Қоғам

Мақаншыдан басталған махаббат жыры

Бір әннің тарихы

Мақаншыдан басталған махаббат жыры

«Кездессең ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек…» деп басталатын «Жас қалам» әнінің күллі Қазақстанға алғаш тарай бастағанына биыл 60 жыл болған екен. Аз уақыт емес. Әннің өзі сөзімен үйлесім тапқаннан ба екен, қазақ жастарының сүйіп айтатын әніне айналған. Алайда, осынау туындыны дүниеге әкелген махаббат жыршысының кім екендігі, әннің кімге арналғандығы жайында талас пен тартыс көп. Мақаншы деп аталатын шағын ауылдан шыққан бұл ән жастардың махаббат жырына айналған.

Ән мәтіні Әйтенге арналған

Мақаншыдан басталған махаббат жыры

(Суретте:Төлеубек Жақыпбайұлы)
«Жас қалам» әнінің сөзін жазған кім екендігі туралы баспасөз беттеріне сан мәрте жарияланды. Соның кейінгі жылдардағысына көз жүгіртсек. Өлең авторы Төлеубек Жақыпбайұлымен 9-10 сыныпта бірге оқыған Марлес Сәмбетбаевтың «Жас қалам» – Қорабайдың емес, Төлеубектің әні» («Жас алаш», 6 сәуір, 2010 жыл), Кәдірбек Кәкімұлының «Махаббат серенадасы – «Жас қаламды» алғаш кім орындаған?» (облыстық «Дидар» газеті, №148, 20 желтоқсан, 2013 жыл). «Алғашқы махаббатқа тарту – «Жас қалам» қалай туды?» (Марлес Сәмбетбаев, облыстық «Дидар» газеті, №67, 7 маусым, 2014 жыл), «Бір әннің тағдыры» (Ғалым Тыныбаев, «Егемен Қазақстан», 22 мамыр, 2010 жыл) атты мақалалары оқырманды ойға жетелейтіні рас. Сондай-ақ, бұл әннің шығу тарихы туралы белгілі ақындар Оразақын Асқар мен Қажытай Ілиясұлы да қалам тербеген. Біз де әннің шығу мезгілі, сөзінің жазылу тарихы хақында біршама зерттеп көрдік. Төлеубек Жақыпбайұлымен жас шағында бірге жүрген, осы әннің шығуына куәгерлер – ақын Жабайыл Бейсенмен және Марлес Сәмбетбаев ақсақалдармен сұхбаттастық:
– Біз Төлеубек ақынмен Шәуешек гимназиясында бірге оқыдық, – дейді «Ауылым» әнінің сөзін жазған ақын, жасы 80-нен асқан Жабайыл Бейсен, – Қытайдағы жер реформасына байланысты помещиктердің жерін тартып алу деген орында отряд бастығы болып қызмет етіп жүрген Төлеубек Жақыпбайұлы жоғары оқу орнына түсу үшін Шәуешек гимназиясының 10 сыныбына келді. Мен 8, Аманжан Жақыпов деген тағы бір ақын досымыз 9 сыныпта оқыды. Үшеумізді табыстырған поэзия десем де болады. Бірге жүріп, бірге тұрдық. Төкең аса талантты бірақ мінезі ұрт, жақпаған адамымен шартпа-шұрт айтыса кететін шатақ адам еді. Шәуешек гимназиясында қазақ, татар, өзбек, ұйғыр т.б. ұлттардың ұл-қыздары дәріс алатынбыз. Етек-жеңімізді жиып бозбала болып қалған біздерді қалада өскен қыздар қырдан келген деп қорашсынатыны рас. «Жауқанбай» деп менсініңкіремей, маңайына жолатпайды. Үстіміздегі сырма шапан, басымыздағы елтірі тымақ шынында да сөкеттеу көрінетін болу керек. Аманжан, Төлеубек үшеуіміз бірігіп, қайтсек те сол қыздардың мысын басамыз деп, оларға сықақтап «Сыр-дәптер» деген арнау өлең жазып тараттық. Сол басымызға бәле болып жабысты. Ұлтараздықты қоздырыппыз… қойшы әйтеуір, оқудан шығып, үш аймақта ешқандай оқуға алынбасын деген тұжырым алған біздер енді әділеттік іздеп Үрімжі қаласына бардық. Бірер күннен кейін Аманжан Шәуешектегі жалғыз шешесіне алаңдап, қайтып кетті де, Төлеубек екеуіміз Шыңжаң институтының сурет факультетіне тапсырдық, қытайдың бұйрабас шақайын айқастырып қойып, суретін салғызды, өттік. Жатқанымыз Үрімжідегі Янхань көшесінің бас жағындағы жазушы Қажығұмар Шабдановтың үйі, жеңгеміз сол тұста түсіріліп жатқан «Хасен-Жәмила» көркем фильмінің эпизодында ойнайтындықтан, түсіру алаңында, Шанхайда. Қажекең «Шұғыла» журналының редакторының орынбасары. Біздің өлеңдерімізді кезексіз басып, қаламақыға қарық қылып тастайды. Алайда, бұл тірлігіміз де шолақ болды, жергілікті билік құрығынан көп ұзай алмадық, екі-үш айдан кейін артымыздан қағаз келіп, оқудан тағы шығарылдық. Төлеубектің менен 5-6 жас үлкендігі бар, ал менің сол тұста 20-ға да толмаған жас кезім ғой. Арындап өлең жазамыз. Кешкілік жазған өлеңдерімізді оқимыз, серуен құрып бір уақ қыздарға қырындаймыз. Менің жарым болған Бәукен марқұмның мектепте бірге оқыған сабақтасы Әйтен деген қызға (кейбір жарияланымдарда өлең Розалия деген қызға арналған деген жаңсақ пікір бар) Төкең қатты ғашық болып өлең арнады. Шыңжаң институтының химия факультетінің 2-курс студенті Әйтен шынында өзінен көп ересектеу Төлеубекті маңына жуыта қоймады. Бұған Төкең қатты қайғырып махаббат жырын жазды. Жас жігіттің жүрегінен шыққан махаббат серенадасы былай болатын:
Кездессең ұрлана қараймын,
Асаудай тулайды жас жүрек.
Мен сені жаныма балаймын,
Сен үшін менде бар бір тілек…
…Ұтылып мезгілден қалсам кеш
Байламын тағдырдың өзің шеш.
Ләйліден айырылған Мәжнүндей
Дәл қазір менде жоқ ақыл-ес, – деп жалғасып кете береді. Ал осы шумақтың бастапқы екі жолы кейін Мақаншыға келген соң «Есімде сол күнгі сауық кеш, Ләззаттың тағдырын өзің шеш» болып өзгерді. Бұған сол тұстағы ортаның да өз әсері болғаны анық. Дегенмен, қанша жүрек лүпілін білдіргенімен, Әйтен оған жылы қабақ таныта қоймағаны рас. Шынын айтқанда, жүріп жүрген жігіті бар қыз Төлеубекті кәрісінді. Үшеуіміз қыстыңгүні қылаулап қар жауып тұрған сәтте жаяулап қыдырып жүрсек, Әйтен Төкеңнен қашып менің ана жағыма, мына жағыма бір шығып әбден есі шығатын. Содан барып, өлеңдегі:
…Оны зор мені қор санасаң
Мейірімсіз соққыңнан күйредім, – деген жолдар туды. Шындығында сол кезде Әйтеннің сүйген ғашығы Алтай жағының тумасы, өзімен бір топта, химия факультетінде оқитын жігіт болатын. Төкеңнің мінезі албырт: қуанса да, қайғырса да лып етіп бетіне шығады, ішінде ешнәрсе жасырмайды. Сондықтан да басынан өткен махаббат хикаясын айтудан жалықпайды. «Сең соққан балықтай болып қалдым. Әйтенге деген махаббатым күннен-күнге өршіп барады. Осыны қалай деп, қандай сөздермен жеткізсем?» деп ортаға сауал тастайды. Сол тұста Қуандық Шаңғытбаевтың аударуымен қазақша «Ләйлі-Мәжнүн» хикаясының жарық көріп, кітап қолдан-қолға өтіп тұрған кезі болатын. «Шын қиналсаң, Ләйліден айырылған Мәжнүндей болған екенсің, Төке…» деген менің сөзімнен кейін алтын тапқан адамша қуанды. «Міне, міне! Ләйліден айырылған Мәжнүн! деп жазамын» деп қаламына жармасқан. Кейін мәтінде сол сөздер өлең жолдары болып өрілді…

Ал әннің сазы кімдікі?

Мақаншыдан басталған махаббат жыры

(Суретте:Бірінші қатар солдан оңға Адам Мекебаев, Төлеубек Жақыпбайұлы. Екінші қатарда: …., Қабдеш Жұмәділов)
Өлең Төлеубек Жақыпбайұлыныкі, оған сөз жоқ. Мұны бүгінде жасы 80-ді алқымдап қалған Үржар ауданының Келдімұрат ауылында тұратын Марлес Сәмбетбаев ағамыз да қуаттап отыр. Жарбұлақтағы сегізжылдық мектептен соң Мақаншы мектебінде Төлеубек Жақыпбаевпен бірге оқығанын айтады:
– Қазір ақпарат құралдарында бұл әнді Қорабай Есенов жазған деген пікір қалыптасып қалыпты. Бұл өте жаңсақ пікір. Төкең сол тұста жиырманың жуан ішіндегі сақа жігіт болса да 9-10 сыныптарды бізбен оқыды. Төлеубек пен Уақап деген жігіт екеуі интернатта бірге тұрды. Кешкілік Мақаншы көшесіне шығып қыдырып ән саламыз. Орыстың «Сорвала я цветок полевой» деп басталатын әнін жамырай айтамыз. Бір күні арт жағымызда өзімен-өзі келе жатқан Төлеубек: «Әй, осы сендер неге «сары бала, сары бала» («Сорвала… »)деп орысша айтасыңдар. Осыған мен қазақша мәтін жазып берсем, айтасыңдар ма?» деді. «Әрине! Айтамыз, Төке! Жазып беріңіз…» деп шу ете қалдық. Ертең осы жерде кездесейік. Әннің қазақшасы дайын болады» деді Төлеубек. Шынында да ертесіне ол әкелген мәтінді біз көшіріп алып, жаттай бастадық. Міне, бүкіл қазақ жастарының махаббат жырына айналған әннің мәтіні осылай туған еді. Қазір ойлап отырсам, ол осыған дейін жүрегін жаралаған жанға арнаған дайын мәтінді ұсынған екен. Әннің сөзін жазған Төлеубек. Бұған еш талас болмауы керек. Осының бәрін көзімізбен көрген Жабайыл Бейсен екеуіміздің көзіміз тірі. Сондықтан құрметті ағайын, бұған еш талас болмауы керек деймін. Осылайша махаббат әні Мақаншыда шырқала бастады.
Ал белгілі сатирик, ақын Қажытай Ілиясұлы марқұм көзінің тірісінде аталмыш ән туралы пікірін айтып кеткен болатын:
– 1956 жылы бұл әнді Алматыда Төлеубектің сөзімен жазушы Шәрбану Құмарова бастаған, Аманжан Жақыпов, Қабдеш Жұмаділов қостаған, студенттер қауымы шырқап жүргенде Қорабай Есенов сегіз жастағы бала екен. 1958 жылы «Жас қалам» әні Қытай қазақтарына тарағанда, Қорабай он жаста ғой. Тіпті ондағы қазақ интелигенттері ғана емес, қазақша білетін маңғұлдар мен дүңген, сібелер де айтатын. Сол жылдары Қашқария, Хотан жағынан келген ұйғыр қыздар да «Сән маңға ыстықсәң башқадан» деп әуенін созғанда бір-бірімізге қарап, күлетінбіз. Өз басым «Жас қаламды» Үрімжіде, Шәуешекте болған сауық кештерде, той-домалақта үнемі айтып жүрдім…
Ия, әннің қысқаша шығу тарихы осылай болған деп мақалаға осымен нүкте қойса да болар еді. Алайда, 2010 жылғы 22 мамыр күні Ғалым Тыныбаев ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Бір әннің тарихы» деген мақаласы назар аудартпай қоймады. «Жылағанның алдынан бақырған шығады» дегендей Ғалым ағамыз Төлеубек Жақыпбайұлы сөзін жазған бұл әннің музыкасын Төлеубекке «беріп» мәтінін өзі «жазған» болып шығыпты. Мақалада ол Үрімжіде «Шұғыла» журналының редакциясына Төлеубектің өлеңді алып келгенін, оны Қажығұмар Шабдановтың «Арайлым» деген атпен жариялағанын айтады. Алайда, 1955 жылы өлең мәтіні жарияланған «Шұғыланың» қай саны екендігін айтуды «ұмытыпты». Тағы бірнеше сауалдардың басы қылтияды. Бұл әннің сөзін шынымен Ғалым Тыныбаев жазса, ұзақ жылдардан бері көкпарға түсіп келе жатқан әннің тағдыры оны неге алаңдатпаған? Ғалекең осы уақытқа дейін неге үндемей келген? Мұның өзі бақилық болған Төлеубек Жақыпбайұлының аруағы алдында ұят нәрсе екен демеске лажың жоқ.

Бұл туынды Қорабайдың қоржынына қалай түсті?

Мақаншыдан басталған махаббат жыры

(Суретте: Төлеубектің достары Марлес Сәмбетбаев пен Жабайыл Бейсен)

Осылайша көзінің тірісінде екі қоғамдық формацияның әділетсіздігінен қағажу көріп, шөміштен қағылған талант иесінің тағдыры жер қойнына енген соң да өз бағасын ала алмады. Иесіз қалған әсем әуен мен өлең жолдары өнерден хабары бар кейбір жандардың қызығушылығын тудырғаны рас. Айтпайын десең сөздің атасы өледі. Былайша айтқанда «Иесіз кө..і ит жалайдының» кебі. Ал осы уақытқа дейін тынбай айтып келе жатқан әнші Қорабай Есенов «Жас қалам» әнін өзіне меншіктесе, Ғалым Тыныбаев ағамыз да қолдан тарих жасап, әннің сөзін өзі жазғанын айтады. Әннің Қорабай Есеновке таңылуы жайында Қажытай ағамыз дұрыс талдау жасапты. «…Мен Төлеубек мәтінінің ат жоқ, жөн жоқ Қорабайға таңылу себебін зерттедім. Ми ашытатын онша бір қиындық жоқ екен, біреуді-біреу терең ұғынбаудан болған шаруа көрінеді. Өйткені, Төлеубек, Қабдеш 1962 жылы КазГУ-дегі оқуын қайта жалғастырғанда кәдімгі Төлен Әбдіков, Иген Хасенов, Дүйсенбек Қанатбаевпен бірге оқыған ғой. Арада бірер жыл өткен соң, Төлеубек сырттайғы бөлімге ауысып, Жамбыл облыстық газетіне жұмысқа тұрады да, Қабдеш жоғарыдағы азаматтармен бірге оқуын 1965 жылы күндізгі бөлімде оқып бітіреді. Қабдеш «Қазақ әдебиеті» газетіне, Иген Хасенов Республикалық Халық творчествосы үйіне, Дүйсенбек Қанатбаев қазақ радио-телевидениесіне қызметке бөлінеді. Иген Хасенов екі-үш ай қызмет істеп, орныға бастаған кезінде Жаңарқадан гитарасын көтеріп, ауылдасы Қорабай Есенов келеді. Тыныс-тіршілігі бір жерде өткен екі өнерпаз шүйіркелесіп, Қорабай Есенов «Жас қалам» деген әнді айтады. Шынын айтқанда, ән кімдікі, сөз кімдікі екенін олар да білмейді. Бірақ қолы қысқа студенттік өмірден енді ғана құтылғандықтан, Қо¬рабайға тиын-тебен болсын деген ниетпен құжатқа (репартишкаға) оның аты-жөнін жаза салады. Болған-біткені осы. «Жас қалам» әні сол дақпыртпен қырық жыл бойы Қорабай қанжығасында келе жатыр».
– Шынын айтқанда Ғ.Тыныбаевтың мақаласындағы өрескел қателіктер адамның ашу-ызасын тудырады, – дейді Үрімжіде сол «Шұғыла» журналының редакторының үйінде Төлеубекпен бірге тұрған досы Жабайыл Бейсен ақсақал, – Біріншіден, Ғалым бауырымыздың өлең жазатыны ол тұста бізге беймәлім болатын. Екіншіден, бұларды табыстырып жүрген Қажығұмар Шабданов Төкеңді өте жақсы біледі, оның шығармашылығынан хабардар жан еді. Тіпті, Төлеубек тек өлең жазатын ақын болатын. Ал біз сөзін Төлеубек Жақыпбайұлы жазған әннің түп төркінінде композитор Б.Мокроусовтың «Назначай поскорее свидание» деп аталатын әні жатқанын айтқымыз келеді. Сөзін жазған С.Смирнов.
Рас, біз өнер зерттеушісі емеспіз. Алайда, «Жас қалам» әні «Назначай поскорее свидание» әнімен толық үндесіп тұр. Бұл кез келген қарапайым ауыл баласына белгілі жайт. «Кездессең ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек» болмаса:
Сорвала я цветок полевой,
Приколола на кофточку белую.
Ожидаю свиданья с тобой,
Только первого шага не сделаю, – деп әндете бастағаннан-ақ екі ән әуенінің өте ұқсас екендігі бірден байқалады. Өнерде шекара жоқ. Осыдан 60 жыл бұрын жұрт арасында қазақшасы кеңінен тарап айтыла бастаған әннің тарихы осылай. Сөйткен қайран талант иесі 1977 жылы мамыр айында әлдекімдердің қолынан қаза тапты. Бұл туралы оның достарының бірі Қажытай Ілиясұлы: «…Төлеубек кітабының қолжазбасын баспаға өткізіп, берілетін қаламақыны тоспай, Қабдеш екеуіміз баспасөз комитетінің бас редакциясында қызмет істеп жүрген кезімізде, тура түсте сыртқы есіктің алдында айқаса кетті. Жанында жас мөлшері өзі тұстас Свет Оразаев деген ақын бар. «Осылай да осылай Шымкент, Ташкент жаққа барамын. Соған ақшам сәл жетіңкіремей тұр. Қалталарыңды қараңдар! Маған қалай да бүгін керек», – деді қадалып. Менің қалтамда отыз сегіз сом бар екен. Шетінен үйге қайтатын тиынымды алып, қолына ұстата бердім. Қабдештің қалтасынан сексен бірдеңе сом шықты. Айтуына қарағанда, бір айдың ішінде қайтып келетін болды. Кейін білсек, сол бетінде Төкең Шымкентке бара алмай, Алматыдағы Емелев көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында мәңгіге көз жұмған екен. Баспамен шартқа отырғанда, марқұм менің мекенжайым мен үй телефонымды жаздырған көрінеді. «Қаламақысын алсын» деп баспадағылар үйіме хабарлағанда, Төлеубекті іздеп, шарқ ұрғанымыз бар. Қабдештен бастап, барады-ау деген үйлерге түгел телефондап шықтым. Ешкім білмейді. Сөйтсек, о дүниеге әлдеқашан аттанып кеткен екен ғой марқұм!» деген еді («Қайран, Төкем-ай» эссесі).
Әннің Қорабай Есеновке қалай таңылғаны жайында оның өзімен хабарласқанымызда былай деді:
– Жалпы, менің ешқандай да музыкалық білімім жоқ адаммын. Целиноградтың ауылшаруашылық институтында оқып жүрген кезімде Николай Литовченко деген студентпен жатақханада бірге тұрдық. Әскерге барып келген сақа жігіт гитараның құлағында ойнайды екен. Менің сұрауым бойынша әлгі Коля бірер аккордтарды үйретті. Сол күні-ақ жеті ішекті аспаптың құлақ күйін бұрауды үйреніп алдым. Бұрын мұндай аспапты көп қолыма ұстап көрмеген маған гитара керемет ұнады. Бірде Омбы қаласының студенттері мен біздің оқу орынның арасында КТК (көңілді тапқыштар клубы) болып жатты. Ойын ортасынан ауған кезде біздің деканымыз «Ойбай, Қорабай, сен құтқармасаң болмайды. Қолыңа гитараңды алып бір ән салып бер. Мыналар бізді жеңуге айналды!» деп шыр-пыры шыққасын «Где-то вдали корабли» деген әнді орындап беріп едім, құдай сақтасын, зал жарылуға шақ қалды. Жалпы, өзі менің орысшам да ол кезде тым нашар болатын. Қойшы, сол күннен бастап менің атағым шыға бастады. Бірер күннен кейін деканым Алматыдан белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің телефон шалып жатқанын, жайы келсе консерваторияға алғысы келетінін айтты. Каникулға барғанда әкеме айтып едім: «Балам, қазақ «Нар баласы бақырмас» деген. Осы ауыл шаруашылығы институтын бітір, оны қайтесің…» деген соң ешқайда бармадым. Екінші курста оқып жүрген кезімде бір жігіт «Жас қалам» деген әннің мәтінін әкеліп берді. Өзі ептеп ыңылдап әуенін де айтты. Содан гитарамды тыңқылдатып отырып, жаңағы әнді салып көрдім, орысша әннің де әуеніне келетіндей. Өзімнің «Қоштасу» деген әнім бар ғой, соған да ұқсайтындай… Сонымен, сол күннен бастап, бұл ән менің репертуарыма енді. Шынын айту керек, «Жас қалам» әні менікі емес. Бірдебір әйел келіп, бұл ән өзінің марқұм күйеуінікі екенін, әнді менің меншіктемеуімді айтты. Мен азарда безер болып әнді менің мүлде меншіктеу ойымда жоқ екенін айтып, менің әнім емес деп нотариус арқылы қол қойып бердім. Ол кім, кімнің мұрагері білмеймін, – дейді белгілі әнші, композитор Қорабай Есенов.
Ал ақын, драматург, жазушы, сатирик Төлеубек Жақыпбайұлының артында халық сүйіп айтатын бұл әннен басқа бірнеше повестері, драматургиясы, поэмалары мен ертегілері, сатиралары мен әңгімелері қалды. «Шытырманнан шыңға», «Мен қалай түзелдім?», «Қыран туралы хикая», «Лашын», «Саяхат» т.б. туындылары тағдыры тауқыметті Төлеубектей ақынның, Төлеубектей жазушының қарым-қабілетін анықтап, оның есімін ешқашан өшіре алмайды.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button