Мал азығы жеткілікті мөлшерде жиналды

Азамат Темірбеков
Суармалы жерлерді тиімді пайдаланған зайсандық шаруалар жаздың жауынсыз болғанына қарамастан мол өнім алып, мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындады.
Аудан әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, шаруалар жаз маусымының құрғақ болғанына қарамастан суармалы жерлерді тиімді пайдаланып жақсы өнім алған. Қазіргі уақытта жиын-терін жұмыстарының аяқталып келе жатқанын айтқан ол, табиғи мал азығының тапшылығы кезінде диқандардың көп жылдық шөп дақылдарын екі мәрте орып, мал азығының мол қорын жасағанын атап өтті.
– Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы саласы елеулі рөл атқаратындықтан су тапшылығы – басты мәселе, – дейді Дулат Қажанов. – Жауын-шашынның аз түсуі, қазіргі уақытта суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын арттырып отыр. Осыған байланысты біз қазір осы бағытты дамытуға ерекше назар аудардық. Атап айтсам, бүгінгі күні ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытудың бес жылға арналған жоспарын әзірлеп жатырмыз.
Аталмыш бағдарламадағы басты мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды суландыру. Жалпы алаңы 22 мың гектар суармалы жерлер барын алға тартқан аудан әкімі, бұл бағытта Үйдене және Кендірлік су қоймаларының ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Бүгінде Үйдене су қоймасында магистраль болғанымен ішкі каналдарды реттеу мәселесі бар. Яғни, жіберілген су алқапқа жетпей жерге сіңіп кетеді. Сондықтан аудан басшылығы суды межелі жерге құбыр арқылы жеткізетін үлкен жобаны ойластыруда. Келер жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуі мүмкін жоба негізінен төрт кезеңде іске асырылмақ. Аталмыш жоба аясында Қарабұлақ, Кеңсай, Сартерек, Дайыр, Қаратал ауылдарына қарасты суармалы алқаптар қайтадан жанданатын болады. Осылайша мал азығын қамтамасыз ету алдағы уақытта аудан аумағындағы бордақылау алаңдарының, тауарлы-сүт фермалардың санын еселеп арттырады деген болжам бар.
Дей тұрғанмен зайсандық шаруалар қол қусырып отырған жоқ. Айта кетсек, жыл басынан шаруашылық құрылымдары «КазАгроФинанс» ұйымының лизингімен және «Зайсан несие» КС» ұйымының қаржылай қолдауымен 73 ауылшаруашылық техникасын сатып алған. Соның нәтижесінде мал азығын дайындаудың сапалы түрі – рулондау жұмыстары кеңінен іске асырылған.
Ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйверіне айналдыру қажеттігін биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазірде бұл саланы дамыту негізгі проблемалардың бірі екенін айтқан болатын. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін алға тартқан ел Президенті еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін тілге тиек етті.
Жалпы, аудан экономикасында ауыл шаруашылығы басты рөл атқаратын Зайсан өңірі Мемлекет басшысының аталған тапсырмалары аясындағы жұмыстарды назардан тыс қалдырған емес. Атап айтсақ, биыл жыл басынан бері мұнда 29,8 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны 123,6 пайыз болғанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласына 341,1 миллион теңге инвестиция тартылды.
– Мал шаруашылығы – ата кәсібіміз. Осы себепті, төрт түліктің мәселесіне ауданымыздағы шаруалар ерекше ықыласпен қарайды. Соның арқасында аудандағы мал басының өсу қарқыны сақталып отыр. Бүгінде ірі қара саны 98,8 мың басқа, жылқы – 43,7 мың басқа жетсе, ұсақ мал 105 мың бастан асып жығылды, – дейді Дулат Қажанов.
Бұдан бөлек, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау мәселелеріне де ерекше мән берілген. Яғни, жыл басынан бері аталмыш бағыт бойынша 209 шаруашылық құжаттарын тапсырып, бүгінгі күні оның 182-сі мемлекеттен 232,9 млн. теңге мөлшерінде субсидия алған. Оған қоса, ауданның 22 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 236,3 млн. теңге мөлшерінде жеңілдетілген несиелер алды.