Мақаншыдағы барлық құрылыста қолтаңбасы қалған
Өмірді дұрыстап сүре білсе, артына із қалдырса, тіршіліктің зая кетпегені. Біз бүгін Мақаншы өңіріне құрылысшы ретінде өзінің қолтаңбасын қалдырған, сексен деген жастың сеңгіріне жеткен Сапарқан Тіленов жайында аз-кем мағлұмат бермекшіміз.
Сапарқан Мақаншының Бұғыбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Ақылбайдың жасы 70-ке келгенде көрген жалғыз ұлы. Қанағатшыл қарт 1937 жылдың дүрбелеңінен аман қалып, ұлының тілеуін тілеп, 95 жасында дүниеден өтіпті.
– Мен туғанда әкем қатты қуанғаны сонша, астындағы
жалғыз атын сойып, той жасаған екен. Өзім құтты болыппын. Шешем Зағипа Мұсабекқызы екі жылдан соң Сақыш деген қарындасымды дүниеге әкеліпті. Қазір ол – 78 жаста, Атырау қаласында тұрады. Балалы-шағалы, жоғары санатты дәрігер болып қызмет атқарды, – дейді қарт құрылысшы.
Соғыс басталғанда Сапарқан төрт жарым жастағы бала-тұғын.
Аспанға ұшқан ала құс,
Соғысқа кетті ағамыз.
Кәрі-құртаң, жас бала
Қайтіп адам боламыз, – деп жылаған жесірлердің зарын естіп өсті. Оқуға алғаш сегіз жасында алынады. Бұғыбай ауылындағы едені сыз қамыс мектепте хат таниды. Кейін Бақты ауылындағы жеті жылдық мектепке келеді. Оқумен қатар құрдастарымен бірге егіс даласындағы еңбекке де араласты.
Бақтыдағы жеті жылдық мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Мақаншыдағы жалғыз он жылдық мектепте оқу үшін қазақ мектеп интернатына қабылданған Сапарқан оны да ойдағыдай тәмамдайды. Тұрмыс нашар, 93-тегі әкесі мен зейнет жасына жетпеген шешені бағып-қағу үшін Бақтыда жаңа салынып жатқан, «Восток Заготзерно» деген мекемеге жұмысқа тұрады. Құрылысқа жетекшілік еткен латыш жігіті мұның ептілігін байқап, осы салаға мамандануға кеңес береді. Сөйтіп, Сапарқан Семейдегі азаматтық өндіріс құрылыс техникумының студенті атанды.
1959 жылы наурыз айында осы техникумды бітіріп, өңірдегі құрылыс саласынан дипломы бар жалғыз маман ретінде елге оралды. Мұнымен де шектелмей, 1964 жылы азаматтық құрылыс-инженері деген диплом алып шығады. Алайда, жолдама жас жігітті Қостанайға бөлді. Бір жағынан қарт әке-шешені қимай, жаңадан салынып жатқан «Бақты» совхозына да қалып қоюдың қамына кіріседі. Кеңшар директоры Т.Пинчук жоғарғы жақпен сөйлесіп, оны елде қалдырады. Құрылыс шебері деген атпен жұмысқа кіріскен кейіпкеріміз Бақтыдағы машина-трактор паркі, су құбырлары, тұрғын үйлерді салуға басшылық етті. Бұл еңбегі бағаланып, Мақаншы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жарбұлақ ауылындағы ХХІ партия съезі атындағы колхозға бас прораб болуға сенім артады. Бұл жер бұрынғы «Сталин» колхозының мал жайылым бөлімшесі еді. Орталықтан қашық, халқы аз, жұмыс күші мүлде жетіспейтін. Осылай қиналып жүргенде 1962 жылы көрші елден қандастар ағылады. Мал бағуға да, құрылыс жүргізуге де адам күші жеткілікті болды. Ендігі қолбайлау керекті құрылыс материалдарының жеткізілсіздігі еді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазып, керекті құрылыс материалдары келе бастады. Жақын тұрған Тоқта тауынан құрылыс ағашы дайындалды. Шаруашылық жанданып, төрт түлік мал өз төл есебінен көбейе бастады. Жасы үлкенді сыйлайтын, тыңдайтын, тамаша жастық шақ еді ғой ол кез. Сол Жарбұлақ ауылында тұрып еңбек еткен Кенжебай Қаңтарбаев, Өтеп Оспанов, Шайзада мен Қуаш Абылқасымовтар, Сергей Шелков, Иван Апарин, Турағұл Оспанов, Қойшан ақсақал, Қаратал Кемпіров, Сапарқан Жақиянов, Әмірхан Шыбынтаев, Қамаржан Сәбитов, Бөкіш Тегісбаев, Қабдуали Әзімжанов, Қасымбек Турағалдинов сынды алдыңғы толқын ағалар ақыл-кеңесін қосып, өздері де көмектесіп отырды.
– 1962 жылы ата қонысқа ағылған жұртта есеп болмады. Шекарашыларға Жарбұлаққа барамын,- деген ағайынды топтастырдық. Оларды әкелген соң орналастыру, үй тауып беру оңайға түскен жоқ. Құрылысқа керекті ағаш шебері, сылақшы, тас қалаушы, бетоншы, краншы мамандықтарын үйретіп, игертіп алдық. Құрылыс жұмысына Кәует ата, Оразғали, Сүйінбай, Долда, Қамаржан, Төкен дейтін азаматтар өлшеусіз үлес қосты, – деп еске алады сол көшті.
Ал 1963 жылы ХХІ партия съезі колхозы ақпан айында «Жарбұлақ» қой совхозы деп аталды. Бұрынғыдан жері кеңейді. Қарабұлақ, Ұзынбұлақ, Барлық-Арасанның егіндік алқаптары Жарбұлаққа қосылды. Ол бас болып салғызған сол құрылыстар осы күнге дейін Жарбұлақ ауылының көркін келтіріп тұр.
– Құрылыс-инженері, прораб ретінде осындағы құрылыстарға қолымның ұшы тигенге мақтанамын. Еңбегіміз ескеріліп, аудандық газет «Жас келсе – іске» деген көлемді материал жариялады. Мәскеуге Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, медальмен марапатталдым, – дейді құрылыс саласының ардагері.
1968 жылы С.Тіленовты «Жарбұлақ» совхозынан бөлініп шығып, жаңадан шаңырақ көтерген Қарабұлақ совхозына бас прораб етіп жіберді. Тақыр жерге жаңа совхоз құру оңай болған жоқ. Талай ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті. Қарабұлақ ауылына талай құрылыстар: мектеп, сауда үйі, аурухана, әкімшілік үйі, клуб салынды. Әрине, осының басы-қасында Байман Асқанбаев, Бейсенбай Байзақов, Сабыржан Қырықбаев, Социалистік Еңбек Ері Бектұрған Кенжалов, Хами Көшеков, Баймолда Шолақбаев, Әділқан Базаров сынды азаматтар еңбек көрігін қыздырып, еңбек адамдарын ортақ іске жұмылдыра білді.
Тура қырық жасқа толғанда оны Мақаншы ауылындағы «Арқалды» совхозына бас прораб етіп жіберді. Мұнда да жастар үйі, клуб, монша, кірпіш зауыты, мал бордақылайтын, сиыр сауатын кешендер, тұрғын үйлер көптеп салынды.
Сөз жоқ, құрылысшы-инженер Сапарқан ақсақал бақытты адам. Оның омырауында Мемлекеттік шекараны күзетуге айрықша қосқан үлесі үшін, Қарулы Күштердің 50 және 60 жылдық медальдары, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалі, бесжылдықтың озаты, еңбек ардагері, тыл ардагері, Ұлы Отан соғысының 65 және 70 жылдық мерекелік медальдары жарқырайды. 2007 жылы ақсақалға «Мақаншы ауылының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сапекең сүйікті жары Ағайша екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған жан. Жалғыз ұлынан тараған ұрпақты тәрбиелеуге туған анасы Зағипа Мұсабекқызы өлшеусіз үлес қосты. Екі ұл, алты қыздан 23 немере, 6 шөбере сүйіп, мейірімді ата атанып отыр.
Мұратқазы Саябаев
Мақаншы ауылы,
Үржар ауданы.