Қоғам

Мәжілісмендер сайлауалды бағдарламасының орындалуын талқылады

Тәттімбек Асханұлы

Парламент Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері З. Камасова, И. Панченко, Ә. Рахымжанов Шығыс Қазақстан облыстық және Өскемен қалалық мәслихаттары депутаттарымен кездесті.
Жиында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының іске асырлуы талқыланды.


Шығыс Қазақстан облысында Nur Otan партиясының облыстық, 4 қалалық және 15 аудандық сайлауалды бағдарламаларының жүйелі мониторингі ұйымдастырылды. Жалпы 2021 жылғы өңірлік сайлауалды бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдау бойынша 2021 жылға жоспарланған 1055 іс-шараның 1016-ы (96%) орындалды, 79 іс-шара, яғни 7% орындалу сатысында.
Атап айтқанда, орындалған іс-шаралар шеңберінде Семей қаласында Ядролық медицина орталығы, Риддер қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу цехы, Шемонаиха ауданы Рулиха ауылында сүт фермасы, мульти дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді, Өскемен қаласында 2 балабақша, Жарма ауданы Әуезов кентінде Мәдениет үйі, Көкпекті ауданы Самар ауылында, Алтай ауданының Серебрянка қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды.
– Кеше Ұлан ауданы Қайсенов кентінің тұрғындарымен жүздестім. Кездесу барысында тұрғындар аудан орталығында аурухана мәселесі бар екенін жеткізді. Бұл – өзекті мәселе, тұрғын үйде орналасқан аурухана азаматтар үшін қолайсыздық тудыруда. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасында 2022 жылы қолға алынатыны көрсетілген. Алдағы уақытта осы нысан бойынша жұмыстың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуын өз бақылауымда ұстаймын, – деді мәжілісмен Әмірхан Мұратбекұлы.
Жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облыстық және Өскемен қалалық мәслихаттарының депутаттары өзге де өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, кейбірі бойынша мәжілістік әріптестерінің араласуын сұрады.
Депутаттар сайлауалды бағдарламаның кейбір бағыттары бойынша жүзеге асырылмаған іс-шаралардың бар екенін де атап өтті.
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Nur Otan партиясының “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір” сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының «Экономикалық өсу» бағыты бойынша экспортқа бағдарланған дақылдар (соя, жүгері, рапс) егістерін ұлғайту және Өскемен, Семей қалаларында санитариялық полигондар мен қоқыс өңдеу кешендерін салу бойынша екі тармақ орындалмаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілері бағыты бойынша 10 қала мен 7 ауданда су бұру желілерінің 75,3 шақырымын реконструкциялау бойынша бір тармақ жүзеге аспаған.
– Партияның сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген нақты тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуын біз – депутаттар бақылауда ұстауымыз қажет. Себебі, сайлаушылар алдында уәде бердік. Әр тапсырма қағаз жүзінде емес, іс жүзінде атқарылуы қажет, – деді Зарина Айдарханқызы.

 

Осы айдарда

Back to top button