Қоғам

Мақаншылықтар кәсіпкерлікке ден қойды

Мақаншылықтар кәсіпкерлікке ден қойды


Мақаншы – аудандағы ірі елді мекеннің бірі. Шаруашылығы дамыған, шекара түбіндегі ауылдың кескін-келбеті жылдан-жылға жаңарып, өсіп-өркендеп келеді.

Округтегі барлық шаруашылық аумағының көлемі – 164 мың гектар. Оның 6 мыңы – егістік, 62 мыңы – жайылым, 1320 гектары – шабындық. 103 шаруа қожалығы бар. Соның бірі – «Сағади» шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт фермасын ашып отыр. Фермаға мемлекет көмегімен 23 миллион теңгеге электр желісі мен қондырғылары қойылды. Өз қаржыларына Ресейден 9 миллионға 48 бас сүтті симменталь сиыры мен 2 аталық әкеліп, мал тұқымын асылдандыруда. Бордақылау алаңы да жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер Ж.Қасымовтың, Б.Масымбаевтың мал сою және жүн қабылдау орны жүйелі жұмыс істеуде. Соның арқасында ауылдағы біраз азамат жұмыспен қамтамасыз етілген.

Округте 166 кәсіпкерлік нысаны бар. Былтыр тағы 3 маркет ашылып, 16 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, елді мекенде 3 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. 7 сауда орнында әлеуметтік бұрыштар ұйымдастырылған. Сенбі сайын өңірдегі ауылдардың қатысуымен Мақаншыда жәрмеңке өтіп тұрады. Былтыр 52 жәрмеңке өтіп, 39 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімі саудаланды.

Ауыл әкімі Советхан Қалиевтің айтуынша, былтыр Найманбай орта мектебінде «Өңірлік даму» бағдарламасы аясында кәріз құбырлары, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде спорт зал терезелері ауыстырылған. Сол сияқты Мақаншы орта мектебінде және ауданаралық ауруханада жөндеу жұмыстары атқарылыпты.

Ауыл әкімінің жанынан құрылған қоғамдық ұйымдар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, саяси шараларды жүзеге асыруға және насихаттауға үлес қосуда. Ардагерлер, аналар, жастар кеңестері және қоғамдық келісім кеңесі ел-жұрттың әлеуметтік жағдайын бақылауда ұстайды.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button