Қоғам

«Маған бәрінен де Бәйтерек ұнады»

Биыл Ел Тәуелсіздігіне ордалы отыз жыл. Осыған орай облыс мектептерінде “Тәуелсіздік жетістіктері” тақырыбында ашық сабақ өтті. Сынып сағатына облыстағы 647 мемлекеттік және алты жекеменшік мектебінің оқушылары мен педагогтары қатысты.  Өскелең ұрпақ еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері жайлы сөз тарқатты.

Облыс орталығындағы А. Байтұрсынов атындағы №20 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі Гүлім Сейтбекова екінші сынып оқушыларына ашық сабақ өткізді.

– Еліміз үлкен жолды бағындырды. Бірқатар реформа енгізілді. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Сол жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. 1992 жылы Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – егемендігіміздің мызғымас негіздері қабылданды. Келесі жылы айналысқа Тәуелсіздіктің тағы бір атрибуты – ұлттық валюта енгізілді. 1994 жылы елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Кейін ол Астана деп аталды. Аз уақыттың ішінде елорда танымастай өзгерді, – дейді Гүлім Сейтбекова.

Сондай-пқ сабақ барысында  оқушыларға 2011 жылы Қазақстанда өткен VII Қысқы Азия ойындары жайлы айтылды. Спортшыларымыздың жетістріктерін жас өркендер айтып берді. Ашық сабақ барысында балалар ең маңызды және ауқымды іс-шаралардың бірі – халықаралық, мамандандырылған EXPO көрмесін талқылады. Қазақстан ТМД-да көрме өткізген алғашқы мемлекет.

Ашық сабақ соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.

– Маған бұл сабақ өте ұнады. Ұстазымыз еліміздің қалыптасу тарихындағы жетістіктері туралы айтып берді. Білмегенімізді  білдік. Мен елордамыз Нұр-Сұлтанда болдым. Маған бәрінен де Бәйтерек ұнады, – дейді №20 орта мектептің екінші сынып оқушысы Арсен Қалиев.

Жаңа оқу жылында дәстүрлі білім жүйесіне көштік. Осыған орай мектептере мерекеге орай  түрлі іс-шаралар жоспарланған.

 

 

Осы айдарда

Back to top button