Қоғам

Макдональдста да қысқартулар жүреді

Жер-жаһан

Макдональдста да қысқартулар жүреді

Макдональдста да қысқартулар жүреді

McDonald’s фаст-фуд мейрамханалар желісі әлем бойынша басшылық қызметтегі 225 менеджерін қысқартатынын мәлімдеді. Осындай қадам арқылы компания құлдырай бастаған бизнесін қайта қалпына келтіруге тырысуда.
Атап айтқанда, қысқартуға McDonald’s-тың Иллинойс штатындағы (АҚШ) 2100 адамды құрайтын Оук-Брук штаб-пәтерінің 135 қызметкері ұшырамақ. Бұған қоса, шетелдік бөлімшелердегі 90 қызметкері де жұмыстарынан айырылайын деп тұр.
McDonald’s-тың баспасөз хатшысы Джэфф Мочалдың айтуынша, компания 2014 жылдың желтоқсанында 63, 2015 жылдың қаңтарында 55 кеңсе қызметкерін қысқартқан.
АҚШ пен Қытай нарығындағы сатылымдардың төмендегеніне байланысты компания бизнесін осылайша қайта құрылымдауға бел буып отыр.

90 миллиард долларға арзандады

Соңғы екі аптада американдық Apple корпорациясының құны 90 миллиард долларға дейін арзандады. Мұндай қорытынды сатылымға шығарылған акциялар мен олардың екі күндік төмендеуіне байланысты жасалынды.
6-тамыздағы мәлімет бойынша, компанияның акциялары 115 доллар шамасында тұрақтаған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 20 шілдеде осы жылдың екі қаржылай тоқсанындағы қорытынды жарияланбастан бұрын компания қағаздары 130,97 долларға бағаланған еді.
Yahoo Finance агенттігінің мәліметінше, қазір Apple-дың жалпы құны 656,21 миллиард долларды құрауда. Ал осы жылдың ақпанында компания 765 миллиард долларға бағаланған болатын.
Осыған байланысты Bank of America Merrill Lynch қаржы ұйымы Apple акцияларын сатып алу бойынша ұсыныстарды жағымды Buy деңгейінен орташа Neutral-ға төмендетіп, бір акцияның шекті өсу бағасын 142 доллардан 130 долларға дейін түсірді.
Сарапшыларды әсіресе, Apple-дың iPhone смартфондарының сатылымына бағынышты екендігі алаңдатып отыр. Акциялар құнының төмендеуіне Қытай нарығының да әсері бар. Тоқсан қорытындысы бойынша Apple Xiaomi және Huawei-ден кейінгі үшінші орынға тұрақтаған.

Қытайдың қор нарығына қолдау қажет

Қытайдың CSFC қаржы корпорациясына акциялар сатып алып, қор нарығын қолдау үшін екі триллион юань (322 миллиард АҚШ доллары) қажет. Осыған дейін Қытайдың халық банкі CSFC-ге 483 миллиард доллар берген еді.
CSFC орталық банк пен мемлекеттің бақылауындағы коммерциялық банктерден алынған қаржыға акциялар сатып алумен айналысады.
Маусымда Shanghai Composite индексі 29 пайызға құлағаннан кейін, Қытай билігі елдегі қор нарығын қолдау үшін төтенше шаралар қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесінде қытайлық компаниялардағы капиталдандырудың төмендеуі 3,4 триллион долларға қысқарды. Енді қор нарығындағы қағаздарды сатып алуға жұмсалуы тиісті қаржы көлемі 800 миллиард доллардан асып түсуі мүмкін. Бұл салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейдің алтын-валюталы қорынан 2,5 есеге көп.
Қазір Қытай билігінің шешімі Bank of America Merrill Lynch сарапшыларын да алаңдатып отыр.

Осы айдарда

Back to top button