Руханият

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Жармалықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ерекше тарту жасады. Кеше аудан орталығы – Қалбатау ауылында Жарма өңірінің айтулы перзенті, мөлдір махаббатты жыр еткен майталман жазушы, журналист, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көзі тірісінде елі Әз-аға деп әспеттеген Әзілхан Нұршайықов атындағы Махаббат аллеясы ашылды.

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Қазақтың қабырғалы қаламгерінің есімін ұлықтаған игі шараға жазушының «Махаббат, қызық, мол жылдар», «Мәңгілік махаббат» шығармаларын көкейіне түйіп өскен аға буын өкілдері мен жастар, аудан жұртшылығы түгел жиналды.
Салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Нұрлан Сыдықов Жарма жұртының төл перзентін ұлықтап, есімін жаңғыртып жатқан қадамымен құттықтап, махаббаттың жыршысы атанған жазушыға қандай құрмет көрсетілсе де лайық екендігін атап өтті.

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

– Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған өр тұлғаның өмір жолы, ұстанымы тәлім мен тәрбиеге толы десем артық айтқандық болмас. Есімін жаңғыртып, өскелеңге өнеге ету бүгінгі буынның еншісіндегі үлкен аманат дер едім. Соның бір ғана парасына бүгін біздер куә болып отырмыз. Осыдан үш жыл бұрын журналист Риза Молдашева өзінің «Ұмытсақ, ұрпағыңды кешіре гөр» атты мақаласында үлкен мәселе көтеріп, Әзілхан Нұршайықовпен байланыстырып махаббат тақырыбында ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс айтылған болатын. Ұтымды әрі уақтылы көтерілген ұсынысты жерлестері қолға алып, бүгінде саябақтың шымылдығын түргелі отырмыз. Жазушы «Адамгершілік махаббатсыз болмайды» деп бағамдаған екен. Олай болатын болса, шаңырақ көтеріп, үй болып жатқан жастарымыз үшін бұл жер тәу ететін қастерлі орынға айналатындығына сенімім мол. Игілікті іс өз бастамасын тауып, ары қарай да жалғасын табады деп білемін,-деді аудан басшысы.

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Аға буын өкілдері атынан сөз алған ауданның Құрметті азаматы Төлеуберді Әубәкіров жерлестерін үлкен қуанышпен құттықтады.
– Әз-ағаның туған халқына деген ілтипаты риясыз еді. Қаламгердің өмірі өнегеге толы. Жарма жерінде тарихтың жаңа парағы ашылып жатыр. Бұл ретте аудан әкімінің еңбегі ерекше екендігін атап өткен болар едім. Әзілхандай тау тұлғасымен мақтанатын өңірдің ісі өрге басып, өнегелі өсиет қалдырған жазушыдан үлгі алатын жастарымыз көп болуына тілектестігімді жеткізгім келеді,- деді Төлеуберді Оразғалиұлы.
Ал Әзілхан Нұршайықовтың ұрпақтары атынан сөз алған Еркеш Зиябекова: «Ерекше қуанышқа бөленіп тұрмын» деп тек Жарманың ғана емес, жалпы қазақ баласының төл перзенті болып, ерлік пен еңбекті насихаттап, махаббаттың жыршысы атанған жазушыға ел ағаларының көрсетіп жатқан құрметіне алғысын білдірді.

МАХАББАТТЫ ЖЫР ЕТКЕН ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Жүрекжарды құттықтаулар мен жылы лебіздерден кейін Махаббат аллеясының тұсауы кесілді. Шағын саябақ жазушының шығармасынан сыр шертерлік мүсіндерге толы. Аллеяға қойылған композицияларға қарап, шығармаларды жазбай танып жатқан жұрт та аз болмады.
Осынау игі шара барысында шаңырақ көтерген екі жастың некесі салтанатты түрде қиылып, жаңа, өмірге жол тартқан жұпқа аудан басшысы ақ жол тілеп, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Саябақ ішінде жазушының қаламы мен ұшқыр қиялынан туындаған шығармаларынан көрме ұйымдастырылды.

Мейірхан Оспанбаев

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button