Қоғам

«Махаббат құлпы» қайдан шыққан?

«Махаббат құлпы» қайдан шыққан?

Бүгінде «Махаббат құлпы» махаббаттың жаңаша символына айналуда. Мәселен, Өскемендегі Үлбі өзені үстіндегі көпірге «махаббат құлып сияқты берік болсын» деген ниетпен құлып ілу дәстүрі енгені белгілі.
Десе де әр құлыптың жеке бір өзіндік тарихы бар екені даусыз. Дәл осы құлыптарға қарап сан сағаттап үңіліп, сүйсінуге болады. Тіпті, кейбіреулері арнайы жүрек тәрізді жасатып іліп қойыпты. Осыдан-ақ махаббатын құлыппен қорғаушылардың арасында өскемендіктердің көш бастап тұрғанын аңғарасыз.
Құлыпты көпір жақтауына ілгеннен соң, оның кілтін ағып жатқан суға лақтырып жібереді. Егер екі жастың сезімін білдіретін құлыпты ашатын болса, онда екі жастың махаббатына кір келеді деген аңыз бар екен. Бір қарағанда байқала қоймайтын ерекшелік көпірдің үстінен өткен кезде көзге оттай басылады. Сан түрлі тәсілмен әсемделген қарапайым құлыптардың бетінен «Іңкәр+Медғат= Махаббат» деген сияқты жауыр боп кеткен тіркестермен қоса, мағыналы арман, тілектерді де оқуға болады.
Бұл «махаббат құлпының» шығу тарихы бар. Негізі бұл дәстүрдің отаны Флоренция екен. Флоренциялық жастар Понте Веккьо көпіріндегі Бенвенуто Челлини ескерткішіне құлып тағып, кілтін Арно өзеніне тастап жіберетін болған.
Кейіннен бұл дәстүр көптеген елдерде қолданылып, жастар арасында танымал болуына итальяндық Федерико Моччианың 1992 жылы «Аспаннан үш метр жоғары» деп аталатын романымен, одан соң сол роман желісінде түсірілген фильммен байланысты. Ғашықтық жайлы романның басты кейіпкерлері Степ пен Джин Мильвио көпіріндегі үшінші шамның алдына келіп, махаббатқа мәңгі адал болуға бір-біріне ант береді. Сонан соң шамға шынжыр іліп, оған құлып тағады. Ал кілтін Тибр өзеніне лақтырып жібереді. Роман мен фильм танымал болып, «махаббат көпірін» іздеушілер қатары көбейеді. Бірақ темірді көтере алмаған ескі көпірдегі шам 2007 жылы құлап қалған. Бір көпірден жылына 400 келіден аса темірді алып тастауға мәжбүр болып отырған Флоренцияда қала мэрі Леонардо Доменичи «махаббат құлпын» таққандарға 50 евро көлемінде айыппұл салған. Бірақ махаббаттарын мәңгілік етуді мақсат еткен ғашықтарға айыппұл кедергі бола алмапты.
Қазақстанда «Махаббат құлыптарының» суреттеріне арналған арнайы сайт та бар көрінеді. Мұнда құлыптардың суреті сақталады. Кейбір сайттар осындай құлыптарды арнайы жасайды. Интернет-магазин іспетті жасалған ондай сайттардан «махаббат құлпын» бағасы мен әрленуіне қарап таңдауыңызға да болады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button