«Махаббат вальсімен» даңқы шыққан

Қазақ өнерінде шоқтай жарқырап, жұлдыздай ағып түскен дарынды тұлғалардың бірі — Бекен Жамақаев. Бекен ағамыз жазып қалдырған «Махаббат вальсі» шығармасы классикаға теңеліп, ол заманында «қазақтың Штраусы» атанған еді.
Бекен Жұмабекұлы 1931 жылы Абай ауданының Саржал ауылынан елу шақырымдай Жанан деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы Семей қаласында өтеді, әкесі өмірден ерте қайтып, шешесінің тәрбиесінде қалады. Қаладағы №16 мектепті оқып, бітіреді. 1946-1948 жылдары Абай атындағы облыстық драма театрында әртістік қызмет атқарды. Кейінірек, 1948 жылы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге түсіп, оны 1950 жылы үздік бітіріп шыққан. 1951-1952 жылдары облыстық радиокомитетте әдеби қызметкер, 1952-1957 жылға дейін цензор болып істеді. Болашақ сазгердің атағын шығарған Нұтфолла Шәкеновтің өлеңіне жазылған әні «Махаббат вальсі» еді.
-Менің ағам Бекеннің жүрегі әнге ғашық еді,- деп есіне алды композитордың қарындасы Бейбітжан Жамақаева,-мен Бекен ағамның үлкен ағасы Мұқаметқалидің қызымын. Ағам арнайы композиторлық білімі жоқ болса да, табиғи дарын иесі еді. Алғаш рет қасиетті домбыраны қолға алса, кейін гармон, сырнай, пианино, мандолин сияқты күрделі музыкалық аспаптарда шебер ойнады.
Мен қазір шақырған жерлерге барып тұрамын. Ол қайтыс болған кезде қолыма баянын алып, ойнап кеттім. Оның әндерінің басым көпшілігі вальс ырғағында жазылған. Ағамның халыққа кеңінен танымал «Махаббат вальсі», «Сен ғана», «Ертіс вальсі», «Гүлім қайда», «Сұлу сары», «Қоштасу», «Мереке вальсі», «Сырласу», «Түн сыры», тағы басқа көптеген әндері бар. Бекен ағамның 85 жылдық мерейтойын атап өтудің ауыр жүгі менің мойныма артылды. Енді не істеймін деген кезде, Абай музейінің директоры болған, абайтанушы Төкен Ибрагимов ағамыз дем бергені: «Бейбітжан, сен айтпасаң, мына жастар, Бекенді танымай кетеді» деп. Содан әйтеуір, Төкен аға екеуіміз әкімдікке де шығамыз, анда да жүгіремін, мында да жүремін. Жалынамын, біреудің алдына барып жылаймын. Содан 85 жылдығын атап өттік, ал былтыр Бекен Жамақаев пен Теміржан Базарбаевқа арналған «Шығыстан шыққан жұлдыздар» деген бірінші облыстық фестиваль ұйымдастырылды. Сондай-ақ жақында ақын, абайтанушы Мұрат Сұлтанбековтің 80 жылдығына арналған қаладағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде кездесу өтті. Мұрат ағамыз жас кезінен Бекенмен бірге жүрген еді. Мен ағамның «Махаббат вальсін» баянмен шырқадым. Көңілім толқып кетті.
Бейбітжан апай айтса айтқандай, Семейде өткен Бекен Жамақаев пен Теміржан Базарбаевқа арналған тұңғыш фестивальді Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры Абай Азаматов ағамыз өткізген еді. Қалалық әкімдік пен облыстық мәдениет басқармасы республиканың әр түкпірінен жиналған 22 орындаушының басын қосты.
– Бекен Жамақаев – «Махаббат вальсінің» авторы, талантты композитор,-деді Адай Азаматов,-небәрі 41 жыл ғана өмір сүрді. Біз оның музыкалық шығармаларын жастарға насихаттауымыз керек. Оның шығармаларында халыққа, Отанға, жастық шаққа деген махаббат жатыр.
Жүрегі тұнған ән еді
-Семей тарихи мекен – Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты сөз жүйріктері, ой-орам көсемдері, тіл данышпандары, дарын иелері табандарының ізі қалған ұлылар мекені. Солардың бірі – Шыңғыстаудың құтты қойнауының тумасы, шоқтығы биік тұлға, қазақ музыкасының жарық жұлдызы, табиғи талант иесі, дарынды сазгер Бекен Жамақаев,-деді Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ләззат Әлжан, – тек «Махаббат вальсі» ғана емес, «Ертіс вальсі», «Гүлім қайда», «Мереке вальсі», «Сен ғана» сынды тамаша әндердің авторы. Сазгер Бекен Жамақаевты еске алу мақсатында Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жүрегі тұнған ән еді» атты кеш ұйымдастырдық. Бейбітжан апай әрине басты қонағымыз болды.
Алматыда тұратын Бекен ағаның баласы Бақытжан әке мұрасын жинастырып, түрлі-түсті «Махаббат вальсі» атты ән жинағын шығарған екен. Оған сазгердің отыз сегіз әні енгізіліпті. Шоқтығы биік тұлғаның шығармашылығын кейінгі буынға насихаттау, ұмыт қалдырмау мақсатында ұйымдастырылған игі шараның шымылдығын «Ертіс толқындары» әжелер ансамблі «Мереке вальсі» әнімен ашты. Иә, Бекен Жамақаев өзінің дарын мүмкіндігін ел-жұртына түгел таныта алмай өмірден ерте кетті. «Қолжазба суға батпайды, отқа күймейді» деген киелі сөз Бекен Жамақаевтың музыкалық мұралары тағдырына тікелей қатысы бар. Бүгінгі таңда сазгердің артындағы ұрпағы Алматы қаласында аналарымен бірге тұрады.
Ләззат Әлжанның айтуынша, Бекен Жамақаевтың пианиносын сазгердің қарындасы Бейбітжан музей қорына тапсырған екен. Бекен Жұмабекұлының ғұмырлы әндері қазақ ән өнерінің үздік туындылары қатарында болып қала бермек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында халқына адал қызмет еткен ердің есімі еш уақытта ұмытылмасы анық.
-Мен Мұқаметқали ағасының қызымын деп айттым ғой. Бірақ кішкентай кезімнен Бекен ағамның тәрбиесінде болдым,-дейді Бейбітжан Жамақаева. -Бекен ағам өте кішіпейіл, сыпайы, көпшіл, қарапайым адам еді. Балаларға еш уақытта дауысын көтермейтін. Бір қарағаннан сезетінбіз, өзіміздің кінәлі тұсымызды. Барлық аспаптарда ойнайтындықтан үйге келген әртістер, ақындар өлең айтып отырғанда жаттап алатынмын. Қонақтар қайтып кеткенде дереу жүгіріп барып баянға салатынмын. Сөйтіп үйреніп кеттім. Апам ұрсатұғын бұл әйелдің жұмысы емес, ойнама деп. Бәрібір баянды үйреніп алдым. Өз балаларының біреуіне жұқпаған музыка, маған берген Құдайдың дарыны шығар. Қатты сырқаттанып жатып, Бекен ағам: «Бейбітжан, «Махаббат вальсін» ойнашы», деді. Баянды алып, «Махаббат вальсін» ойнап бердім. Өзім ойнап тұрып, терезеге қарап жасымды көрсетпей, жылап тұрдым. Ойнап болған соң бір күрсінді. Шөлі қанғандай болды, ағамның. 21 жасында «Махаббат вальсімен» жарқырап шығып еді, 41 жасында «Махаббат вальсімен» көз жұмды. Ертеңінде қайтыс болды. Содан кейін өзіме сөз бердім. Бекен ағамның атын өшіртпеймін деп, әндерін насихаттап қазірде баянмен айтып жүретінім сондықтан.

Семейліктер Бейбітжанды Бекен Жамақаевтың көзі деп қарсы алып, түрлі шараларға шақырып жатады. Бейбітжан апай да көп тостырмай, баянын арқалап келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын қалалық орталықтындырылған кітапхана жүйесінің «Мерей» клубы аясында Бекен Жамақаевтың туған күніне орай кітапхана қызметкері Жанат Советқызы «Қазақ вальсінің хас шебері» атты әдеби-сазды кеш өткізген-ді. Кешке Бейбітжан Бекен Жамақаевтың баянын әдеттегідей арқалай келіпті. Естеліктер молынан баяндалды. Көзінен жасы төгілген Бейбітжан халқына да, Бекен ағасының замандастарына да риза болды. Кешке Абай ауданының және Семей қаласының құрметті азаматы, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов, сазгер Арғынбек Ахметжанов, Қадыр Досымжанов, «Ертіс толқындары» ән-би ансамблі, Т.Аманов атындағы №16 орта мектептің оқушылары, гуманитарлы-экономикалық, технологиялық колледж студенттері қатысты. Бейбітжан апаймен бірге ақын-жазушы, абайтанушы Мұрат Сұлтанбеков те естелік айтты.
-1950 жылдардың ортасы еді, Мәскеуде өтетін дүниежүзілік 6-шы жастар фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бекен ағамыз бізді басқарып Мәскеуге апарды. Мәскеуде жүргенде байқағаным, ол музыканы, классикалық музыканы білгісі келіп, көп оқуға тырысты. Көп ізденетін. Сол сапардан бастап, ол кісімен бірге жүрдім. Дүниеден қайтқанша, оның қасында болдым. Кейбір шығармаларының мәтінін орысшаға аударып, әндерін орысша да шырқаған кездеріміз болды, – деді ол.
Бір айта кетерлігі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те Бекен Жамақаевты жоғары бағалаған. Бейбітжан апайдың айтуынша, «Махаббат вальсін» әнші Роза Бағлановаға кездескен сайын шырқап беруін өтініп, сүйсіне тыңдаған екен.
Раушан Нұғманбекова
Семей.