Қоғам

Мал дәрігерлері атқа қонды

Қазір ауыл-аймақта қызу қарбалас шақ. Ауыл еңбеккерлерінің бірі күзгі жиын-терінмен айналысса, енді бірі төрт түлігін жемшөппен қамтамасыз етуде. Олармен бірге меншік түріне қарамастан малға екпе жасап, ен салумен айналысатын мал дәрігерлері де өз істеріне кіріскен.

Биыл мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды қысы-жазы қол күтімінде болмайтын Қамбар ата төлінен бастап отыр. Әрине, жүген-құрық тимеген асау жылқыларды таңбалап, егу екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Ол үшін арнайы салынған қора мен қарулы азаматтар керек.

Катонқарағай ауылынан он бір шақырым жердегі «Терісбұлақ» телімінің бойы үйір-үйір жылқыға толы. Бұл – ағайынды кәсіпкерлер Асхат пен Рафхат Әлкеновтердің ата қонысы. Кеңестік кезеңде ата-аналары Қазыбек пен Айтбала Әлкеновтер де осы жерде көп жыл бойы «Алтай» кеңшарының қойын баққан. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін олар өз үлестеріне тиген  жүздеген гектар жер мен мал қораларын іске жаратып, шаруа қожалығын құрды. Ата-аналарының ісін қазір екі ұлы ойдағыдай жалғастырып келеді. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, ағайынды Әлкеновтердің пайдасы ауылдастарына да тиіп, көптеп жекеменшік мал ұстауға көмек болуда.

Міне, астарына жарау ат мінген Талғат Қыдыров, Асхат Тауданбеков, Айдос Биболов бастаған жігіттер бір үйір жылқыны айдап әкеліп қораға кіргізді. Олардың келуін күтіп түрған өзге азаматтар да қоршау ішіне кіріп, жылқыларды тар қоршау бөліктерге енгізді. Асау жылқылар  айдаушыларды қағып кетердей екпінмен кері серпіледі. Бірнеше рет қашаны жағалата айдап, амалдаумен тар бөлікке әрең енгізілген жылқылар тынышталған кезде мал дәрігері Марат Абдулов пен Азамат Ғалымжанов өз істеріне кірісті. Мінезі шәлкес кейбір асаулар тар шарбақтың ішінде де басылмай, алдына келгенді тарпып, тістеп, артына келгенді теуіп, қол тигізер емес. Мұндайда Аманжол Рамазанов, Жандос Биболов, Базарбек Байбосынов сынды жігіттер асаулардың мойнына арқан салып, таңба басып, екпе салған мал дәрігерлеріне болысып  жүр. Осы қалыппен бел шешпей, білек суытпай  алты-жеті сағат жұмыс істеген бір топ азамат жетпіс бас жылқыға таңба салып, егу жұмыстарын жүргізді. Бұл күні біз де мал дәрігерлерінің осы жұмыстарынан олардың қиын да қауіпті міндет атқарып жүргендеріне куә болдық.

Биыл Ерік Кітапбаев басшылық етіп отырған малдәрігерлік пунктке  2000 бас  ірі қараны, 1000 бас жылқы мен  5000 бас ұсақ малдың төлдерін бірдейлендіру жөнінде тапсырма берілген екен. Осы уақытқа дейін аталған мекеме 1789 торпақты, 4706 бас қозы-лақты және 493 жабағы тай мен құлынды бірдейлендірген.

– Жұмыстан аянып жүрген біз жоқ, – дейді мал дәрігері Қайнар Кісекин. – Сырға мен нөмірдің тапшылығы жұмысымызға қолбайлау болып отыр. Әйтпесе негізгі шаруамызды мал жаз жайлаудан түсе салысымен, күн жылыда бітіріп алар едік. Бұл жөнінде андағы бір отырыста ауданның бас мал дәрігері Рахымғали Байгерев те айтқан болатын. Оның сөзінен бір түсінгеніміз, республикада мал сырғалары жеткілікті дәрежеде бар көрінеді, алайда оны тарататын компаниялар арасында осы уақытқа дейін тендер ойнатылмаған. Ал мұның  зардабын бүгін мал дәрігерлері мен қарапайым ауыл азаматтары тартып отыр.

Жәнібек Қызыр,

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button