін асымыздың қауіпсіздігіне мән беруіміз керек. Бұл орайда басты жауапкершілік ет-сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін мал дәрігерлерінің мойнына жүктелетіні түсінікті.

– Бірлестіктің құрамына кімдер кіре алады?

– Кез келген ветеринар мамандарының ұжымы, жекелеген мамандар мүше бола алады. Бірлестік мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды, олардың қызметтік міндеттерін атқаруға қатысты даулы мәселелер туындағанда, кәсіби білікті көмек көрсетуді мойнымызға аламыз. Қоғамдық бірлестіктің белсенділер тобына өңірде осы салаға көп жылдарын арнаған ардагер ветеринар дәрігерлер кірген. Жас мамандардың біліктілігін ұштау мақсатында тәжірибе алмасу форумдарын ұйымдастыру, конкурстар өткізу ойымызда бар. Негізгі мақсатымыз – ветеринар мамандығының беделін арттырып, қатарымызға жастарды тарту. Бірлестіктің кірістері мүшелері арасында бөлінбейді, ол жарғылық және қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Кәмәл Естай.

Осы айдарда

Back to top button