Аймақтар аухалы

Мақаншыда мақтанарлық істер көп

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Үржар ауданы

Мақаншы ауылдық округінде мал шаруашылығы ғана емес, сонымен қоса егіншілік те жақсы дамып келе жатыр. Үржар ауданына қарасты бұл округте бүгінгі күні 101 шаруа қожалығы бар, ал осы шаруашылықтарда еңбек етіп, табыс тауып жүрген жұмысшылар саны – 172 адам.

Тарқатып айтар болсақ, аталған шаруа қожалықтарының ішінде 79-ы несібесін төрт түліктен тауып отырса, қалған 22-сі егіншілікті кәсіп еткен диқан қауымынан.

Биыл ауылдық округте егістік алқаптың көлемі едәуір ұлғайды. Айталық, бидай 260, күнбағыс 446, соя 200, жүгері 200, картоп 146, бақша дақылдары 50, көкөніс 150, жемшөп 1182 гектар жерге егілген. Осы аталған дақыл түрлерінің бәрінен ала жаздай бел жазбай еңбек еткен шаруалар жақсы өнім алды.

Атакәсібіміз мал шаруашылығын өркендету жолында мақаншылықтар аянып қалып жатқан жоқ. Төрт түліктің басын көбейтумен қатар тұқымын асылдандыруға да терең мән берген қожалықтар мемлекеттен тиісті қолдау-көмек алып отыр. Бір мысал келтірсек, бір округтен 18 қожалық «Қолдау» арқылы субсидия алып, игеріп жатыр.

Сондай-ақ биыл жаңадан ауылшаруашылық техникаларын сатып алған қожалықтар да бар. Мысалға, Нұржан Төлегеновтің  «Сұңқар» шаруа қожалығы 12 млн теңгеге МТЗ-82 тракторын, 14 млн теңгеге МТЗ-952 тракторын, 60 млн теңгеге тамшылатып суару техникасын алса, Дариға Талқанбаеваның «Назархан» шаруа қожалығы 21 млн теңгеге жүк тиегіш тракторын сатып алды.  Сондай-ақ тағы екі шаруа қожалығы үш ауылшаруашылық техникасы мен бір тамшылатып суару техникасын жиыны 107 млн теңгеге сатып алды.

– Рас, округімізде биыл көктемде №175 бұйрықпен 13 учаскеге сарып ауруына байланысты шектеу қойылған. Сол себепті 1656 бас мүйізді ірі қара малынан қан алынып, оның 157 басында оң нәтиже анықталды. Ауру жұқтырған малдар арнайы мал сою орындарында сойылды. Қазір қалған учаскелерге қарасты  малдарды  жоспар  бойынша  сарып ауруының бар-жоғын тексеру мақсатында қан алу  және аусылға қарсы егу  жұмыстары  жүргізіліп жатыр, – дейді ауыл әкімі Советхан Қалиев.

Ауыл әкімінің айтуынша, Мақаншы ауылдық округінде әлеуметтік қамту саласы да дұрыс жолға қойылған. Қазір округ бойынша алты әлеуметтік қызметкер 36 жалғызбасты қартқа, тоғыз әлеуметтік қызметкер 58 мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет  көрсетеді.

Осы жылдың үшінші тоқсанында аз қамтылған отбасылар  ретінде 123 түтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алды.

Сонымен қатар ауылдық округ бойынша биыл қоғамдық ақылы жұмысқа 33 адам тартылды. Жаңа оқу орындарын бітіріп келген бес жас маман мамандықтары бойынша жастар іс-тәжірибесімен жұмыс істеуде. «Жастар практикасы» арқылы осы санатқа жататын адамдарды жұмыспен қамту қарқынды жүзеге асырылуда. Жалпы, «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептеледі. Жас мамандар үшін бұл тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік. Аталған бағдарламаға 29 жастан аспаған, ресми түрде жұмыссыз саналатын және жоғары оқу орындары мен колледждерді бітіргеніне үш жылдан аспаған түлектер қатыса алады.

Бұдан өзге қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 60 адам тіркелген. Оның сегізі тігінші, 10-ы аспаз, жетеуі механизатор мамандықтары бойынша арнайы курста оқып, жұмысқа  орналасып,  өз кәсіптерін ашқан.

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2022 жылдың қыркүйек айында 11 тұрғын үй көпбалалы отбасына берілді.  Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларына барлығы 30 пәтер берілді.

– Келер жылы біршама істі жоспарлап отырмыз, – дейді Мақаншы ауылдық округінің әкімі Советхан Тоғанбайұлы, – Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан қатты  қалдық төгетін полигонның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы бөлуге жұмыстар атқарылуда. Айналма жол мәселесін де  қарастырып жатырмыз. Ауылдағы 54 көшенің бүлінген жерлерін рет-ретімен қалпына келтіру, жалғызбасты  және көпбалалы аналарға үй салуды жалғастыру, жастарды ауылда тұрақтандыру, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларына мемлекет тарапынан несие мен қайтарымсыз гранттар беріп, жұмыс орындарын ашу сияқты үлкен-үлкен міндеттер тұр алдымызда.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына екпін берген мақаншылықтар мүйізді ірі қара малының тұқымын асылдандырып, мемлекеттен тиісті субсидиясын алып отыр. Нәтижесінде әсіресе зеңгі баба түлігінің саны артып, сапасы жақсарған.

Бұл ретте әрине, аудан әкімдігі мен облыс басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмектің пайдасы зор. Ал жылдар бойы қордаланып қалған түйткілді мәселелер біртіндеп уақытымен шешіле бастаған сыңайлы. «Ең бастысы, тиісті қаржы бөлінсе, шешілмейтін түйін жоқ» дейді ауыл әкімі.

 

Осы айдарда

Back to top button