Қоғам

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын өсті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңір әкімдеріне халық табысын арттыруды тағы да тапсырды. Халық табысының артуы әлеуметтің әлеуметтік жағдайының жақсаруының нақты көрсеткіші екені сөзсіз. Мемлекет басшысы мәдениет саласын дамытуға, осы салада еңбек ететін қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда өңірдегі мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы қандай?

 Жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына сәйкес есептеліп, төленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруды тапсырғаны белгілі. Сөйтіп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысы басқарушы персонал (А блогы) және мәдениеттің негізі персоналы (В блогы) қызметкерлерінің лауазымдық жалақысынан 35 пайыз мөлшерінде қосымша ақы белгілеу есебінен ұлғайтылған.

Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақсы азаматтық қызметшілердің барлық санаттары бойынша, оның ішінде лауазымдық жалақыға 1,23 коэффициентіне есептегенде барлық разрядтағы жұмысшылар бойынша өсіпті.  Бұдан бөлек, Үкімет азаматтық қызметшілердің барлық санаттары бойынша, оның ішінде барлық разрядтағы жұмысшылар бойынша 2023, 2024 және 2025 жылдарға арналған айлық ақыларына тиісінше 1,45, 1,71 және 2,0 коэффициенттерге есептегенде мәдениет саласы қызметкерлерінің жоспарлаған 2023, 2024 және 2025 жылдарға арналған жалақысын арттыруды бекітті.

Осылайша, 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін мәдениет саласы бойынша азаматтық қызметшілердің орташа айлық жалақысы үздіксіз өсуде. Мысалы, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстық деңгейдегі мәдениет саласындағы біліктілігі жоғары (В2-1) (әртістер), 25 жылдан астам еңбек өтілі бар негізгі персоналдың айлық жалақысы артып, 127,2 мың теңгені құраса, ал 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 155, 6 мың теңгені, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 188,9 мың теңгеге жетіпті. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 231,1 мың теңгені құрайды.

Осылайша, театр мен филармония әртістерінің орташа айлық жалақысының өсуі 2019 жылдан 2022 жылға дейін 104, 9 мың теңгені құраған көрінеді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button